Пандемиядан кейінгі өңір

Пандемиядан кейінгі өңір

Онлайн конференцияға әлем­нің 123 елінен қатысқан ға­лымдар биыл COVID-19 пан­демиясы жағ­дайындағы индус­триялық тех­нологиялар мен инжи­нир­инг саласындағы жаһан­дық мә­селелерге назар аударды.

Жиынды ашып, жүргізіп отыр­ған Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі, уни­верситет ректоры Дария Қожам­жарова осынау конференцияға елімізде алғаш рет Нобель сый­лығының лауреаттары – әлем­дік ғылымның жұлдыздары, Үкі­мет пен бизнес қауымдастық өкіл­дері, сондай-ақ шетелдік және отандық жоғары оқу орын­дарының профессорлары мен оқытушылары қатысып отыр­ғанын жеткізді. «Конференция өндірістік технологиялар мен инжиниринг» тақырыбында ха­лық­аралық деңгейде өтіп жа­тыр. Жалпы, пандемия біздің ал­дымызға көп сұрақ қойды. Осы­нау кезеңде адам баласының жаңа технологияларға  көзқарасы, оны дамыту мәселелері, жаңа тех­нологиялар мен өндірістің ара­сындағы қарым-қатынас, адам капиталының дамуы мен адам­ның денсаулығы деген өте үлкен ауқымды, маңызды сұ­рақтар алдымыздан шықты. Оның шешілу мәселесі де ғылым­ға байланысты деп отырмыз. Жыл сайын өтіп жүрген осы­нау конференцияның бұл жол­ғы тақырыбында адам ден­сау­лығына, биотехникаға, фар­­ма­цевтикаға басым бағыт бер­дік. 7 Нобель сыйлығының  ие­гері конференцияда түрлі та­қырып бойынша өздерінің баян­дамаларын ұсынды. Бұған қа­зақстандық 30 университеттің ға­лымдары қызығушылық таны­тып отыр. Бұл жиыннан күтетін жаңалығымыз көп», – деді Дария Пернешқызы. Бүгінгі күні ғылыми-зерттеу­лер жүргізуде коллаборациялар, серіктестік қатынастар өте маңызды. Әлемдік сарап­шы­лармен кездесу де әрқашан өзек­тілігін жоймайды. Әсіресе, қазір COVID-19 пандемиясында әлемде маңызды өзгерістер болып жатыр. Екі күнге созылған конференция аясында Нобель сыйлығының лауреаттары, Үкі­мет, отандық және шетелдік компаниялар мен ұйымдар өкіл­дерінің қатысуымен ғылыми сес­сия болды. «Пандемиядан кейін­гі кезеңдегі тұрақты даму: Шымкенттің бәсекеге қа­білет­тілігін арттыруға арналған сын-қатерлер мен ұсыныстар», «Фар­мацевтикалық компаниялар ха­лықтың өмірін сақтап қалуға көмектесе ме?», «Экономиканың қан­дай секторларын басым­дыққа айналдыру қажет?», «Тех­нологияларды, инновацияларды және адами капиталды дамы­ту мәселелері бойынша Орта­лық Азия сұхбаты» сынды тақырып­тарға шетелдік және еліміздің жоғары оқу орындарынан 300-ден астам ғылыми баяндамалар мен мақалалар келіп түскен. Білім және ғылым вице-ми­нистрі Мирас Дәуленов, Еу­ропалық Сауда академиясының президенті Бернд Халлиер және сингапурлық Ling Invest Capital директоры Бенни Энджи құт­тықтау сөз сөйлеп, М.Әуезов уни­верситетімен қарым-қатынасы төңірегінде айтып өтті. Одан бөлек, Шымкент қаласы әкім­інің орынбасары Айбек Сәт­тібаев үшінші мегаполистің ин­вестициялары мен жаңа жа­сыл жобалар үшін бизнес кли­маты туралы хабарлады. «Ал шымкенттік бірқатар ірі кә­сіп­орын өкілдері пандемия ке­зіндегі дәрі-дәрмекті жеткізу, фар­миндустрияны дамыту, ка­рантин кезеңінде әлеуметтік және медициналық саланы да­мыту бойынша ұсыныстары мен атқарып жатқан жұмыстары жө­нінде мәлім етті. Айта кетейік, М.Әуезов атын­­дағы университет – елі­міз­дің әлемдегі ТОП-500 уни­верситетінің қатарына кіретін көп­салалы ірі жоғары оқу орын­дарының бірі. Қазақстан тәуел­сіздік жылдарында мемлекеттің ағарту және инновациялық даму идеяларына қызмет еткен жоғары білім беру флагмандарының бірі болды.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы