Асқар Мамин Түркия президентімен жүздесті
Асқар Мамин Түркия президентімен жүздесті
141
оқылды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Түркия Республикасына жұмыс сапары аясында Президент Режеп Ердоғанмен және Вице-Президент Фуат Октаймен келіссөздер жүргізді.

Сондай-ақ Премьер Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының ХІ отырысына және екіжақты бизнес-форумның ашылуына қатысты.

– Елдеріміз арасындағы ынтымақтастық барлық салада қарқынды түрде дамып келеді. Екіжақты қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығарудың негізі салынды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Түркияны Қазақстанның маңызды әрі стратегиялық серіктестерінің бірі ретінде қарастырады, – деді А. Мамин Анкара қаласында Р. Ердоғанмен кездесуінде.

Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 4200-ден астам компания тіркелген, олар энергетика, көлік, агроөнеркәсіп, машина жасау секторларында, инфрақұрылымдық құрылыста және басқа да салаларда қызмет көрсетеді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы $2,3 млрд-қа жетті, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 68%-ға артық. Осы жылдың соңына қарай екіжақты сауда-саттық көлемі $3 млрд асады деп күлітуде. Қазіргі кезде түрік тарапымен бірлесіп пысықталып және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар пулы $6 млрд-тан асады.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Түркияға сапары аясында А. Мамин Қайсері қаласына барып, онда 2018 жылдан бастап қызмет көрсететін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі бойынша жүзеге асырылған Түркияның денсаулық сақтау саласындағы алғашқы жобасына айналған қалалық аурухана қызметімен танысты.