«Аңсаған сәбиге» қанша жұмсайды?
«Аңсаған сәбиге» қанша жұмсайды?
134
оқылды

Қазақстанда жыл сайын орташа есеппен 10 мыңдай экстракорпоральді ұрық­тандыру (ЭКҰ) талабы жаса­лады. Оның қаншасының нәти­жесінде өмірге сау-сала­матты сәби келгені туралы нақты статистика жоқ. Тіпті, бойына осылай бала біткен ана кейін түсік тастауы мүм­кін. Дегенмен мемлекет бұл тәсілді де қазақтың басын өсі­ретін шара ретінде қарас­тырып отыр.

Ел Президенті Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында Қазақстан халқының саны Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда аз екеніне өкініш білдіре келе, Үкі­метке «Аңсаған сәби» арнаулы бағ­дарламасын жүзеге асыруды тап­сыр­ды. Оған сәйкес, экстра­корпоральді ұрықтандыруға бөлі­нетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейтіледі. Басқаша айтқанда, осынша адамның ЭКҰ операциясын мемлекет бюджеттен қаржыландырады. Бұл бағдарлама 2021 жылдан бастап іске қосылмақ. Алайда бағдарламаның егжей-тегжейі әзірге белгісіз. Оның үстіне, егер бұл ем-шараны сапалы өткізе алмаса, ел бюджетінен қаржы­ландырылған қаншама мың ұрық­тандыру талабы босқа кетпек. Бұл салада елімізде төл зерттеулері де тым аз, некен-саяқ. Түсініктеме сұраған журналистерге Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл процедураның тиімділігін арттыру­ға күш салып жатқандарын жеткізді. «Кейінгі жылдардағы балалар­дың туылу санына қарай бағам­дасақ, ЭКҰ-ның тиімділігі 38 жасқа дейінгі жас әйелдерде жоғары және 40%-дан асады. 38 жастан кейін экстракорпоральді ұрықтандыру процедурасынан кейін бала туу саны 20%-ға дейін төмендейді. Денсаулық сақтау министрлігі ЭКҰ-ның нәтижелілігін жақсарту бағытындағы жұмысты жалғас­тыруда. Оның тиімділігінің іргетасы амбулаториялық-емханалық ұйым­дар деңгейінде қаланады. Болашақ аналарды тіркеуге алып, денсаулық жағдайын тексеру және жақсарту, ары қарай қадағалау солардың мойнында. Олар ЭКҰ жүргізуге тосқауыл болатын қарсы көрсе­тілімдерді уақытылы анықтап, жою­ға жәрдемдесуі керек. Сондай-ақ болашақ ата-ананы, яғни ұрық беруші мен ұрық қабылдаушыны емдеу процедураларына әзірлегені, ЭКҰ жүргізу үшін қажетті жағдай­ларды қамтамасыз еткені жөн», – деді ДСМ басшысы. Сонымен қатар донорлық био­логиялық материалдың – ұрықтың сапасы, оны дайындау және басқа да шаралар маңызды. Жалпы, ақысын өтеуге мемле­кет немесе медсақтандыру қоры көмектеспесе, ЭКҰ-ны қарапайым халықтың қалтасы көтере алмайды. Мысалы, жеке клиникаларда ана­лық безді стимуляциялауға арнал­ған қымбат препараттардың құнын қоспағанның өзінде, ЭКҰ бағдар­ламасы 370 мың теңгеден басталады. Және мұндай қызметке бір емес, бірнеше рет жүгінуге тура келмек. Айтпақшы, мансап қуып жүріп, уақытын өткізіп алған, әлі де болса көп нәрсеге қолы тие бермейтін саясат, бизнес және басқа да қауырт жұмыстағы айымдар үшін клиника­лар «Бизнес-леди» деген бағдар­ламалар ұсынылады. Оған аналық безді стимуляциялау, фолликулдар функциясы, тіпті аналық ұрықты болашақ резервке сақтау үшін криоконсервациялау кіреді. Мұн­дай бағдарлама 380 мың теңгеден қымбат тұрады. Ал «Шанхай хатта­масы» аталатыны 465 мың теңгеге дейін барады. Қорыта айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігіне «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыру үшін кем дегенде 2,6 миллиард теңге қажет болмақ.

Елдос СЕНБАЙ