Тағы да Ұлттық қорды «кеміреміз»
Тағы да Ұлттық қорды «кеміреміз»
146
оқылды

Алдағы жылдары мемлекет жұмсайтын барлық қаражаттың жартысынан астамы әлеуметтік салаға шығындалады. Бұл ретте, 3 жыл ішінде Ұлттық қордың 8,3 триллион теңгесін «жеп» қоятын болдық. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қарады.

Алдағы 3 жылдық бюджет стра­тегиялық бағдарламаларды және Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген маңызды әлеуметтік-эко­­номикалық мақсатты іске асы­­руға арналған. – Сыртқы нарықтағы күрделі жағдайға байланысты дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды қар­­жыландыру жалғаса береді. Бюд­жетте азаматтардың әлеуметтік мә­­селелерін шешуге басымдық бе­­­рілді. Соған сәйкес, 2021 жылы бюджет шығындарының 50 пайыз­дан астамы әлеуметтік салаға жұм­салады, – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Сенат Төрағасы экономикадағы қиындықтарға қара­­мастан, Президенттің тапсыр­масы бойынша бюджетте барлық әлеу­меттік міндеттерді орындауға керекті қаржы қарастырылғанын атап өтті. Нәтижесінде, әлеуметтік төлемдер индексацияланады, мұ­ғалімдер мен дәрігерлердің жала­қысы көбейтіледі, халыққа меди­­циналық қызмет көр­сетуге күш са­лынады. Стра­­­тегиялық бағыттар қатарында өңір­­лерді дамыту мәселесі де бар. Келесі 2021 жылы инфра­­құ­­рылымды дамыту, газдандыру және ауызсумен қамту жұ­мыс­та­рына бюджеттен 1,6 трил­лион тең­­­­­ге бөлу жоспарланып отыр. Жиында сенатор Н.Қылышбаев мемлекеттің әлеуметтік міндет­темелерін орындау және панде­­миямен күрес шараларына байла­­­­нысты республикалық бюджет қа­ражатын жұмсау тәсілдерін қайта қарау керегін айтты. «Биыл бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жайттар анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1 500 өк­пені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Алайда 17 өңірдегі ден­саулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде-біреуі жұмыс істемей тұр! Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайға жол беруге болмайды», – деді се­натор. Бұлан бөлек, Жоғарғы палата депутаттары бизнес пен азаматтарды әлеуметтік қолдауға және өңірлерді дамытуға бөлінетін қаражатты ұл­­­ғайтуға байланысты бюджет шы­­­­­ғыстарының кейбір бағыттарын қайта қарауды ұсынды. Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Бұдан басқа, олар «Ұлттық қордан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген тран­сферт туралы» заң жобасын да талқыға салды. Құжатқа сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 2021 жылға – 3,7 триллион, 2022 жылға – 2,4 триллион, 2023 жылға – 2,2 триллион теңге алы­натын болып бекітілді.

Елдос СЕНБАЙ