«Алты гол соққанымда да әкем риза болған жоқ!». Аңыз футболшы алғаш рет бар шындығын жайып салды
«Алты гол соққанымда да әкем риза болған жоқ!». Аңыз футболшы алғаш рет бар шындығын жайып салды
5,173
оқылды

Басқа елге барып ойнау – сені дамытатын бірден бір мүмкіндік

Футболдан Франция құрамасының және «Арсенал», «Ювентус» клубтарының аңыз футболшысына айналған Тьерри Анри футболға қалай келгенін, мықты ойыншы болуға әкесінің тигізген ықпалын айтты.

«Мені алғаш рет футболға әкем алып келді. Ол кезде Парижға жақын маңда тұратын едік. Ол менің осы ойынға деген ықыласымды оятты. Бағыт берді.

14 жасымда біздің команда 6:0 есебімен жеңді. Алты голды да мен соқтым. Мен өзіме әрқашан сын көзбен қарайтынмын. Алайда сол жолы аздап көңілім толып, масайрап шықтым. Айналамдағылар да мені жаппай мақтап жатты.

Шыға берісте әкем күтіп тұр екен. Түрінен ешқандай қуаныш белгісі байқалмайды. Не болғанын түсіне алмадым. Көлікте келе жатқан кезде ол маған бұрылып қарады. Түрі сондай сұсты. Келесі бағдаршамға тоқтаған кезде «12 минутта былай қателестің. 25 минутта мүмкіндігіңді пайдалана алмадың» деп сынай бастады.

Осындай сөздерінен кейін құдды біздің команда ойсырай жеңілгендей әсерде болдым. Әкем мені жастайымнан өзіме дәл осындай сыни қарауды үйретті. Әке-шешем менің жеті жасымда ажырасып кеткен. Бірақ әкем мені қасынан тастамай, футболға апарып жүрді. Мен әр ойын сайын гол соғуды армандаған жоқпын. Ең бастысы әкемнің көңілінен шыққым келді. Баланы дәл бұлай тәрбиелеу қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін білмеймін. Алайда әкемнің дәл осындай қолдауы мен тәрбиесі болмағанда мен қазіргі жеткен биігімді бағындыра алмас едім.

13 жасқа толғанымда Клерфонтен академиясына келдім. Бірінші жылы-ақ «Монакомен» келісімшартқа отырдым. Негізінде жас футболшылар алдымен академиядан тәлім алып, сосын ғана үлкен клубтардың базасына жіберіледі. Бірақ бұл басшыларға ұнаған жоқ. Олар: «Сен келісімшартқа қол қойып тастадың. Енді еркінсіп кетесің. Жақсы жұмыс істемейсің» деді.

Кейде балалар тым қатаң болып кетеді. Бір күні түнде оншақты бала есігімді қағып: «Егер сен «Монаконы» таңдасаң қателесесің. Сен жастарға сенетін, «Нант» сияқты клубтарға баруың керек» деп айғайлап тұрып алды. Бір жылдан соң мен кеттім де, «Монаконың» негізгі құрамына іліндім. Ал жеңілдеу клубтарды таңдаған балалар футболдағы карьерасын ерте аяқтады.

Сол кездегі Жоакин Франциско Филиан деген бразилиялық бапкерім болды. Әлі күнге онымен хабарласып тұрамын. Ол түрлі тапсырмалар беретін. Мәселен, мен өте жылдам жүгірдім. Бірақ бапкер: «бүгін ойында немесе жаттығуда сен өз жылдамдығыңды пайдалана алмайсың» деді. Кей кездері ол бізге артқа қарай пас беруге тыйым салатын. Сол кезде түсінбеуің мүмкін. Бірақ өсе келе алаңды дұрыс көруге, асықпай қарап алуға назар аудара бастайсың.

Парижде өскендіктен ПСЖ ойындарын әркез қарап тұрдым. Бірақ 80 жылдардың аяғында олар сәтсіздікке көп кезіге бастады. ПСЖ ол кезде қазіргідей жұлдыздардан құралған команда емес еді. Әкем Мариус Трезордың (Франция құрамасының атақты қорғаушысы) фанаты болды.

Басқа елге барып ойнау – сені дамытатын бірден бір мүмкіндік. «Ливерпуль», «МЮ», «Ювентус» - тарихтары трофейге бай клуб. Франция бұл жағынан қатты мақтана алмайды. Тек «Марсель» ғана Чемпиондар Лигасын жеңіп алды. Француздардың клубтық футболында алға басу байқалмайды. Олар тіпті біраздан бері ЧЛ-ды жеңбеген «Ювентуске» қарсы ойнаса да өздерін кішкентай сезінеді.

«Юведегі» жарты жыл мен үшін ерекше болды. Ол кезде команданы Липпи жаттықтыратын, ал команда 9-сатыда келе жатты. Алғашқы екі ойынға қатыспадым, сосын ол мені шабуылға қойды. Сол ойында «Пармадан» жеңіліп қалдық. Сөйтіп, Липпи отставкаға кетті. Сосын командаға Анчелотти келіп, мені қапталға жылжытты. Қарсылас шабуылға шыққан кезде мен де қорғанысқа келдім. Егер доп ортада болса мен жартыл    ай қорғаныста жүрдім. Шабуылға тек үшінші шабуылшы болып араластым. Бұл мен үшін жаңашылдық еді. Өзімнің жаңа міндетімді түсінбесем де барлық кездесуде ойнап жүрдім. Ол кезде А сериясы бәсекеге толы еді, әлемдік деңгейдегі қорғаушылар өте көп болды. Тек соңғы кездесулерде ғана мен қалай ойнау керегін түсіне бастадым. Маусым біткен соң да «Юведе» қалғым келген. Алайда ойда жоқта Лучано Моджимен сөзге кеп қалдым да, оған бұдан былай ешқашан «Юведе» ойнамайтынымды айттым. Сөйттім де Лондонға кетіп қалдым. Моджи болмаса Туринде қалушы едім.

Мен ойындарын ерекше құрмет тұтқан үш адам бар. Біріншісі – Ромарио. Ол ойынды өз мойнына алудан қорықпайтын адам. Екіншісі – Джордж Веа. Жас кезінде допты алаңның кез келген бөлігінде қабылдай алатын және гол соғатын. Үшіншісі – Роналдо. Мен де дәл сол сияқты гол соққым келетін.

Қазір көп адам менің «Алтын доп» алмағанымды әділетсіздікке балайды. Бірақ ол кезде уақыт басқаша болды: ол кезде жеңімпазды журналистер, сосын ойыншылар, сосын қайтадан журналистер таңдайтын. Бірақ мен үшін мықты ойыншы боп қалудың тұрақтылығы өте маңызды.

Мен үшін футбол – ұжымдық ойын. Бала кезімде «Алтын доп» жеңуді емес, Еуропа мен Әлем чемпионатында ойнауды, сол кубоктарды жеңуді армандадым.

1999 жылы «Арсеналға» келген кезімде өзіме көңілім толатын. Сол кезде біз енді ғана Әлем чемпионатын жеңіп, көңіл шалқып тұр еді. Бірақ «Арсеналдағы» алғашқы ойынымда матч соңына қарай қателесіп, қарсыластар гол соғып кете жаздады. Киім ауыстыру бөлмесінде саған ешкім бір ауыз сөз айтпайды. Бірақ ертеңіне жаттығу кезінде аяқтан да аямай тебеді, аса ауыр подкаттар жасайды. Сол кездегі олардың көзқарасынан бәрін аңғаруға болады. Ойыншылар «Арсеналда» ойнаудың маңызын түсіндіргендей болды.