Ұлттар лигасында Қазақстан Литвадан жеңіліп қалды
Ұлттар лигасында Қазақстан Литвадан жеңіліп қалды
148
оқылды
UEFA Ұлттар лигасындағы Қазақстан мен Литва құрамалары арасындағы кездесу аяқталды. Бүгінгі кездесу қос құрама үшін де маңызы зор болды. Жеңгені өз тобында үшінші орынға тұрақтап, алдағы уақытта С лигасында ойнау мүмкіндігін сақтап қалатын еді. Жеңілгені дүбірлі доданың келесі жарысында D лигасына төмендейтін қос құраманың қатарына қосылуы мүмкін. Айта кетелік, С лигасында өз тобында төртінші орынды місе тұтқан төрт құрама жеребе арқылы екі жұп құрайды. Бұл жұптарда жеңілгені төменгі лигаға түсіп қалады. Ойын қазақстандықтар үшін сәтті басталған еді. Кездесудің 38-минутында қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетов есеп ашты. Ал 40-минутта оған литвалық Модестас Воробьёвас бір голмен жауап қайырды. Есеп 1:1. Бірінші кезең осы есеппен аяқталды. Екінші кезеңде алаң иелері тағы да гол соғуға ұмтылды. Дегенмен көздеген мақсатына жете алған жоқ. Есесіне 94-минутта литвалық Арвидас Новиковас қорытынды есепті белгіледі. Қазақстан құрамасы қарсыласынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Естеріңізге сала кетелік, екі құрама С лигасы төртінші тобында сынға түседі. Олардан өзге Албания және Беларусь құрамалары бар. Соңғы екі құрама да дәл қазір ойын өткізіп, албаниялық футболшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды турнир кестесінде 11 ұпаймен көш бастап, алдағы уақытта В лигасында бақ сынауға жолдама алды. Одан кейінгі орындардағы Беларусьтің 10, Литваның 8 ұпайы бар. Соңғы орындағы Қазақстан еншісінде 4 ұпай жазылған. С лигасында биыл Кипр, Эстония, Молдова құрамалары да төртінші орын алды.