Сот Қордайдағы төбелеске қатысқан 4 адамның жазасын жұмсартты. Нәтижесінде, бас бостандығынан айырылған жеті сотталушының төртеуінің жазасы «бас бостандығынан айырудан» – «бостандығын шектеуге» ауыстырылды. Олар еркіндікке шықты.
Қазақстанның әскери соты Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан жеті сотталушының адвокаттарының апелляциялық шағымдарын қарады. Қарау қорытындысында судья бұған дейін түрмеге отырғызылған Ерлан Бұралқиновтың – 3 жыл 20 күн, Алмат Тілеуғалиевтің – 3 жыл, Рүстем Бежибайдың – 4 жыл, ал Ұлан Атанбаевтың 3 жыл бас бостандығын шектеуге шешім қабылдады. Олар Қылмыстық кодекстің «жаппай тәртiпсiздiк» деп аталатын 272-бабының 2-бөлімі бойынша айыпты деп танылды. Сотталушылар пробациялық бақылауға алынады. Оларға сондай-ақ 100 сағат мәжбүрлі жұмыс істеу белгіленді. Бірақ оның барлығы бостандықта жүзеге асырылатындықтан, сот төртеуінің де қолынан кісенді алып тастатып, қамаудан босатты. Ал Б.Ибрагимов, М.Дүйсенбаев және А.Нұрахановқа қатысты үкім өзгеріссіз қалды.Ерік ЕРДЕНОВ