Қоршаған ортамен үйлесімділікте өмір сүрген ата-бабаларымыз «кие» сөзіне ерекше мән беріп, кіндік қаны тамған туған жерінен бастап, тарихи тұрғыда өшпес із қалдырған тарихи орындарды киелі де қасиетті жер деп бағалаған. Рухани жаңғыра отырып, болашаққа бет түзеген халықтың ұлы даласы киелі жерлерге толы. Біз үшін батысы мен шығысы, беткейі мен теріскейі ұшқан құстың қанаты талатын аймақты алып жатқан Қазақстанның әрбір сүйем жері қасиетті де киелі.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша 12 тарихи ескерткіш еліміздің жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне және 35 тарихи ескерткіш өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді. Оның ішінде Қармақшы ауданы бойынша жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы және Қорқыт ата кешені енсе, ал Бәбіш мола қалашығы, Баланды ІІ кесенесі, Жетіасар мәдени ескерткіштері (Алтын асар, Жалпақ асар, Томпақ асар, Моншақты асар, Бидайық асар, Кіші қос асар, Үлкен қос асар, Жаман асар, т.б), Марал ишан мазары, Қалқай ишан кесенесі, Байқоңыр ғарыш айлағы, өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енгізілді. Қазақстанның киелі жері ретінде ерекше бағаланатын табиғи және мәдени нысандар, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, халық арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың кесенелері мен қорымдары, халық жадында елеулі із қалдырған тарихи-саяси оқиғаларға байланысты орындар танылады. Сонымен қатар тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде ұлттық бірлік пен бірегейлік, жаңғыру нышаны ретінде маңызды орын алатын заманауи нысандар да кіреді. Облыстың материалдық мәдени тарихында сәулет ескерткіштері мен қала құрылыстары айрықша орын алады. Көне қалалардың орындары, керуен сарайлары, діни орындар мен мешіттер, мавзолейлер, қорымды-мінәжат кешендер – байырғы бабаларымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің нақты айғағы. Мұндай мұралар Қармақшы ауданының аумағында көп кездеседі. Қазақстан мәдениетінің алтын қорына жататын ескерткіштер бір кездері өлкеде өмір сүрген тайпалар мен халықтардың тарихын баяндайтын мұрағаттар саналады. Осы ежелгі қалалардың тұрғындары мен қазақ халқының арасындағы тектестікті ұрпақтар сабақтастығын зерттеуді тереңдете түссек, аймағымыздың көне тарихының әлі де болса айқындала қоймаған тұстарын ашуға болады. ХІХ ғасырдың ортасында бірқатар орыс зерттеушілері В.Лерх, Берг, тағы басқалар. Қазақстанның аумағында, соның ішінде Сыр бойында орналасқан ортағасырлық қалаларды зерттей бастады. Алайда толыққанды зерттеу жұмыстарын 1940-1950 жылдары КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы жүргізді. Жарты ғасырға жуық жүргізілген бұл зерттеу жұмыстары Сыр бойында орналасқан кейінгі қола, ерте темір дәуірі, ортағасырлық археологиялық ескерткіштерді қамтыды. Бұл экспедицияны орыстың көрнекті археологтері С.Толстов, Л.Левина, Л.Ерзакович, Л.Яблонский, Б.Андрианов, т.б. ғалымдары қатысып зерттесе, ХХІ ғасырда еліміздің ғылымы мен мәдени ортасында үлкен серпіліс тудырған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша К.Байпақов, Ж.Құрманқұлов, С.Жолдасбаев, М.Елеуовтер өлкемізде көне мәдени ошақтарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. 1946 жылдан бастап Мәскеудегі археологиялық-этнографиялық институты жанындағы Хорезм экспедициясы Қармақшы, Қазалы аудандарының аумағында қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы зерттеу кезінде қола, сақ мәдениетіне тән ескерткішті анықтады. Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Алтын асар, Жетіасар ескерткіштерін қазған кезде табылған қыш ыдыстар кезінде сүт тағамдарын, дәндерді сақтауға пайдаланғаны анықталды. Егіншіліктің суармалы түрі қалыптасқанын көрсететін дән үккіш тас диірмендердің табылуы ерте кездегі өлке тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Көне ерте замандар мен орта ғасырдағы тарихи-мәдени ескерткіштеріміз туралы көптеген ғылыми тұжырымдалған мәліметтер көпшілікке кеңінен жарияланып жатыр. Тарихи маңызды қасиетті орындарда өмір сүрген халықтардың тұрмыс-тіршілігі өз заманында өркениеттің дамуына зор үлес қосқаны зерттеу жұмыстары нәтижесінде айқын көрінеді. Осындай тарихи құндылықтарымыздың әлі де ашылмай жатқан сырларын ашу мақсатында «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында көптеген ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық құндылықтарымызды осындай киелі нысандар арқылы жаңғырту, болашақ елдің иесі болар ұрпақты рухани бай мұрамен сусындата тәрбиелеу – ұлттың негізгі қағидалардың бірі. Бірін-бірі толықтыратын «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы арқылы туған жер мен киелі жерге деген шынайы патриоттық сезім арқылы екеуінің сабақтастығы болашақ ұрпақтың біртұтас мызғымас тарихи санасын қалыптастырады. Туып-өскен жерге деген сүйіспеншілік әрбір азаматтың санасында жүйелі түрде қалыптасып, Отанымызға деген патриоттық сезімге ұласса, сонда ғана Қазақстанның қасиетті жерлерін қастерлеу – бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы болары анық.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы