Қатерлі ісікке шалдықпайын десеңіз....
Қатерлі ісікке шалдықпайын десеңіз....
353
оқылды

Бүгінде Қазақстанда скринингтік тексерістің үш түрі бар. Олар: төрт жылда бір, 30-70 жастағы әйелдердің өтетін жа­тырмойны қатерлі ісігінің скринингі, екі жыл­да бір, 40-70 жастағы әйелдер өтуі тиіс сүт безі қатерлі ісігінің скринингі жә­не екі жылда бір, 50-70 жастағылардың бә­рі өтуі міндетті тоқішектің қатерлі ісі­гі­не скрининг. Бірінші кезекте осы тек­серісті жоспарлы түрде, тұрақты өтіп тұру арқылы денсаулықты сақтауға болады. Бір айта кетерлігі, өзіңіз тіркелген ем­ха­на­дан тегін өте аласыз. Егер скринингтен соң қандай да бір онкологиялық дерт белгісі байқалса, науқасты дереу аудан­дық онкологқа не облыстық онколо­гия­лық орталыққа жолдайды. Артынша диаг­ноз расталған жағдайда, орталықтарға жі­беріліп, ол жерде жеке емдеу жоспары жа­салады. Бастысы, диагноз қойыл­ған­нан емдеу басталғанға дейін әрі кетсе бір ай уақыт өтуі тиіс, одан ұзақ болмауы ке­рек.

Тағы бір ескере кететін жайт, әдетте қа­терлі ісікпен жұмысқа қабілетті жас­та­ғылар көп ауырады екен. Ал олардың дені сол «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, ден­сау­лық­қа салғырт қарайды. Негізі, «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйе­сі туралы» кодексте жұмыс берушінің қыз­меткерге қамқор болуы керегі айтыл­ған. Яғни, басшылық қол астындағы­лар­дың скринингтік тексерістерден уақы­ты­лы өтуіне кедергі келтірмеуі қажет. Өтетін кез келсе, жалақысын, жұмыс орнын сақ­тай отырып, жіберуге міндетті. Қолда бар деректерге сүйенсек, Қа­зақстанда сүт безі, өкпе, асқазан, жатыр мойны және тоқ ішек рагына шалдығатындар көп. Бірақ ск­­­ри­­нинг­тен өту керегі жайлы жан-жақ­ты ақпараттың таралуына байла­­нысты оң әсер байқалып келеді деседі. Се­бебі жатыр мойнының қатерлі ісігіне шал­­­­дығатын әйелдер саны жыл өткен сайын азайып келе жатыр. Ұлттық ғылыми онко­­логия орталығындағы Әйел денсаулығы орталығының меңгерушісі Аида Шә­­­­кірова осындай дерек келтірді. «2018 жылы 1 830 дерек тіркелсе, 2019 жылы 1 797 болды. Өлім-жітім де осылай азайып келеді: 2018 жылы 604 науқас көз жұмса, 2019 жылы — 556. Қазіргі таңда жатыр мойны қатерлі ісігін ерте кезден анықтау көр­­­­сеткіші өсіп келеді. Пайызға шақ­­­­­­­­қанда, 58-ден 63 пайызға арт­­қан. Бұл — өте қуантарлық жағ­дай. Се­бебі неғұрлым ерте анық­талса, со­ғұрлым емдеу оңайырақ», – дейді дәрігер. Шәкірованың айтуынша, жатыр мойны қатерлі ісігінің бастапқы формаларын анықтау мүмкін емес. Тіпті, соңғы саты­­­­лардың өзінде нау­қас ағзасында болып жатқан жайт­ты білмеуі ғажап емес. Сол себепті сәл күдік туындаса, дәрігерге қаралу керек. Айталық, әйелдерде үнемі бөлінді байқала берсе, гинекологқа жол тартқан жөн. Себебі қатерлі ісіктің бір белгісі — сол. Өкініштісі сол 30 пайыз жағдайда әбден ас­­қынған сатыда белгілі болып жата­ды. Науқас өзі анықтай ал­май­тын­дықтан, уақытылы скри­­­нингтен өтіп тұрғаны дұрыс. Жалпы алғанда, Қазақстан дерт орташа дендеген ел саналады. Мы­­салы, АҚШ, Аустралия, Батыс Еу­ропа елдерінде жатыр мойны қатерлі ісігі 100 мыңға шаққанда 3-4 адамда бір кездессе, бізде ол көрсеткіш 9-10 адам. Қатерлі ісіктің бұл түрін адам папил­ломасы вирусы тудыратыны ғылыми дә­лелденген. Дегенмен вирустық этиологиядан бөлек жатыр мойны қатерлі ісігіне шал­дықтыратын басқа да факторлар бар. Олардың арасында жыныстық қатынасқа ерте, яғни 16 жасқа дейін түсу, көп құрсақ көтеру, аборт жасату, инфекциялар, жы­­­­­ныстық серіктесті жиі ауыстыру, жаман әдеттерге үйір болуды жатқызуға болады. Не­­­­­гізі, жатыр мойны қатерлі ісігін бастапқы сатыда анықтай алса, толықтай емдеуге болады. Сол арқылы ісікті алып тастап қана қоймай, бала көтеру қабілетін де сақтап қалуға болады. Бірақ ісік 1 см-ден ұлғайып, өсіп кетсе, жағдай қиындайды. Әлбетте, бұл жерде әркімнің дерті түрлі деңгейде бола­тынын ескеру қажет. скринг Қатерлі ісіктің тағы бір симп­томсыз, байқалмай енетін түрі – ұйқы безінің рагы. Бұл өте қауіпті ісік саналады. Өйткені науқастар саны мен өлім-жітім көрсеткіші 94 пайыз сәйкес келеді деген статистика бар. Жалпы, белгілердің ішінде тез шар­шау бар. Ал бұл симптомға екінің бірі мән бере бермейді. Тек уақыт өте ке­ле, асқынып, әбден 3-4 сатыға жеткенде барып анық белгілер байқала бастайды. Ең өкініштісі, бұл кезде хирургия еш көмектесе ал­майды. Сүт безінің қатерлі ісігімен адам­дар 20 жылдай ғұмыр кеше алатын болса, ұйқы безінің рагында опе­рациясыз – жарты жыл, ота жа­салса 3 жылдан астам уақыт қана өмір сүруі мүмкін. Онколог Жанат Спатаев қатерлі ісіктің бұл түрі 2 фактордың кесірінен пайда болатынын айтып отыр. «Те­мекі шегу және жасқа байла­нысты. Бірақ патологияны тудыра­тын басқа да факторларды атап өтер болсақ, ішімдікті көп ішу, майлы және ащы тамақ жеу, қант диабеті, бауыр циррозы, созылмалы панкреатит, ұйқы безінің аде­­­­номасы және т.б айтуға болады. Егер салмақ нормадан көп болса, рак туындау мүмкіндігі 1,5 есе көбейеді. Жалпы алғанда, артық салмақтың келешекте рак тудыруы әйелдерде 4 есе, ерлерде 3,7 есе мүмкін делінеді», – дейді маман. Колоректальді ракқа келсек, мұнда ісік тоқ ішікте не тік ішікте болады деген сөз. Негізі, бұл екі ор­­ганның орындайтын функ­­ция­­лары әртүрлі. Мәселен, тік ішекті алып тас­таса, өмір сапасына әсер ететін функ­ционалдық өзгерістер байқалуы мүмкін. Ал тоқ ішекті алған жағдайда, айтарлықтай әсері бол­майды. Тіпті, арада бір жыл өткен соң операция ойынан шығып кетеді деседі. Қатерлі ісіктің осы түріне ота жасап жүрген дәрігер Мейрам Мам­лин қазіргі таңда отандық медицина шетелден қалыс қалмауға тырысып жатыр дейді. «Қазір науқасты ем­деуге бірнеше маман қатысады. Бү­гінде тенденция сондай. Соңғы жыл­­­дары осы тәсілді қолға алып, жақсы команда жинадық. Мысалы, эндоскопист, радиолог, химио­тера­певт, морфологтан құралған топ бір­лесе жұмыс істейді. Олар әрқай­­сысы өзі маман­данған саланы жақсы білетіндіктен, нау­­қастың жағдайын бақылау, емдеу оңайға тү­седі. Зама­науи емдеу тәсілдеріне қарап отыр­сақ, отандық дәрігерлер шетел­діктерден қалыс қалмауға тырысып жатқанын көруге болады. Әрине, жабдықтар қымбат бол­­­ғандықтан, барлық инновацияық тәсілдерді ен­гізе алмай жа­­­тырмыз. Десек те, кәсі­би білікті арттырып, тә­­­­жірибе алма­суға жағдай жасалып жа­тыр», – дейді Мамлин. Дәрігер қатерлік ісіктің бұл тү­ріне шал­дыққанын білмеген науқас­тардың оқи­­­ғасын да айтып өтті. «Мынадай жағ­­­­дай­­лар болуы мүмкін. Науқас іші ауырып, дәрігерге ба­­рады. Жасы 55-те болғандықтан, скри­нинг­­­тен өтті деп колоноскопия жа­сал­майды. Сөй­­тіп, науқасты холе­цистит, панкреатит диаг­­­­­­­нозымен емдеуі мүмкін. Бірде өт қабын­­­дағы тастар үшін ота жасалған науқас есімде. Содан арадағы бірнеше ай салып, әлгі нау­­­­­қастың тоқ ішегінде ісік бар екені анық­­­талады. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан белгілері ұқсас болып жатса, дәрігер онкология емес пе екен деп ойлануы тиіс».  Алматылық 13 жастағы Айбек Жебеген 2018 жылы өкпе қатерлі ісігіне шалдыққан. Айбектің анасы Венера Оңалбаева отбасы­ның он­­кологиялық дертпен қалай күрес­­кенін айтып берді. Қазақстанда ал­­ған емнен нәтиже болмағандықтан, Кореяға апарады. «Ол жаққа бара салысымен жергілікті дәрі­­герлер баланы тексерді. Төртінші деңгейдегі ісік — альвеолярлық рабдо­­­мио­саркома диаг­нозы қойылды. Осы күн­­нен бастап өмірімізде ең ауыр кезеңдер басталды. Ұлым үш ай бойы ауруханада арнайы аппаратпен және күні-түні дәрі тамызғыштармен жатты. Өкпесін­дегі суды шығару керек болды. Осы кезеңде баламның жағдайы өте ауыр болды. Дәрі­­гер­лер ісіктің бұл түріне ота жасалмайтынын айт­ты. Тек химиялық терапия немесе сәу­­лелендіру алу керек деді. Біз бірден химиялық терапия ала бас­­тадық. Бір жыл бойы маска­­­мен жүр­ді. 2019 жылдың 10 сәуірінде осы дерттен айығып, үйге оралдық. Бү­гінде Ал­­ма­тыда ем қабылдап жатыр. Лей­коциттерді көтеру үшін саумалға апарып жүрміз», – дейді анасы. Байқасақ, қатерлі ісіктің пайда болуын науқастың салғырттығымен ғана емес, дәрігердің қате диагноз қоюымен де бай­­ланыстыруға бола­ды. Осы екі олқылық рет­телген жағ­дайда, отандық медицинада жетістік те көбейетін сыңайлы. Қарап отыр­сақ, ел азаматтарына берілетін квота арқылы ем-домды тегін алуға бола­ды. Дегенмен тым кеш білгендіктен, өмір үшін күрескенде шетел асып, ақылы емге жүгіруге мәжбүр бола­мыз. Ал егер ерте анықталып, алдын алса, мұндай жағдайдың сирейтіні анық.

Жадыра АҚҚАЙЫР