Медицинадағы ең күрделі саланың бірі – нейрохирургия. Еліміздегі Ұлттық хирургия орталығының құрылғанына да 12 жылдай болды. Осы жылдар ішінде орталық қаншама жанның өміріне араша болып, аман алып қалды. Жылына орта есеппен кем дегенде 700-800 ота жасалады. Бұл – білікті дәрігерлердің күн-түн демей еңбек етуінің арқасы. Бүгінге дейін орталықтан 49 мың науқас ем қабылдап, 39 мыңға жуық ота жасалған екен. Бұл туралы нейрохирург, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері Серік Қуандықұлы әңгімелеп берді.
– Қазақстан медицинасының ең үздік жетістігі қандай? – Жалпы, кез келген мемлекет медицинасының алдында шешімін талап ететін көптеген мәселелер бар, оның ішінде халыққа қолжетімді сапалы медицина қызметін қамтамасыз ету, жаңа салалар мен технологияларды енгізу, кадрлар дайындау және тағы да басқалар. Жаңа салалар тарапынан қарастыратын болсақ, Қазақстанда Елбасының «Болашақтың госпиталі» идеясының аясында дамуы қолға алынған нейрохирургия, кардиохирургия деген сияқты медицина бағыттарының айтарлықтай жетістіктері көп. Нейрохирургия – медицинаның ең күрделі салаларының бірі, себебі ол адамның орталық жүйке жүйесінің, жұлынның және перифериялық жүйке жүйесінің, қан тамырларының патологияларын айқындаумен және емдеумен айналысады. Яғни, бұл дәрігерден жоғары біліктілікті, нақтылықты, жауапкершілікті талап етеді. Нейрохирургтің ота жасау кезіндегі әрбір қимылы, бір артық не кем жасалған әрекеті науқастың кейін толыққанды қимылдауына, жүріс-тұрысына, ойлау не сөйлеу қызметіне әсерін тигізуі мүмкін. Кейбір күрделі жағдайларда жалпы адам өмірінің өзі нейрохирургтің қолында болатынын айтудың да қажеті жоқ шығар. Оған қоса, нейрохирургия үлкен қаражатты, жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды қажет етеді. Сондықтан нейрохирургияның дамуы мемлекет дамуының бір көрінісі десе де болады. Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына биыл 12 жыл болды. Осы уақыт ішінде Қазақстан нейрохирургиясы дүниежүзілік нейрохирургиялық қоғаммен терезесін теңестіре білді. Елімізде бұрын жасалмаған 68 жаңа технология енгізілді, микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық, тамырлы нейрохирургия деген сияқты бағыттар ашылды. Халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралар өткізіліп, Қазақстан Орталық Азия аумағы үшін нейрохирургиялық білім беру алаңына айналды. Мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі аккредитациялардан өттік, медицина қызметінің сапасы, ғылыми жетістіктер үшін марапаттарға ие болдық. Мұның бәрі нейрохирургия саласының ғана емес, Қазақстан медицинасының да дамуын көрсетеді. – Пандемия медицина саласына да кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Қаншама дәрігер дерттен көз жұмды. Дәрігерлерді даярлау ісін жолға қою керек секілді. Қазір қоғамда қандай мамандарға сұраныс жоғары? –Әрине, бұл індеттен көптеген адамның, соның ішінде дәрігерлердің де көз жұмғаны рас. Бұл барша әлем үшін үлкен сынақ болып отыр. Бірақ мамандықтарды бөліп-жарудың өзі қиын, себебі әр дәрігердің, әр мамандықтың медицина жүйесінде өз орны бар. Бір саладағы өзгерістер, кемшіліктер мен қиындықтар басқа салаларға да әсер етпей қоймайды. Мысалы, індет кезіндегі карантин шаралары медицина орталықтарындағы стационарлық науқастардың санына қатты ықпал етті. Бұл тек біздің орталықта ғана болған жағдай емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес індет кезінде кез келген мемлекеттің күші инфекциялық ауруларды азайту мен эпидемиялық жағдайды реттеуге жұмсалады да, басқа медицина салалары үшін қызмет көрсету қиындай түседі. Медицина орталықтары қызмет түрлерін қысқартуға, науқастарды қабылдауды кейінге қалтыруға, тек шұғыл емді қажет ететіндерді ғана қабылдауға мәжбүр болады. Сол себепті ең бастысы, дәрігерлеріміздің біліктілігін арттыру керек. Бұл індет қоғамдағы дәрігердің орнын ерекше айқындап, білікті дәрігерлердің қажеттілігін баса көрсетіп берді. Дәрігерлерді даярлауға өте жақсы көңіл бөлу керек. Білікті мамандарды даярлау, олардың білімін шыңдау – бұл үздіксіз жүйелі түрде жүргізіліп отыратын жұмыс. Әлем күн сайын өзгеріп дамиды, бүгінгі жоғары технологиялар ертең қарапайым күнделікті әдіс болып қалуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер білімін шыңдап, жаңа технологияларды игеруі тиіс. Және біз дәрігерлерді осы дайындықпен қамтамасыз етуіміз қажет. Біздің орталықта қазір біз, мысал үшін, мамандарды топпен оқуға жіберуді қолға алып отырмыз, яғни нейрохирург-дәрігерлер, мейіргерлер мен анестезиологтарды бірге жібереміз. Бұл топтың жұмысынан барынша жоғары нәтиже мен сапаны көруге мүмкіндік береді. – Соңғы кездері жүйке жүйесінің әртүрлі аурулары бар балалардың саны артып келеді. Оларға қандай кешенді ем қолданылады? – Шынын айту керек, жүйке жүйесінің аурулары бар балалардың саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл аурулармен әртүрлі дәрігер-мамандар айналысады. Оның ішінде біздің орталыққа эпилепсиямен, құрысумен жүгінетіндердің саны өте көп. Жалпы, эпилепсияның этиологиясы ауқымды, яғни пайда болу себептері өте көп. Бұл, біріншіден, аналардың жүктілікке дейінгі және жүктілік кезіндегі денсаулығына байланысты, баланың қалыптасу кезінде пайда болады. Мұндай жағдайларда құрысулар бала өмірінің бірінші жылында көрінуі мүмкін. Немесе баланың кішкентай бір жасқа толмаған кезінде жиі ауруынан, вирустар мен инфекцияларға шалдығуынан баланың дамуы кешеуілдеп, одан әрі ошақтардың пайда болуына алып келіп, жасөспірім кезінде ұстамалары пайда болуы мүмкін. Тағы да басқа себептер жетерлік. Этиологиясына қарай аурудың белгілері де, оларды емдеу шаралары да әртүрлі болады. Ең алдымен, балаларды дәрілік жолмен емдейді. Ұстамалар мен құрысуларды дәрілерді қолдану арқылы реттеу мүмкін болатын кезеңде осы әдіс қолданылады. Егер дәрілерді қолдану көмегін бере алмаса немесе оның тиімділігі төмендесе, хирургиялық ем қарастырылады. Біздің орталықта эпилепсияны отамен емдеу жолдары 2011 жылдан бастап қолға алынды. Сол кезден бері орталықта 250-ден астам ота жасалған, соның 70%-дан астамы балаларға жасалды. Әрине, ота жасамас бұрын, науқас көптеген тексеруден, диагностикадан, хирургияға дейінгі дайындық кезеңдерінен өтеді. Егер барлық көрсеткіш қалпында болса, хирургиялық әдіс таңдалады. Хирургияның да бірнеше жолын таңдауға болады: резекция жолы бар, гемисферэктомия, кезбе жүйкені стимуляциялау жолдары бар. Ол эпилепсияның пайда болу себебіне, түріне және тағы да басқа себептерге байланысты өзгеруі мүмкін. Отадан кейін балаларды одан әрі бақылау, дәрілік жолмен емдеу жалғасады. Және нәтижелер жақсы, оталардан кейін науқастардың ұстамалары мен құрысулары тоқтайды. Біз бірнеше жыл бұрын ота жасаған науқастардың кейбіреулері тіпті дәрілерді қолдануын тоқтатып, толығымен аурудан айығып шыққан. Әрине, бұл аурудың этиологиясына, хирургиялық ем тактикасына байланысты болады, бірақ қазіргі кезде елімізде эпилепсияны емдеудің деңгейі жоғары. – Ми ісігі алдыңғы қатарда тұр. Оның алдын алу үшін не істеу керек? – Ми ісігіне шалдығудың көрсеткіштері жалпы әлем бойынша жоғары екені рас. Біздің орталықтағы орталық жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінде жылына орта есеппен ми ісігіне қатысты 700-800 ота жасалады. Жалпы, ісік көбіне асқынған кезеңінде ғана айқын байқала бастайды. Сол себепті қазір онкологиялық скринингтер бар. Ол онкологиялық ауруларды бастапқы кезеңдерінде анықтауға мүмкіндік береді. Онкологияның алдын алу үшін, ең бастысы, салауатты өмір салтын ұстану керек, уақытылы дәрігерлерге қаралып, скринингтерден өту қажет. Емханалардағы жалпы дәрігерлердің онкологиялық ауруларды анықтаудағы қырағылығын арттыру өте маңызды. – Ұлттық нейрохирургия орталығында мамандар жеткілікті ме? – Жалпы, біз клиникалық тәжірибені, ғылым мен білімді интеграциялау қағидасын ұстанамыз. Бұл үшеуін біріктіру орталық алдында тұрған басты міндеттерді заманауи дәрежеде және барынша тиімді түрде орындауға, яғни науқастарға сапалы, жоғары технологиялық, уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ұлттық нейрохирургия орталығында қазір 90 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде 3 медицина ғылымдарының докторы, 17 медицина ғылымдарының кандидаты, 7 PhD докторы бар. Оған қоса, орталықта білім беру және ғылым бөлімдері, 2019 жылдан бастап Нейрохирургия және неврология кафедрасы жұмыс істейді, «Қазақстан нейрохирургиясы және неврологиясы» ғылыми журналы шығарылады. Біз білікті мамандарды даярлауға, олардың білімін шыңдауға көп көңіл бөлеміз. Нейрохирургия және неврология мамандықтары бойынша резидентура бағдарламасымен мамандарды оқытамыз. Қазіргі таңда 47 резидент оқуын тәмамдап, 28-і оқуын жалғастыруда. Болашақта магистратура мен докторантура ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде санға емес, сапаға көңіл бөлу маңызды. Мамандарымыздың білімін арттыра отырып, біз қызметіміздің сапасын жоғарылатамыз. – Бұл орталықта жылына қанша ота жасалады? – Ұлттық нейрохирургия орталығында жүйке жүйесінің аса күрделі патологиялары бар науқастарға жылына 3 000-нан астам ота жасалады және бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. 4 000-нан астам науқас орталық мамандарынан жоғары дәрежелі нейрохирургиялық көмек алады. Жалпы, орталығымыз ашылғаннан бері 49 мыңнан астам науқас ем алып, 32 мыңнан астам ота жасалған. – Қазір ауруына ем іздеп, шетелге ағылатындар өте көп. Қазақстанның медицинасы қауқарсыз ба? Біздің елімізге шетелден келіп, ем алатындар бар ма? – Ұлттық нейрохирургия орталығы ашылғанға дейін нейрохирургиялық патологиясы бар науқастардың 80%-ы шетелге барып емделуге немесе ауруының ауыртпалығына көнуіне тура келетін еді. Қазір мұндай емді, оталарды біздің орталықта алуға болады. Орталықта жасалатын емнің бәрі қазақстандықтар үшін тегін. Жоғары технологиялық ем Денсаулық сақтау министрлігі бөлетін республикалық қаражат есебінен төленеді. Шетелден әдейі келіп, біздің орталықта ем алатындар да бар. Көбіне бұл жақын жатқан елдер – Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстаннан келетін науқастар. Бұдан басқа Түркия, Әзербайжан, Албания, Украина, Грузия, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Нигерия, Канада, Беларусь, Косова, Қытай, Ливия, Египет, Ингушетия, Қарақалпақстан және басқа да ел азаматтары, жалпы 300-ден астам шетелдік науқас біздің орталықта ем алған. Бұл жерде айта кететін маңызды жағдай, медицина шекарасыз болуы керек. Егер біз шетелдік азаматтарды емделуге шақырсақ, біздің елден де азаматтардың шетелге ем алу үшін баруы заңды құбылыс. Бұл да қарым-қатынастың бір түрі, ол біржақты бола алмайды. Біз де дамыған шетелдік медицина орталықтарымен қарым-қатынас орнатамыз, серіктестіктеміз, қажет болса, консультациялар жасаймыз. Ол да оқу, сол арқылы өсеміз. Одан қорықпау керек. Егер белгілі бір ем мен оталарды біздің елімізде алу мүмкін болмаса, шетелге шығуға болады. Мұндай жағдайларда мемлекет тарапынан қолдау бар. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанында елімізде жасалына алмайтын жағдайлар бойынша шетелге емделуге жіберуді қарастыратын арнайы комиссия да бар. Егер шетелге осы жолмен барса, сол азаматтар кейін елімізде де дәрігерлердің бақылауында болып, емін жалғастырады. Ал егер бұл ақпараттың жеткіліксіздігінен, халықтың білместігінен, отандық медицинаға сенімсіздіктен болса, бұл басқа жағдай. Қазір көптеген қайырымдылық қоры арқылы қаражат жинап, шетелге кететіндер көп. Бұл жерде коммерциялық ойдың болатынын ұмытпаған жөн. Ол емнің нәтижесі қалай болатыны белгісіз, науқастардың болашақ тағдыры үшін де ешкім жауап бермейді. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, халыққа отандық медицинаның мүмкіндіктері жайлы көбірек айту керек. Бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан медицина саласына қолдау көрсету, ақпаратты тарату, халыққа түсіндіру бойынша жұмыс істеу қажет. – Әңгімеңізге рақмет!Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС