«Жетісу» волейбол командасының ойыншысы Алеся Сафронованың мәлімдемесі Қазнетті дүр сілкіндірді. «Қазақстанда бәрі сатылады» деп шынын айтқан волейболшы «желінің құрбаны болдым» деп отыр. Оның айтуынша, Сафронова елде емес, «федерацияда бәрі сатылатынын» нұсқаған. Расымен, солай ма? Бұған волейбол федерациясы мен Спорт және денешынықтыру істері комитеті не дейді?
Тәжірибелі ойыншыны жоғалтудың жөні жоқ
Иә, бұл – Алеся Сафронованың БАҚ-қа берген сұхбатынан үзінді. «Өте тартысты матч болды. Бұл сөздерді эмоциямен айттым. Бұған дейін федерациямен арамызда мәселе болған жоқ. Мен сияқты тәжірибелі ойыншыны жоғалтудың жөні жоқ. Олар мені түсінеді деп ойлаймын. БАҚ-та сөзімді бұрмалап берген. Негізі, «Қазақстанның» орында «Қазақстан федерациясында» болуы керек еді. Қарсылас команда өкілдері интернетте шу көтергісі келген болар», – деді ол. Неліктен ойыншы бұл әрекетке қарсылас команданы кінәлайды дерсіз. Ал мұндай мәлімдеме жасауға не себеп болды? Волейболсүйерлер Сафронованың неге бұлай тулағанын түсінеді. Өйткені қатарынан «Алтайға» төрт рет есе жіберу ашындырды. Волейбол әлемінде «Жетісу» мен «Алтайдың» арпалысы кәрі құрлықтағы «Барселона» мен «Реалдың» текетіресін еске түсіреді. Қос клубтың әр кездесуі жанкүйердің делебесін қоздырып, олар командалардың «матчболға дейін жетпеуін» іштей тілейді. Ойын тағдыры ерте шешіліп, шын мықтыны айқын анықтамаса, артынан көп сөз айтылып, желіде түрлі талқы туарын сезеді. Ал 12 қараша күнгі ойын «өліспей беріспеуді» еске түсірген-ді. 4 сеттегі есеп: 25:27, 22:25, 25:23, 23:25 («Жетісу» – «Алтай») Таблодағы есеп «Движение вверх» фильмін еске салып, жарқын эмоция сыйлаған болар. Себебі Волейбол федерациясы өкілдері де матч есебі Алеся Сафронованың жүйкесіне тигенін айтады. «Кез келгенге бір айда төрт рет жеңілу оңай тимейді. Оның үстіне, естуімізше «Жетісу» басшылығы командаға қатаң талап қойған. «Егер осы ойында «Алтайға» есе жіберсе, бапкер мен ойыншылар орнын босататынын» айтқан. Матчты тамашалаған әрбір адам «Жетісудің» қалай жан алып, жан беріскенін көрді. Клуб басшылығымен сөйлесіп, команда ішіндегі жағдайды чемпионатқа араластырмауын сұрадық. Әрине, Сафронованың бұл тұста эмоциясын игере алмайтыны анық. Өйткені команданың бас бапкері Бурхан Жанболат – Алесяның күйеуі», – дейді волейбол федерациясының бас хатшысы Ермек Әмірбекұлы. Айтпақшы, Бурхан Жанболат пен Алеся Сафронова 2018 жылы «Алтай» асып, «Жетісуға» жеткен-ді.Күйеуі – бапкер, әйелі – капитан
Бас хатшы елдегі осы «еркіндікке» наразылығын білдірді. Өйткені АҚШ, Түркия, Ұлыбритания елдерінде ерлі-зайыптыларға бір командада ойнауға тыйым салынған екен. Азия волейбол конфедерациясының мүшесі «күйеуі – бапкер, әйелі – капитан болса, ішкі тәртіп бұзылуы мүмкін», – дейді. Әрі ойындағы төрешілердің шешіміне наразы болған Сафроноваға федерация өкілінің айтары бар. «Жетісу» мен «Алтай» матчында төрелік еткен И.Қабылбекова мен Ю.Акулова білікті маман. Олар шетелде, әлемдік кездесулерде төреші болып жүр. Алеся Сафронованың мәлімдемесінен кейін жұрттың дүрлігуін басу үшін Азия волейбол конфедерациясына төрешілердің қызметін бағалауға өтініш жасадым. Ойынды толық тамашалаған олар төрешілердің барынша әділ болғанын айтты. Мен де олардың кәсіби білігіне күмән келтірмеймін. Өйткені волейбол федерациясындағы 8 арбитр әлемдік додаларда төреші болады»,– дейді федерацияның бас хатшысы. Әңгіме барысында федерация өкілдері әр фактіге аргумент ұсынды. Кей спортшылардың өзінше болжамы федерацияның шамына тиген секілді. Илья Ильиннің Сафроноваға жақтасқанын айтқанымызда, «әр федерацияның заңы басқа» екенін еске салды. «Әркім сөзіне жауап беруі керек. Спорт комитеті бекіткен арнайы қаулы бар. Әлеуметтік желіде дискриминация жасап, төрешілерге тіл тигізгендерді арнайы жаза күтіп тұр. Сондықтан Сафронова тур соңына дейін ойыннан шеттетілді. Ал «бір ойынға ғана шеттетуге болады ғой, халықаралық федерация солай істейді» дейтіндерге айтарым, бекітілген заңға қарсы шыға алмаймыз. Халықаралық федерация мен Ұлттық федерацияның бағыты бөлек. Мысалы, осы жағдайға Америка бір басқа, Түркия мүлдем басқа шешім қабылдар еді. Одан әрі комитетпен бірге шешім шығарамыз», – дейді Ермек Әмірбекұлы. Демек, ойыншы 29-рет ұйымдастырылған ел чемпионатының алғашқы тур ойындарына қатыспайды. Оның алдағы тағдырын комиссия мүшелері шешеді. Федерация мүшелері шара қолданамыз деп отыр. Ал Спорт және денешынықтыру істері комитеті «федерацияның атқарушы комитетінің спортшыға қатысты шешімін күтеміз» деп кесіп айтты. Елдегі волейбол жанкүйерлеріне атқарушы комиссияның не айтары қызық. Ұлттық құрама ойыншысын «сотқа береді, маусым соңына дейін шеттетеді» деген қанқу сөз анық емес. Сол үшін федерация кеңестен кейін мәлімдеме жасамақ.Кім не дейді?
Сафронованың «Қазақстанда бәрі сатылатынын» айтқаны сол-ақ екен әлеуметтік желі қоштай кетті. Мұны ойыншы да жасырған жоқ. Сұхбатында қолдап, хат жіберіп жатқан жанкүйерлеріне, халыққа алғысын айтты. Өйткені ел ішінде #НемолчиАлеся хештегімен акция басталып кеткен-ді. Ел іші кез келген істің бүкпесіз айтылып, ашық қоғам қалыптасқанын қалайтынын жарыса жазып жатыр. Кейбір спортшылар Алеся Сафроноваға дем беріп, шешімді күтуін сұрады. Қош, биыл қыркүйек айында жас теннисші Сабина Байғали да федерацияға шағым айтқан-ды. Өзінің елордадағы мықты теннисшілердің бірі болғанымен, бапкерлер жарысқа апармайтынын бұлдаған. Бірақ федерация жылдам жауап беріп, теннисшілерді ақысыз жаттықтыруды шектегенін атап өткен. Жас ойыншылардың бұлай мәлімдеме жасауын, ақысыз жаттығуға ілінбей қалуымен түсіндірген-ді. Федерация ішкі жұмысты толығымен тексереміз дегенімен, теннисшінің анасы істі соңына дейін жеткізетінін айтқан еді. Бірақ қазір бапкерлер «ел теннисінің ертеңі» деп бағалаған Сабина Байғали корттан көрінбей жүргені... Иә, федерация мен ойыншы арасындағы дау әлемдік спортта жиі кездеседі. Мәселен, Месси «Америка кубогын ұйымдастыруда жемқорлықтың иісі шығатынын» тілге тиек еткен. Эмоцияға толы мәлімдемесінен кейін оны 2 жылға ұлттық құрамадан шеттететіні айтылған. Алайда шеттету уақыты 2 ойынға дейін қысқарған-ды. Сол сияқты Сафронова да БАҚ өкілдері айтқандай, маусым соңына дейін шеттетілмеуі мүмкін. Бірақ ақырғы шешім атқарушы комиссияның құзырында.