Шекарашылар адасып кеткен 11 жасар баланы шекараны бұзушы деп ойлаған

Шекарашылар адасып кеткен 11 жасар баланы шекараны бұзушы деп ойлаған

Солтүстік Қазақстан облысында адасып кеткен баланы шекарашылар тауып алды, деп хабарлайды Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Instagram парақшасында. 16 қараша күні кешке ҰҚК Шекара қызметі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің «Ақкөл» бөлімшесінің шекарашыларына жедел және техникалық құрал арқылы шекара маңында бөтен адамның жүргені туралы хабар түскен. Лейтенант Берік Нұрахметов ұйымдастырған сауатты іздестіру іс-шараларының нәтижесінде шекара бұзды деп күдік келтірілген адамның орнына жаңбырлы күні далаға шығып адасып кеткен 11 жастағы «Т» атты жергілікті тұрғын табылды. Шекарашылар баланы бөлімшеге жеткізіп, ыстық шай мен құрғақ киім берген. Артынан Мамлют ауданының учаскелік инспекторы полиция майоры К.Т. Исинмен бірге баланы оның ата-анасына тапсырған.

«Естеріңізге сала кетейік, Қазгидрометтің мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы салқын, кешке және түнде күн минус 14 градусқа дейін төмендейді. Өзіңізге және жақын туыстарыңызға мұқият болыңыз!»,-делінген шекарашылар таратқан мәліметте.