Жамбыл облысының полицейлері карантин кезінде той жасағандардың үстінен түсті. Тойға келгендер жас жұбайларды тастап, дәмханадан қашып кетті, деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.
Облыстық полиция департаменті қызметкерлері мобилді топпен бірге тексеру жүргізіп, азаматтарға коронавирустың таралуын шектеу үшін маска кию, арақашықтық сақтау және жаппай тойлау шараларын өткізбеу керектігін ескертіп келеді.Облыс орталығында мобильді топ мүшелері 80 адамға арналған үйлену тойының үстінен түскен. Олар мерекелік шараға тосыннан кіріп барғанда қонақтар келін мен күйеу жігітті тастап, қашып кетпек болды.
Тура осындай жағдай қаладағы кафелердің бірінде қайталанды. Онда 8 адам тексерушілер келгенде жиыннан кетіп қалмақ болды. Кафе басшылығы қонақтарына мекеме қызметкерлерімен бірге артқы есіктен шығып кетуге мүмкіндік берген.
«Полиция қызметкерлері заңбұзушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барлық іс-шараларды ұйымдастырушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырды. Жиналған материалдар әкімшілік жауапқа тарту үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданды»,-делінген хабарламада.Полиция департаменті Жамбыл облысының барлық тұрғындары мен қонақтарына туыстары мен жақындарының денсаулығын сақтау мақсатында бұқаралық және ұжымдық іс-шаралардан бас тартуға шақырады.