Пандемия арақашықтыққа қарамастан сапалы білім алуға боларын дәлелдеді. Мысалы, Гарвард университетінің 5 тегін онлайн курсына қатысуға болады. Белгілі ғалымдар жүргізетін қызықты деректер мен тәжірибеге толы сабақ өтеді.
Massaget порталының мәліметінше, алғашқысы – профессор Сэнделдің «Әділет» онлайн курсы. Курстың оқу мерзімі – 12 сағат. Орыс тіліне аударылған курсқа қазіргі сот практикасындағы істерді енгізген. Әрі саяси философия туралы классикалық шығармаларды оқисыз. Одан кейінгісі – «Нейробиология негіздері» онлайн курсы. Профессор Дэвид Кокс биоэлектризмнің, нейрон желілері мен нейрондар арасындағы байланыс жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, сигналдардың миға қалай еніп, өңделетінін түсіндіреді. Оқу циклі үш бөлімнен тұрады. Университет бағдарламалау тілін түсінгісі келетіндерге «CS50: бағдарламалау негіздері» атты 12 апталық курс ұсынады. Мұны профессор Дэвид Маллон қарапайым тілмен түсіндіріп, әдіс-тәсілдерді үйретеді. Ал «Оқу көшбасшысы» онлайн курсы ағылшын тілін еркін меңгергісі келген әрбір адамға пайдалы болмақ. «Әлем әдебиетінің жауһарлары» курсына келсек, Гарвард университеті гаджетке «байланған» қоғамды бір сәт кітап оқып, рухани демалуға шақырады. Қызығы, аталған курсқа қатысушылар әлемдегі ең қиын әдеби туындыларды талдап, жалықпай оқуға бейімделеді.Айбике ЖАНАСЫЛ