Төрт айдан бері жалақысын алмағандар аштық жариялады
Төрт айдан бері жалақысын алмағандар аштық жариялады
188
оқылды

Павлодар облысында төрт айлық жалақыларын даулап жүрген жұмысшылар, аштық жариялауды бастады. Шамамен 40-тан астам жұмысшы Майқайың кентінің әкімдігі алдына жиналды.

Олар мердігер компаниядан шенеуніктер жалақымызды алып берсін деп талап қойды. Өйткені үйде ішер ас, киер киім қалмады деп отыр. 40-тан астам жұмысшы амалсыздан осындай қадамға барғандарын айтады. Күте, күте шыдам таусылғанын жеткізді.

Жұмысшы Данияр Омаров: «Халыққа жылуды бердік. Жылуды бергеннен кейін ақшамыз ала алмай жүргенімізге міне 4 ай болды. Гарант болған әкімдеріміз мердігерге сілтейді. Мердігеріміз әкімдерге сілтейді. Екі ортада біз ақшамызды ала алмай жүрміз», ­– дейді.

Бұл жұмысшылар жаз бойы Майқайың кентіне жылу құбырын тартқан. Жұмыс беруші қарағандылық компания алғашқы айда алдын ала азын-аулақ ақша беріп артынша бір тиын да төлемепті. Ал жалақыны алып беруге аудан әкімі уәде беріпті. Ал жұмысшыларға уәде берген аудан әкімі, мердігерді таба алмай жатқанын айтып ақталды.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов: «Мердігер келмей тұр ғой. Келіңіздер, істеген жұмыстарыңызды көрсетіңіздер. Содан кейін қаражатын төлеп берейік. Заңды түрде бәрін есептейік. Міне, 1 ай болды. Күнде күнде телефонмен сөйлесем. Әне келем, міне келем деп жүр», ­– деді.

Ал мердігер компания өкілі жұмысшыларға төленетін қаражатты участок бастығы алғанын, бірақ қашып жүргенін айтты.

Мердігер Хасан Арсельгов: «Қазір участок бастығына іздеу жариялап жатырмыз.  Әзірге таппадық. Ол Майқайыңдағы жұмысшылармен келіскен. Бірақ, ешқайсымен келісімшарт жасаспаған. Сол себептен, өзімізде қазір қарызға батып отырмыз. Сондықтан нақты ештеңе айта алмаймын. Участок бастығын сотқа бердім. Сот алдымен оны тауып алсын, сосын көреміз», ­– деп жауап берді.

Осылай деген мердігер мен әкімдік, жауапкершілікті мойындарына алмады. Соған қарағанда  жалақы дауы жақын арада шешіле қоймайтын секілді. Ал жұмысшылар әкімдікте жата-жастанып, айлығын күтуге бекініп отыр.