Қолыңыздағы жалған ақша емес пе?
Қолыңыздағы жалған ақша емес пе?
132
оқылды

Егер қапияда алданып қалып, жалған ақшаға тап болсаңыз, құтылуға асықпаңыз. Керісінше, ол туралы бірден құзыретті органдарға хабарлаған жөн. Сонда қылмыскерлерді тез ұстауға көп көмек көрсетесіз. Ал керісінше өткізіп жіберуге тырыссаңыз, онда дүние-мүлкіңіз тәркіленіп, 5-15 жылға сотталуыңыз мүмкін. «Одан сақтанудың бір жолы өте мұқият болу және электронды есеп айырысуға көшу», – дейді мамандар.

Ең көп банкнот –100$

Жыл басынан бергі 10 айда елімізде қолдан ақша жасау бойынша 206 қылмыс тіркеліпті. Тәркіленген жалған купю­ра­лар­дың жалпы сомасы теңгемен есеп­тегенде 460 миллионнан ас­­қан. Бұл шетел валю­тасымен ал­ғанда 1 миллион АҚШ долла­рынан көп. Мамандардың ай­туынша, көп ретте 100 АҚШ долларлық және 10 000, 5 000, 2 000 теңгелік купюралар қолдан жа­салады екен. Мәселен, биыл ай­налымнан алынған 11 571 жал­ған банкноттың ішінде ең көбі, яки 9 275 данасы 100 $ купюралар. Одан соң 10 000 теңгеліктер – 482, 2 000 теңгеліктер – 440, 5 000 тең­ге­ліктер – 386, 50 доллар­лықтар – 375 және 500 еуро – 181 дана. Сондай-ақ 500 теңгелік – 167, 200 теңгелік – 147, 1 000 тең­­гелік – 94, 5 000 рубльдік – 9, 20 000 теңгелік – 4 және тағы да басқа да купюралар кез­дескен. Соның ішінде бір-бір да­надан 100, 50 теңгелік монеталар бар. «Биылғы фактілердің ең үлкені күні кеше тіркелді. Алматы қаласы бойынша Эко­номикалық тергеу департаментінің қыз­меткерлері өте ірі көлемде шетел валютасын өткізу жолын кесті. Қараша айының 13-і күні олар жалпы сомасы 293 200 АҚШ доллар болатын 2 932 дана 100$-лық банкноттарды өткізіп жатқан жерінен К. есімді азаматты қолға түсірді. Одан бөлек, оның 600 мың доллардан астам жалған ақшаны жасырып сақтап отырғаны анықталды. Осылайша, ол кісіден 100 долларлық жалпы саны 9 000 жалған банкнот табылды. Сот шешімімен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда», – дейді Қаржы мониторингі комитетінің Кри­миналистика басқармасының бас­шысы Марат Өмірғалиев. Қолдан жасалған шетелдік валю­талар елімізге көп ретте Түр­кия, Ресей және Өз­бекстаннан келеді екен. Онда негізінен 100, 50 долларлық және 500 еуролық банк­ноттар кездеседі. Ірі көлемде ақша жасаумен тран­сұлттық ұйым­дасқан қылмыстық топтар айна­лысады. Ал теңге тек еліміздің ау­ма­ғында жасалады. Жыл басынан бері елі­мізде жалған ақша жасайтын 5 бас­пахана жойы­лыпты. Соның ең ірісі Алматы қаласында анықталған. Наурыз айында Алматы қаласы Экономикалық тергеу депар­таментінің қызметкерлері жалған банкноттар жасайтын жасырын цехты тауып, жедел іздестіру шаралары барысында екі жігітті қолға тү­сіреді. Олардан 2011 жылғы үлгідегі но­миналы 10 000 теңгелік 800-ден астам купюра алынып, бірі 3,5 жылға бас бостан­дығынан айырыл­са, екіншісі 5 жылға шартты мерзімге сотталды.

Күрделі қорғаныс – қолданысқа күрмеу

«Ақша жасау бүгінгі заманда оңай болып кетті», – дейді ма­мандар. Түрлі түсті прин­теріңіз, шығыс материалдарыңыз бен кә­сіби фотоаппаратыңыз болса, жеткілікті. Қанша ақша керек, шығара бересіз. Бірақ мұндағы мәселе, санда емес, сапада. Өйт­кені ол ақ­шаның жалған екенін анықтау қиындық ту­дырмайды. Бірақ заң­мен қу­даланатынын білетін қыл­мыскерлер бұл іске үлкен ыж­даһатпен қарайтыны сөзсіз. «Ақша банкноттарының бір­неше түрлі қорғаныс дәрежесі бар. Сол себеп оларды айнытпай жасау мүмкін емес. Десек те, адам­нан айла артылған ба? Қазір қыл­мыс­керлер ақшаны көзбен көр­генде өтірік-шынын ажырата ал­май­тындай етіп жасауды мең­герген. Мәселен, мұндағы ең бірінші ерек­шелік қағазында болса, қазір олар шытырлап тұратын эмиссионды қағаздарды пайда­ланатын болыпты немесе қолданып жүрген қағазына қаудырлақ етуге арнаған лак жа­ғады. Ал сутамғы белгілерін ар­наулы қа­рындашпен таңбалайды немесе қағаз қа­баттарының ара­сына жұқа үлдірге басып енгізеді. Бұрын бояулары су тисе, ағып ке­тетін, қазір олай емес. Одан бөлек, суреттер мен цифрлардың бұ­жырлығы білінуі үшін олардың бетін қажап қояды. Ендігі кезек құбылмалы люминесцентті бояу, жылтырақ металл таспа мен гало­граммалық өрнектерге келіп тұр. Бірақ бұл қорғаныс эле­менттерін жасау өте қиын. Өйткені металл таспалар қағаз қабаттарына көктей өрілсе, қағаз құрамында ультра­күлгінде ғана шағы­лы­сатын тал­шықтар бар. Бірақ оларды тексеру үшін зертхана керек. Ал көшедегі кез келген адам ақша тексеру үшін зертхана іздеп жүрмейтіні анық қой», – дейді ІІМ Қостанай ака­демиясының Қыл­мыстық процесс және криминалистика кафед­ра­сының оқыту­шысы, полиция майоры Самат Даиров. Қылмыскерлер көбіне айна­лымда жиі кездесетін 1 000, 2 000 және 5 000 теңгелік купюраларды жасауға тырысады екен. Өйткені көп адам оларға ұсақ ақша ре­тінде немқұрайды қарап, мұқият тек­серіп жат­пайтын кө­рінеді. Сон­дай-ақ соңғы уақытта асқан ше­­берлікпен дайындалған 2 000 тең­гелік купюралар кө­бей­ген. Тіпті, оның өтірік ақша еке­нін банк қыз­мет­керлері де аңғармай қалыпты. Мұн­дай оқи­ға өткен айда Павлодар қала­сында болды. «Бұл деректі біздің депар­та­менттің қыз­меткерлері анықтады. Айнытпай жа­салғаны соншалықты оларды кассирлер де байқамай қалған. 2012 жылғы үлгідегі бұл банк­ноттарда қорғаныс белгілері ими­тацияланған және жасалу тәсілі де басқаша. Қылмыстық іс қоз­ғалып, тергеу жүруде» деп ха­бар­лады Павлодар облысы бойынша ЭТД баспасөз хатшысы Максим Зенгер.

Мамандардың айтуынша, көп ретте 100 АҚШ долларлық және 10 000, 5 000, 2 000 теңгелік купюралар қолдан жасалады екен.

Одан бөлек, «баспагерлер» соңғы уақытта жартылай шын ақшалар жасауға көшіпті. Мәселен, кәдімгі купюраны екіге бөліп, жар­­тысына принтерден шығарған өтірік ақшаның бөлігін жалғайды екен. Сосын онысын терминалға өткізіп жіберетін көрінеді. Ал ультракүлгін түске тексерген кас­саларда олардың шын жарты жағын ғана салып, алданып қалған оқи­ғалар кез­дескен.

Жалған ақша жарға жығады

Елімізде жалған ақша айна­лымы тұрғын халқы көп облыс орталықтары мен ме­гапо­лис­терде кеңінен тараған. Ал қай­наған ор­тасы – Алматы қаласы. Өйткені мұнда базарлар мен сауда орындары өте көп. Қа­ланың өзі тарихи сауда қатынасы жолында орналасқан. Сондықтан да жалған ақшаны өткізуге өте қолайлы. «Егер жалған ақшаға тап бол­саңыз, ол сіз үшін шығын боп есеп­телетіні сөзсіз. Қо­мақты сома – қып-қызыл шығын. Ендеше оны тездетіп тиісті орындарға хабарлап, кінәлі адамды анықтауға тыры­сыңыз. Сонда ғана шын ақшаңызды қайтаруға мүм­кіндігіңіз артады. Ал керісінше оны білдіртпей өткізіп жіберемін деп ойласаңыз, онда қылмыстық тізбектің бір мүшесі боп саналып, заңмен қудалануыңыз мүмкін. Жалған ақша жарға жы­ғатынын ұмыт­паңыз! Оны банктер де сізге айыр­бастап бер­мейді. Прак­­­тикада бұл шы­ғынды сізге тек сот кінәлі деп таныған адам ғана өтеп береді», – дейді ҚМ ҚМК Кри­миналдық басқарма маманы Жан­дос Шай­хығалиев. Жалған ақша жасаушыларды әуесқой және кәсіпқой деп екіге бөлуге болады. Біріншісіне қалта шығынын жабу үшін тиіп-қашып интернеттен үйренгені бойынша қолда бар принтерде ақша жасай­тын сту­денттер немесе тұрақты табысы жоқ жас жі­гіттер жатады. Олар жасағанын бір-екі рет сәтті өткізіп жіберген соң арасына уа­қыт салып қайта оралуы мүмкін. Бірақ мұндайлар бірен-саран ғана. «Ақша жасаушылардың басым бөлігін бұрын сотты болған, осын­дай тәсілмен табыс табуға әдет­тенген қылмыскерлер құрайды. Олар өзіне жақын, баспаханалық істен ха­бары бар адамдарды жинап, цехтың жұ­мысын жолға қойып, жалған ақша жасау­мен мақсатты түрде айна­лысады. Бірін-бірі бау­лиды. Әр мүшесіне рөлін бөліп береді. Осы­лайша, кәсіби қыл­мыстық топқа ай­налады», – дейді Жандос Аман­жолұлы. Теңге банкноты тек елімізде ғана жаса­лады екен. Өйткені бас­қа елде біздің ақша жүрмейді. Ал шетелдік валютаны жасау үшін технологиялық озық қымбат жаб­дықтар керек. Әрі халқымыздың саны аз бол­ғандықтан, оны өткізу нарығы да кішкентай. Сондықтан олар шетелден әкелінеді. Биыл бір партиямен миллион дол­ларға жуық жалған ақша кел­геніне қа­ра­ғанда еліміздегі «қыл­мыстың қара ба­за­рында» бір бет­бұрыстар бастал­ғалы тұрғанға ұқ­сайды.

Нұрлан ҚОСАЙ