Омарбекованы жұмыстан шығарған кім?
Омарбекованы жұмыстан шығарған кім?
253
оқылды

Биші Перизат Омарбекова өзі талай жыл еңбек еткен «Қазақ­кон­церттен» жұмыстан шығып қал­ғанына өкпелі. Әлемнің 30-дан астам елін қазақ биімен тәнті еткен биші қызды жұмыстан шығаруға не себеп болды?

«Қазақконцерттен» кеткен жоқпын. Мені жұмыстан шығарып жіберді», – дейді биші Перизат Омарбекова. –1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымым  еді. Менің өнерімді сахнадан көріп, ұнатып, «Қазақконцертке» өз­дері шақырған болатын. Ол кезде бас­шылықта Валерий Күзенбаев деген кісі еді. Алтынбек Қоразбаев ағамыздың өзі «Қазақ­концертке» 3-4 жылдан кейін келді. Алтынбек аға ең әуелі менің жаттық­тыру­шымды жұмыстан шығарып жі­берді. Бишілерге жаттықтырушы ауадай қажет адам. Мая Плицеская деген орыстың атақ­ты бишісі болды. Сол кісінің қасында өле-өлгенше жаттықтырушысы бірге жүр­ді. Спортта да тренер міндетті түрде жан­дарында жүреді ғой. Сол секілді бишінің де қасында жаттықтырушысы болуы керек. Бәріміздің қарсылығымызға қара­мастан, жағдай солай болды. «Кә­сіби биші өзі биді қоя алады» деген талап қойды». Биші өзінің  екінші концертінен кейін үлкен кештерге шыға алмай қалғанына қапаланады. Сөйтіп жүргенінде жұмыстан біржола шығарып жіберіпті. «Жұмыстан шыққаны» туралы хатты үйге жіберіпті.  «Бес жасымнан сахнада жүрген қызбын. Қазақ өнеріне барлық өмірімді арнап келе жатқан адаммын. Би өнеріне азды-көпті еңбек сіңірдім деп айта аламын. Әлемнің 30-дан астам елінде би билеп, қазақтың туын желбіретіп келдім. Бірақ біз өз еліміз­де неге бағаланбай қаламыз? Үндемей жүре берер едім. «Қазақконцерттің» 60 жылдық мерейтойында іздемеді, ешқандай кештерге шақырмады. 20 жыл бойы осы «Қазақконцерттің» жалғыз бишісі болдым ғой.  Темір де үзіледі. Шыдамның да шегі болады екен. Осы нәрсе жаныма қатты батты. Басшылықтың «күте тұрыңыз» дегеніне қаншама жыл болды», – дейді биші. Перизат Омарбекова өз басы­нан өтіп жатқан жағдай ту­ралы айтып, әлеуметтік желіде де жа­найқайын жеткізгенімен, әзірге хабарласқан ешкім болмапты. Басшы­лық та үнсіз жатқан секілді. «Жауабын күтіп жүрмін», – дейді биші. Жылт еткен әншінің көбі табыссыз қалған жоқ. Пандемияға дейін той-тома­лақта ән айтып, қалтасын қалыңдатып келді. Ән­шінің жеке табысы бар, ал би­шінің ше? «Биші ретінде тойға көп шықпаймын. Менің екі қызым бар. Үлкен қызым уни­верситетте ақылы бөлімде оқыды. Жал­ғызбасты ана болғаныма  қарамастан, жұ­мыстан шығарып жіберді. «Бұл қалай күн көріп жүр?» деген сұрақ та болмады. Жан бағу керек болған соң мектебімді ашып, сонымен күн көруге тура келді. Ұзынағашта өнер мектебі бар. Соған қо­сымша жұмысқа тұрдым», – дейді Перизат. Оны өкінтетін дүние  – ұзақ жыл жұмыс істеген ұжымынан се­беп­сізден себепсіз босағаны. «Қазақ­концертте» ба­летмейстер немесе жаттықтырушы болып та жұмыс істей беруіме болар еді», – дейді кейіпкеріміз. Жұмыссыз жүр­ген бишіге жан бағу оңай бол­маған сияқты. «Бұрын атақты өнер адамдарының өмірінің соңы қиындықпен өткенін  оқығанда таң­ғалатын едім. Олар неге бұлай болды екен деп ойлаушы едім. Сондай жағдай қазір өз басымнан өтіп жатыр», – дейді биші қыз. Қазір биші Алматыдағы «Ала­тау» дәстүрлі өнер театрының со­лист-бишісі болып еңбек етіп жатыр. Бұл жұмысқа келгеніне де көп болған жоқ. Театрдың басшысы Дәлел Уашев бишінің жағдайын тү­сініп,  жұмысқа алған екен. «Жаңа билер, жаңа костюм дайындап жатырмын. Қазіргі жағдайым – осындай. Менің өнер жолым «Қазақконцерттен» басталған еді. Ғұмырымның жартысына жуығы осы ұжымда өтіп еді. Бұл  – басшылықтың ма­ған жасаған қиянаты. Маған ғана емес, өнерге жасалған қиянат деп білемін», – дейді Перизат Омарбекова. Шетелдерге сапарларын көбіне Мә­дениет министрлігі ұйымдастырған екен. «Қазақ биі керек кезде мені іздейді. Ал ұжым­дағы жағдай мүлдем бөлек болды. Алматыда, Нұр-Сұлтанда үлкен масштабта өтетін концерттерге шығармай ұстады. Неге бұлай болды? Бишілердің сахнадағы өмірі онсыз да қысқа ғой. Сол қысқа ғұ­мырыңды осындай жағдайлармен шектеп отырса, қалай жаның ауырмайды? Адам күйзеліске түсіп кетсе, қиын болады екен. Біраз уақыт күйзелісте жүрдім. Мұның бәрі өнер адамына оңай тимейді» деп қамығады биші. Ал бұл мәселеге қатысты белгілі ком­позитор Алтынбек Қоразбаев:  «Мен өз тарапымнан бұйрық беріп, Перизатты жұ­мыстан шығарған емеспін, артынан қудалаған да жоқпын. Перизатты көрмегелі 4-5 жылдай болып қалды. Ке­зін­де ала­сапыран уақытта «Қазақ­концерт» бір­лестігі «Қазақ Әуен­дері» ак­ционерлік қо­ғамынан мемле­кеттік концерттік ұйымы рес­публикалық мемлекеттік қазына­лық кәсіп­орынға көшкеннен кейін 20-30 адамның қысқарғаны рас. Соның ішінде Перизат Омарбекова да бар» деп жауап қайырған екен. «Қазақконцерт» мемлекеттік кон­церт­тік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлына қоңырау шалып едік. Ол кісі қоңырауымызға жауап берген жоқ. Ал баспасөз қызметіндегілер директордың іс­сапарда жүргенін айтты.

Айым БЕКТҰР