Қармақшының киелі нысандары
Қармақшының киелі нысандары

Қоршаған ортамен үйлесімділікте өмір сүрген ата-бабаларымыз «кие» сөзіне ерекше мән беріп, кіндік қаны тамған туған жерінен бастап, тарихи тұрғыда өшпес із қалдырған тарихи орындарды киелі де қасиетті жер деп бағалаған. Рухани жаңғыра отырып, болашаққа бет түзеген халықтың ұлы даласы киелі жерлерге толы. Біз үшін батысы мен шығысы, беткейі мен теріскейі ұшқан құстың қанаты талатын аймақты алып жатқан Қазақстанның әрбір сүйем жері қасиетті де киелі.

«Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасы аясында Қызылорда об­лысы бойынша 12 тарихи ескерткіш еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне және 35 тарихи ескерткіш өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді. Оның ішінде Қармақшы ауданы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы және Қор­қыт ата кешені енсе, ал Бәбіш мола қала­шығы, Баланды ІІ кесенесі, Жетіасар мәдени ескерткіштері (Алтын асар, Жалпақ асар, Томпақ асар, Моншақты асар, Бидайық асар, Кіші қос асар, Үлкен қос асар, Жаман асар, т.б),  Марал ишан мазары, Қалқай ишан кесенесі, Бай­қоңыр ғарыш айлағы, өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілді. Қазақстанның киелі жері ретінде ерекше ба­ғаланатын табиғи және мәдени нысандар, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, ха­лық арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың ке­сенелері мен қорымдары, халық жадында елеулі із қалдырған тарихи-саяси оқиғаларға байланысты орындар танылады. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде ұлттық бірлік пен бірегейлік, жаңғыру нышаны ретінде маңызды орын алатын заман­ауи нысандар да  кіреді. Облыстың материалдық мәдени тари­хында сәулет ескерткіштері мен қала құрылыс­тары айрықша орын алады. Көне қа­ла­лар­дың орындары, керуен сарайлары, діни орын­дар мен мешіттер, мавзолейлер, қо­рымды-мінәжат кешендер – байырғы баба­ларымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің нақты айғағы. Мұндай мұралар Қар­мақшы ауда­нының аумағында көп кез­деседі. Қазақ­стан мәдениетінің алтын қорына жататын ескерткіштер бір кездері өлкеде өмір сүр­ген тайпалар мен халықтардың тарихын баян­дайтын мұрағаттар саналады. Осы ежелгі қалалардың тұрғындары мен қазақ халқының арасындағы тектестікті ұрпақтар сабақтастығын зерттеуді тереңдете түссек, аймағымыздың көне тарихының әлі де болса айқындала қоймаған тұстарын ашуға болады. ХІХ ғасырдың ортасында бірқатар орыс зерттеушілері В.Лерх, Берг, тағы басқалар. Қазақстанның аумағында, соның ішінде Сыр бойында орналасқан ортағасырлық қалаларды зерттей бастады. Алайда толыққанды зерт­теу жұмыстарын 1940-1950 жылдары КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған Хорезм археологиялық-этнографиялық экс­пе­дициясы жүргізді. Жарты ғасырға жуық жүргізілген бұл зерттеу жұмыстары Сыр бо­йында орналасқан кейінгі қола, ерте те­мір дәуірі, ортағасырлық археологиялық ес­кер­ткіштерді қамтыды. Бұл экспедицияны орыстың көрнекті археологтері С.Толстов, Л.Левина, Л.Ерзакович, Л.Яблонский, Б.Андрианов, т.б. ғалымдары қатысып зерттесе, ХХІ ғасырда еліміздің ғылымы мен мәдени ортасында үлкен серпіліс тудырған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша К.Байпақов, Ж.Құрманқұлов, С.Жолдасбаев, М.Елеуовтер өлкемізде  көне мәдени ошақтарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 1946 жылдан бастап Мәскеудегі архео­логиялық-этнографиялық институты жа­нын­дағы Хорезм экспедициясы Қармақшы, Қазалы аудандарының аумағында қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы зерттеу кезінде қола, сақ мәдениетіне тән ескерткішті анықтады. Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Алтын асар, Жетіасар ескерткіштерін қазған кезде табылған қыш ыдыстар кезінде сүт тағамдарын, дәндерді сақтауға пайдаланғаны анықталды. Егіншіліктің суармалы түрі қалыптасқанын көрсететін дән үккіш тас диірмендердің табылуы ерте кездегі өлке тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Көне ерте замандар мен орта ғасырдағы тарихи-мәдени ескерткіштеріміз туралы көптеген ғылыми тұжырымдалған мәліметтер көпшілікке кеңінен жарияланып жатыр. Тарихи маңызды қасиетті орындарда өмір сүрген халықтардың тұрмыс-тіршілігі өз заманында өркениеттің дамуына зор үлес қосқаны зерттеу жұмыстары нәтижесінде айқын көрінеді. Осын­дай тарихи құндылық­тарымыздың әлі де ашылмай жатқан сыр­ларын ашу мақсатында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық ма­қала­лары аясында көптеген ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық құндылықтарымызды осындай киелі нысандар арқылы жаңғырту, болашақ елдің иесі болар ұрпақты рухани бай мұрамен сусындата тәрбиелеу – ұлттың негізгі қа­ғидалардың бірі. Бірін-бірі толықтыратын «Туған жер» бағ­дарламасы мен «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» жобасы ар­қылы туған жер мен киелі жерге деген шы­найы патриоттық сезім арқылы екеуінің са­бақтастығы болашақ ұрпақтың біртұтас мызғымас тарихи санасын қалыптастырады. Туып-өскен жерге деген сүйіспеншілік әр­бір азаматтың санасында жүйелі түрде қа­лыптасып, Отанымызға де­ген патриоттық сезімге ұласса, сонда ғана Қа­зақстанның қа­сиетті жерлерін қастерлеу – бізді кез кел­ген рухани жұтаңдықтан сақтап, ұлттық мақ­танышымыздың қайнар бұлағы болары анық.

Миуа

     

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы