Ерте некенің ертеңі күмәнді
Ерте некенің ертеңі күмәнді
354
оқылды

Бұл – арнайы жүргізілген зерттеудің нәтижесі. Статистика ерте жаста қиылған некенің 90 пайызы ажырасуға әкеліп соғатынын көрсетіп отыр. «Рухани жаңғыру» институты жүргізген зерттеу бойынша, былтыр 984 қыз кәмелеттік жасқа толмай неке қиған. Ал 18-ге толмай отбасы құруға асыққан бозбала саны – 70. Заң бойынша, елімізде  неке қию жасы – 18 жас, бірақ заң екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі – қыз жүкті бол­ғанда, екіншісі – ортақ бала туған кезде.

Соңғы 3 жылда 15-18 жас аралығындағы қыздардың аяғы ауыр болып қалу көрсеткіші бір деңгейде. Мысалы, 2017 жылы 4 729 жағдай тіркелсе, былтыр 4 766 қыз есепке тұрған. Өкінішке қарай, арулардың барлығы сәбиін сақ­тауға асықпайды. 2019 жылы жүкті болған сол 4 766 қыздың 24 пайызы түсік жасатқан. Бұл – кәмелетке толмаған 1 147 қыз. Ойнап жүріп от басып, балалы болып, соңынан неке қиған­дар­дың ажырасуына себеп те жет­кілікті. Біріншіден, мате­­риал­дық және тұрмыстық қиын­дық­тар. Екін­шіден, жас ерек­ше­лік­тері. Үшін­шіден, адами құнды­лық­­­тардың қарама-қай­шылығы. Төр­­­­тіншіден, өмірлік тәжірибенің жетіспеуі. Ал жеткіншектердің жетілмей жатып, жеке шаңырақ көтеруге асығуына не себеп? Отбасылық өмірге психологиялық тұрғыда дайын болмаған жастар көп жағ­дайда жастық максимализмнің әсерінен отбасын құрады екен. Бұған қоса, толық емес отба­сынан шыққан немесе әжесінің тәрбиесінде болған, анасының екінші рет тұрмысқа шығуы және өгей әкесімен қарым-қатынастың дұрыс болмауы сынды факторлар жас қыздарды ерте тұрмыс құруға итермелейді екен. Сондай-ақ отбасын құру арқылы өзінің ере­сек екенін ата-анасына дәлел­­дегісі келетіндер бар. Ерте қиылған некенің қы­зығы аяқталған соң шыжығы бас­­талады. Дипломсыз қыздар жұ­мысқа тұра алмайды, жол­дасына немесе туысына қар­жылай тәуел­ді болады. Сөйтіп, әлеу­меттік осал топ санатына енеді де, ген­дерлік дискри­ми­нацияға ұшы­­­райды. Тұр­мыстық зорлық-зом­­былықтың құр­банына айна­лады. Республика бойынша ерте неке, 15-18 жас аралығындағы қыздардың аяғы ауыр болу оқиғасы Түркістан, Алматы, Қарағанды облыстарында ең көп тіркеледі. Түсік жасату бойынша да осы өңірлер алда. Бір қызығы, әлеуметтік зерт­теуге қатысқан сол рес­пон­дент­тердің барлығы дерлік неке құру үшін ең оңтайлы жас – 25 және одан жоғары дегенді атап өткен. Яғни, алдымен білім алып, ман­сап құрып, өмірлік тәжірибе жи­наған соң ғана көтерген шаңы­рақтың берік боларын меңзейді.

Ерке АЙТҚАЗЫ