Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт толықтай сөндірілді.
Өрт сөндірушілер еденде жатқан 60 жастағы пәтер иесін алып шықты. Оның екі қолы, кеудесі мен арқа бөлігін күйік шалған. Сондай-ақ құтқарушылар 79 жастағы әйелді құтқарды.«17 қараша күні сағат 23:28-де Қашар кенті 13-ӨСБ кезекші пультіне көпқабатты тұрғын үйдегі өрт туралы хабар жетті. Оқиға туралы жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері хабарлады. Құтқарушылар 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтердің жанып жатқанын анықтады. Өрт шамамен 10 шаршы метр аумақты шарпыды. Түтін көрші пәтерлерге тарала бастады» делінген хабарламада.
Өртті 7 адам 2 арнайы техникамен сөндірді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.«Тағы 20 адам баспалдақ арқылы қауіпсіз аумаққа эвакуацияланды. Жедел жәрдем көлігі зардап шеккендерді жергілікті ауруханаға жеткізді. Олардың біреуінің жағдайы орташа ауыр», – деді ТЖД-ның баспасөз хатшысы Уәлихан Досанов.