«Тараз-Аренаға» Жақсылық Үшкемпіровтің есімі міндетті түрде беріледі
«Тараз-Аренаға» Жақсылық Үшкемпіровтің есімі міндетті түрде беріледі
251
оқылды

 «Тараз-Арена» спорт кешеніне қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілетіндігі туралы бастама бұған дейін көтерілген. Алайда кейіннен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жекпе-жек» сарайы даңқты спортшының атымен аталатындығы туралы әңгіме тарала бастағаннан кейін жамбылдықтардың үміті үзіле бастағандай көрінген. Десе де Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков «Тараз-Арена» спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтың есемі міндетті түрде берілетіндігін айтты.

 Жалпы Жамбыл облысындағы спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытына арналған брифингте Нұрбол Әбдімажитұлы биылғы жылы атқарылған жұмыстарды баян етті.
– Бүгінгі күнге дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 359,3 мың адамды құрап, 31,7 пайызға жетті. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар санын 36,5 пайызға қамту жоспарланған. Халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар санын арттыру мақсатында Жамбыл облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасына арнайы индикатор енгізілді. Осыған байланысты 2020 жылы 120 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны 10 460 адамға артады. Қазіргі таңда Шу ауданы Төле би ауылындағы және Жамбыл ауданы Аса ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері («Ауыл-ел бесігі» аясында) және Тараз қаласы мен аудандарда 76 алаңша қолданысқа берілді. Ал 2021 жылға жоспарланған 74 жоба облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына ұсынылды.Олар 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы, 1 күрделі жөндеу және 64 әмбебап спорт алаңшасын орнату, – деді басқарма басшысы.
Сұрақ-жауап кезеңінде журналистер қауымы «Тараз-Арена» спорт кешеніне Жақсылық Үшкемпіровтың есімі берілмей қалмай ма?» деген сауалды тікесінен қойды. Басқарма басшысы қазір бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын, ономастикалық комиссияның шешімінен кейін Үшкемпіровтің есімі «Тараз-Арена» спорт кешеніне міндетті түрде берілетіндігін айтты. Осылайша басқарма басшысы көптің көкейінде жүрген күдікті сейілтіп, жамбылдықтарды бір қуантып қойды.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы