Айтылған сөз... жазаға себеп!
Айтылған сөз... жазаға себеп!

«Жетісу» волейбол ко­мандасының ойыншысы Алеся Сафронованың мә­лімдемесі Қазнетті дүр сіл­кіндірді. «Қазақстанда бәрі сатылады» деп шынын айт­қан волейболшы «желінің құрбаны болдым» деп отыр. Оның айтуынша, Саф­­ронова елде емес, «федерацияда бәрі са­тылатынын» нұсқаған. Ра­сымен, солай ма? Бұған во­лейбол федерациясы мен Спорт және денешы­нықтыру істері комитеті не дейді?

­Тәжірибелі ойыншыны жоғалтудың жөні жоқ

Иә, бұл – Алеся Сафронованың БАҚ-қа берген сұхбатынан үзінді. «Өте тартысты матч болды. Бұл сөздерді эмоциямен айттым. Бұған дейін федерациямен арамызда мәселе болған жоқ. Мен сияқты тәжірибелі ойыншыны жоғалтудың жөні жоқ. Олар мені түсінеді деп ойлаймын. БАҚ-та сөзімді бұр­малап берген. Негізі, «Қа­зақ­станның» орында «Қазақстан федерация­сында» болуы керек еді. Қарсылас команда өкілдері ин­тернетте шу көтергісі келген бо­лар», – деді ол. Неліктен ойыншы бұл әрекетке қарсылас команданы кінәлайды дерсіз. Ал мұндай мәлімдеме жасауға не себеп болды? Волейболсүйерлер Сафро­нованың неге бұлай тулағанын түсінеді. Өйткені қатарынан «Алтайға» төрт рет есе жіберу ашын­дырды. Волейбол әлемінде «Жетісу» мен «Алтайдың» арпа­лысы кәрі құрлықтағы «Бар­селона» мен «Реалдың» те­кетіресін еске түсіреді. Қос клубтың әр кездесуі жанкүйердің делебесін қоздырып, олар командалардың «матчболға дейін жетпеуін» іштей тілейді. Ойын тағдыры ерте шешіліп, шын мықтыны айқын анықтамаса, артынан көп сөз айтылып, желіде түрлі талқы туарын сезеді. Ал 12 қараша күнгі ойын «өліспей беріспеуді» еске түсірген-ді. 4 сеттегі есеп: 25:27, 22:25, 25:23, 23:25 («Жетісу» – «Алтай») Таблодағы есеп «Движение вверх» фильмін еске салып, жарқын эмоция сыйлаған болар. Себебі Волейбол федерациясы өкілдері де матч есебі Алеся Сафронованың жүйкесіне тигенін айтады. «Кез келгенге бір айда төрт рет жеңілу оңай тимейді. Оның үстіне, ес­туімізше «Жетісу» басшылығы командаға қатаң талап қойған. «Егер осы ойында «Алтайға» есе жіберсе, бапкер мен ойыншылар орнын босататынын» айтқан. Матчты тамашалаған әрбір адам «Жетісудің» қалай жан алып, жан беріскенін көрді. Клуб басшы­лығымен сөйлесіп, команда ішін­дегі жағдайды чемпионатқа ара­­лас­тырмауын сұрадық. Әрине, Саф­ронованың бұл тұста эмо­циясын игере алмайтыны анық. Өйткені команданың бас бапкері Бурхан Жанболат – Алесяның күйеуі», – дейді волейбол феде­­рациясының бас хатшысы Ермек Әмірбекұлы. Айтпақшы, Бурхан Жанболат пен Алеся Сафронова 2018 жылы «Алтай» асып, «Же­тісуға» жеткен-ді.

Күйеуі – бапкер, әйелі – капитан

Бас хатшы елдегі осы «еркін­дікке» наразылығын білдірді. Өйткені АҚШ, Түркия, Ұлы­британия елдерінде ерлі-зайып­тыларға бір командада ойнауға тыйым салынған екен. Азия во­лейбол конфе­дерациясының мү­шесі «күйеуі – бапкер, әйелі – капитан болса, ішкі тәртіп бұзылуы мүмкін», – дейді. Әрі ойындағы төрешілердің шешіміне наразы болған Сафроноваға федерация өкілінің айтары бар. «Жетісу» мен «Алтай» матчында төрелік еткен И.Қабылбекова мен Ю.Акулова білікті маман. Олар шетелде, әлемдік кездесулерде төреші болып жүр. Алеся Сафро­нованың мәлімдемесінен кейін жұрттың дүрлігуін басу үшін Азия волейбол конфедерациясына төрешілердің қызметін бағалауға өтініш жасадым. Ойынды толық тамашалаған олар төрешілердің барынша әділ болғанын айтты. Мен де олардың кәсіби білігіне күмән келтірмеймін. Өйткені во­лейбол федерациясындағы 8 арбитр әлемдік додаларда төреші бола­ды»,– дейді федерацияның бас хатшысы. Әңгіме барысында федерация өкілдері әр фактіге аргумент ұсын­ды. Кей спортшылардың өзінше болжамы федерацияның шамына тиген секілді. Илья Ильин­нің Са­фроноваға жақтас­қанын айтқа­нымызда, «әр федера­цияның заңы басқа» екенін еске салды. «Әркім сөзіне жауап беруі керек. Спорт комитеті бекіткен арнайы қаулы бар. Әлеуметтік желіде дис­криминация жасап, төрешілерге тіл тигізгендерді арнайы жаза күтіп тұр. Сондықтан Сафронова тур соңына дейін ойыннан шеттетілді. Ал «бір ойынға ғана шеттетуге болады ғой, халықаралық феде­рация солай істейді» дейтіндерге айтарым, бе­­кітілген заңға қарсы шыға ал­маймыз. Халықаралық феде­рация мен Ұлттық феде­рацияның бағыты бөлек. Мысалы, осы жағдайға Америка бір басқа, Түркия мүлдем басқа шешім қабылдар еді. Одан әрі комитетпен бірге шешім шы­ғарамыз», – дейді Ермек Әмір­бекұлы. Демек, ойыншы 29-рет ұйым­дастырылған ел чемпионатының алғашқы тур ойындарына қа­тыс­пайды. Оның алдағы тағдырын комиссия мүшелері шешеді. Феде­рация мүшелері шара қолданамыз деп отыр. Ал Спорт және дене­шынықтыру істері комитеті «феде­рацияның атқарушы коми­тетінің спортшыға қатысты шешімін күте­міз» деп кесіп айтты. Елдегі во­лейбол жанкүйерлеріне атқа­рушы комиссияның не айтары қызық. Ұлттық құрама ойыншысын «сотқа береді, маусым соңына дейін шет­тетеді» деген қанқу сөз анық емес. Сол үшін федерация кеңестен кейін мәлімдеме жасамақ.

Кім не дейді?

Сафронованың «Қазақстанда бәрі сатылатынын» айтқаны сол-ақ екен әлеуметтік желі қоштай кет­ті. Мұны ойыншы да жасырған жоқ. Сұхбатында қолдап, хат жіберіп жатқан жанкүйерлеріне, халыққа алғысын айтты. Өйткені ел ішінде #НемолчиАлеся хеш­тегімен акция басталып кеткен-ді. Ел іші кез келген істің бүкпесіз айтылып, ашық қоғам қа­лып­тасқанын қалай­тынын жа­рыса жазып жатыр. Кей­бір спортшылар Алеся Сафро­новаға дем беріп, шешімді күтуін сұрады. Қош, биыл қыркүйек айында жас теннисші Сабина Байғали да федерацияға шағым айтқан-ды. Өзінің елордадағы мықты теннис­шілердің бірі болғанымен, бап­керлер жарысқа апармайтынын бұлдаған. Бірақ федерация жыл­дам жауап беріп, тен­нис­шілерді ақысыз жат­тықтыруды шектегенін атап өткен. Жас ойыншылардың бұлай мәлімдеме жасауын, ақысыз жаттығуға ілінбей қалуымен тү­сіндірген-ді. Федерация ішкі жұмысты толығымен тексереміз дегенімен, теннисшінің анасы істі соңына дейін жеткізетінін айтқан еді. Бірақ қазір бапкерлер «ел тен­нисінің ертеңі» деп бағалаған Сабина Байғали корттан көрінбей жүргені... Иә, федерация мен ойыншы арасындағы дау әлемдік спортта жиі кездеседі. Мәселен, Месси «Америка кубогын ұйымдас­ты­руда жемқорлықтың иісі шы­ғатынын» тілге тиек еткен. Эмо­­­­цияға толы мәлімдемесінен кейін оны 2 жылға ұлттық құра­­мадан шеттететіні айтылған. Алайда шеттету уақыты 2 ойынға дейін қысқарған-ды. Сол сияқты Сафронова да БАҚ өкілдері айт­қандай, маусым соңына дейін шеттетілмеуі мүмкін. Бірақ ақыр­ғы шешім атқарушы комис­сия­ның құзырында.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ