«Жатпланеталық пейзаж» – туризм саласына маманданған шетелдік беделді порталдар Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалын осылай суреттейді. Елімізде мұндай мекеннің барын тіпті қазақстандықтардың көбі бертінге дейін білмей келді. Бүгінде борлы тау Қазақстанның киелі жерлерінің қатарында. Ал соны әлдебір қалталылардың бүлдіргелі жатқанын, жекешелендіргелі жүргенін естіген жұртшылық ашуға мінді. Дүрбелеңге Президенттің араласып, тоқтатуына тура келді.
Жұрттың жанайқайы, Президенттің пәрмені
Бір апта бұрын Бозжыраға құрылыс техникасы кіргенін көрсеткен видеоролик әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді: жол талғамайтын қымбат көлікке мінген адамдар құрылысқа қызу кірісудің қамын жасауда. «Бізде бәрін ақша шешетінінің тағы бір дәлелі. Заң бойынша, табиғи қорық аумағында ешқандай құрылыс жүргізуге болмайды. Тіпті, от жағуға, оны айтасыз, құмырсқа илеуін таптауға тыйым салынған. Ал біз не көріп тұрмыз? Қош бол, тұмса табиғатың талқандалғалы жатқан #Бозжыра. Бұрынғы кейпіңді енді көрмейміз!» деп жазды тревел-блогер Сергей. Бұл хабарға ашынған қазақстандықтар «ызалы жүрек, долы қол» күйге жетіп, билікті балағаттай бастады. Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтауда Rixos қонақүй кешенін іске қосқан инвесторлар облыс аумағында Bozjyra Safari Hotel бутик-отель бірегей жобасын жүзеге асыруды ұсыныпты. Жоба әзір болған соң қоғамдық талқылауға шығарылмақ. Әкімдік әлеуметтік желі арқылы тараған видеоға да түсініктеме берді: «Қазіргі кезде Бозжыра шатқалы аумағында ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Бейнежазбада болашақ объекті бой көтеретін ықтимал орында инвестор командасының уақытша шатырды, дәретхананы және генераторды орнату процесі бейнеленген. Ол нысандар 2 күнге ғана орнатылды. Айтқандай, объект толығымен жасыл технология талабына сәйкес келеді, қоршаған ортаға барынша кірігеді. Сыртқы бейнесі жергілікті пейзажбен үйлеседі», – деді әкімдік. Қазақстандықтар бұған сенбеді: видеороликте Бозжыраның «Азу тісінің» түбінде бетонараластырғыш тұрғаны көрсетілген, ал ол уақытша шатыр мен дәретхана орнату үшін қажет емес екені мәлім. Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асатын билік барын аңғартты: Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Бозжыраның атақты «Азу тісінің» түбінде қонақүй болмайтынын Instagram парақшасы арқылы хабарлады: «Президент Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақүйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, Үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді», деді ол. Артынша қонақүйдің бой көтеретінін, бірақ ол үшін басқа жер таңдалатынын білдірді. – Маңғыстау облысында туризмді дамыту – Үкіметке жүктелген маңызды міндеттердің бірі. Бүгінде бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Бес жұлдызды қонақүй салынып, жайлы мейманханалардың тұтас желісін құру жоспарланып отыр. Мұндай жүйелі жұмыстар аймақтың туристік тартымдылығын арттыратыны сөзсіз. Жақында Бозжыра табиғи қорығының жанынан қонақүй салу жобасы ұсынылды. Өкінішке қарай, қорықтың айналасындағы туризм табиғатты қорғау шараларын сақтамай, бейберекет дамып жатыр. Бұл осы ерекше табиғат қорығына орасан зиянын тигізуде, – деді Президенттің баспасөз хатшысы.Бисақаев барын сала қорғауда
Пікір білдірген бұқара өкілдері эмоцияға көп берілгені байқалады. «Бұл сендерге қонақүй салатын жер емес! Қасиетті, киелі жер!», – дейді олар. Ал тараптар қандай дәлел-дәйек келтіреді? Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаевтың байламынша, Бозжыра шатқалында қонақүйдің салынуы табиғи құндылықты құртпайды, қайта оны құнтты қолдануға жол ашады. Ол жақты жабайы туризмнен арылтып, орнықты дамыту үшін заманауи инфрақұрылым қажет. Сондықтан әу баста тауға шамамен 1 шақырымдай жақын жерде әлгі кешенді тұрғызу жоспарланыпты. Жобаны ілгерілету үшін Маңғыстау өңіріне Ө.Бисақаевтың өзі барып қайтты. – Инвестор «Бозжыра сафари-отель» қонақүйінің әртүрлі концепциясын біздің қарауымызға 3 рет енгізді. Бірақ олардың бірде-бірі әзірге бекітілген жоқ. Жоба тек әзірлеу сатысында тұр. Әзірлеп біткен соң ол концепциясының тұсауын кесіп, талқылау өткізуді жоспарлаған. Қайталап айтамын, құрылыс әлі басталған жоқ. Барлығы тек дайындық сатысында. Сәулет-құрылыс қызметі туралы заң бар, экологиялық заң – ол бар. Оның бәрі жұртшылық пен экологтерді тартып, міндетті қоғамдық тыңдау өткізуді талап етеді. Егер инвестор осы жобаны іске асыру туралы шешім қабылдаса, тыңдау өткізеді, – деді вице-министр. Оның ұстанымынша, «Бозжыра сафари-отель» секілді нысан туризмді дамыту үшін аса қажет. Бұл – анық шешілген жайт. Ендігі мәселе – оның жобасы қандай болатыны, қай жерде тұратыны ғана. Өйткені жаһандық жарнамасы кең жайылған Бозжыраға ағылған туристер легі ұлғайды. Биылғы шілдеде Rixos Water World Aktau ашылғалы Бозжыраға саяхаттайтындар саны тіпті артты: Каспийдегі осы кешенге келушілердің 30%-ы өңірдің табиғи көрнекті жерлерін аралауға аттанады. Әйткенмен, Каспий жағасынан Бозжыра тым қашықта – 300 шақырымда жатыр. Ал Бозжырадан ең жақын елді мекенге дейінгі аралық 120 шақырымды құрайды. Шатқалдағы қонақүйдің коммерциялық тиімділігі де осында: тұрғызылса, теңдесі жоқ монополистке айналады. – Егер келесі жылы Бозжырада осындай нысан құрылысы нақты ілгерілемесе, онда басқа, өте қауіпті жайтқа кезігеміз: ол жердің топырағы бірегей, бор тектес. Ол автокөліктердің бейберекет әрі қарқынды қозғалысына шыдамай, күйрей бастайды. Ендеше ол жерде жолдар керек, визит-орталық керек, қонақүй тұруы керек. Сонда аталған аумақ орнықты дамуға көшеді. Мысалы, бұрын ол жақта қатты, тастақ жолдар болатын, бүгінде көліктер борылдақ жермен шаңдатып жүруге мәжбүр. Жағдай ары қарай тек ушыға береді, дейді Өркен Бисақаев. Яғни, «туристердің үлкен көлемін қабылдауға жағдай жасау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеті тұр». Вице-министр инвестордың жобаға қанша қаржы құйғалы отырғанын айта алмады. Сарапшылардың бағалауынша, аталған қонақүй шамамен 100 миллион долларға түспек.Бозжыраны қорғар бес дәйек
Экологтер лоббистердің дәйектемелері сын көтермейтінін айтады. Мәселен, қонақүй жабайы туризм проблемасын шешпейді. Өйткені Bozjyra Safari Hotel жобасына инвестор көп қаражат салуды ойластырып отырған жоқ, мұнысы жобаның «бутик-отель» деп аталуынан байқалады. Яғни, Каспий жағалауындағыдай қанатын кеңге жайған алып кешен салынбайды. Бутик-отель дегенге көп турист сыймайды. Бұл ретте Маңғыстау облысының әкімдігі қонақүйдің ғимараттары бір қабатты ғана болатынын мәлімдеді. Демек, ол салынғанымен, туризм бәрібір ұйымдасқан сипатқа ие болмайды. Мәселе басқалай шешілер еді: алдымен жергілікті билік Бозжыраға туристердің өз бетінше, төл көлігімен кіруіне тыйым салғаны, болмаса кіру уақытын шектегені абзал. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі. Көбейтұзды да солай аман сақтап қалғанымыз мәлім. Қазақстанның Биоалуандылықты сақтау қауымдастығының (ҚБСҚ) сарапшылары бірнеше дәйектеме келтірді. Біріншіден, бұл құрылыс Үстірттегі таңғажайып әрі бірегей биоалуандылығына қатер төндіреді. – Қонақүй құрылысы жүреді деп қарастырылып отырған аудан Үстірт арқары, уриал-муфлон, қарақұйрық, қарақұлақ-қарақал (мысықтұқымдас жыртқыш) және басқа да Қызыл кітапқа енген сирек аңдар мекен ететін аумақ. Олар сол жерден табан аудармай, миллиондаған жылдар бойы тіршілік етуде. Енді ол жаққа адамдар, құрылыс техникалары ағылса, трасса-жолдар салынса, инфрақұрылымды қамтамасыз етуге бағытталған өзге де қозғалыс жанданса, табиғаттың тыныштығы бұзылады, қоршаған орта талқандалады, сирек жануарлар популяциясына орны толмас нұқсан келеді, – деді қауымдастық. Екіншіден, бұл Үстіртті ЮНЕСКО-ның әлемдік тізіміне қосуға кедергі. «Бозжыра орналасқан Үстірт – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұра тізіміне қосылу әлеуеті зор Қазақстанның барынша перспективті нысаны. Ал әлемдік мұраға қосылудың басты бір шарты – нысанның тұмса табиғатын, әсемдігін, бүтіндігін сақтау (VII критерий). Алып құрылыс техникалары қолданылатын кез келген коммерциялық құрылыс бұған зиян келтіреді», – деді ҚБСҚ. Үшіншіден, Бозжырада қонақүй ашылса, болашақта Үстірт қорығын кеңейтуге кеңістік қалмайды. 2015 жылы дәл сол телім – қорықты кеңейту аумағы ретінде ұсынылған болатын. Ел Үкіметі, БҰҰ Даму бағдарламасы жобасы аясында табиғи-ғылыми негіздемесі де әзірленді, ол мемлекеттік экологиялық сараптамадан табысты өтті. Алайда билік кейін ол райынан қайтып қалды: Қансу мұнай-газ кен орнын барлау жоспары бекітілген-тін. Бүгінде барлау доғарылды. Үстірттің өркен жаюына сафари-отель ғана тоспа болуы ықтимал. Төртіншіден, бұл жобаға археологтер де қарсы: осы ауданда палеолиттен бастап ерте орта ғасырға жататын археологиялық ескерткіштер орналасқан, тек мемлекет қаржы таппағандықтан зерттелмей жатыр. Бесіншіден, топырағы да, таулары да гипстен құралған Үстірт, Бозжыра ерекше мәпелеуді қажет ететін, аса нәзік, өте осал өңір. Қатты басылып, ықпал ететіні сонша, бір рет жүріп өткен машинаның ізі ондаған жыл бойы сайрап жатады. Сондықтан Үкімет бұл жаққа бет қоятын әрбір көліктің жүрісін қатаң бақылағаны жөн. Бұған GPS, жер серіктері, заманауи технологиялар көмекке келе алады. Сарапшылар қазіргі қаптаған «сафарилердің», автосаяхатшылардың, экспедиция қатысушыларының тұрақты дала жолдарынан тыс шығып, шатқалды кезуіне тыйым салу керек дейді. Қорыта айтқанда, туризм дамуы үшін қолданыстағы трассалар бойында Үстірт қорығының визит-орталығын құрған жөн. Қонақүйлер де соның маңында орналасқаны абзал. Мамандар бұған жер телімін Ақтау – Бекет ата асфальтты жолының маңынан іздеген жөн дейді. Айталық, Бозжыраға шамамен 20 шақырымдай таяп келетін тұстары бар екен. Саяхатшылар Үстірттің небір ғажайып фэнтези-фильмдерге декорация бола алар орындарына сол визит-орталықтан бара алады. Бозжырадағы құрылыс – тек бизнестің шаруасы емес. Ол инвестордың, экологтердің, қоғамның келісімді қимылын қажет етеді. Әйтпесе, ақшаға елігіп жүріп, айырылып қалсақ, екінші Бозжыраны қазаққа енді ешкім бермейді.Айхан ШӘРІП