Ханкөлдегі қыздың «аруағы»: Шындықтың беті ашылды
Ханкөлдегі қыздың «аруағы»: Шындықтың беті ашылды
154
оқылды

Қазақстандық бірқатар БАҚ-та Батыс Қазақстан облысындағы бір ауылда пайда болған қыздың аруағы жайлы видео тарады. Бұл мәліметке облыс әкімі Ғали Есқалиевтің өзі назар аударып, полиция қызметкерлерін тексеруге жіберген болатын. Алайда видеоролик жалған болып шықты, деп хабарлады Factcheck.kz.

Басылымның жазуынша, Ханкөл ауылында пайда болған қыздың "аруағы" туралы жалған видео  БҚО әкімшілігін ас бергізіп, тексеру жүргізуге дейін жеткізген.  БАҚ мәліметінше, ауыл тұрғындары жол маңында шашы ашық түсті қыздың аруағы пайда болып, жұртты шошытқанын айтқан.
"Бұл жағдайға Қаратөбе ауданы Жусандыой ауыл округі әкімі Талап Қазиев пікір білдірмегенде, осынша шу болмас еді. Ол аруақты тыныштандыру үшін жергілікті тұрғындармен бірге мал сойып, садақа бергенін айтқан. 16 қарашада БҚО-дағы аруаққа қатысты тың ақпарат шықты. Облыс әкімі Ғали Есқалиев полиция қызметкерлерін Ханкөл ауылына тексеруге жіберді. Өңір басшысы видеоға сенбейтінін айтса да, тәртіп сақшыларын тексеруге жіберетінін айтты", – деп жазады басылым.
Factcheck.kz БҚО-да пайда болған "аруақтың" Қазақстанға қатысы жоқтығын анықтады. YouTube-тегі видеороликке  пікір білдіргендер 2019 жылғы 12 желтоқсанда жарияланған түпнұсқа жазбаға сілтеме көрсеткен. Ол "Регионы онлайн" атты ресейлік YouTube арнада жарияланған болып шықты.  Бұл сайтта видеоны Дағыстан тұрғыны өңірдегі адам жоқ жол бойынан түсіргені жазылған.

"Сонымен видео бір жыл бұрын Ресейде түсірілген, Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ. Аруақ та ойдан шығарылған", - деп қорытындылады Factcheck.kz.

Еске сала кетейік, бұған дейін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасымен полиция қызметкерлері қыздың аруағына қатысты тексеру жұмыстарын бастағанын жазған болатынбыз.