Серіктестік серпін береді
Серіктестік серпін береді
5,109
оқылды

Нұрсұлтан Назарбаев JP Morgan Chase Intern­ational ком­па­ниясының басқарма тө­ра­ғасы Джейкоб Френ­кельмен кездесті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар ком­па­ния басшыларын қабылдады.

Әңгіме барысында Елбасы әлемнің жетекші сарап­шылары өзара диалог құруы үшін «Астана клуб» алаңының ерекше маңызды екенін атап өтті. Кездесу барысында тараптар «Астана» ха­лық­аралық қаржы орталығын одан ары дамыту перспективаларына да назар аударды.

– Сіз АХҚО Қазақстан үшін экономикалық да­муға серпін беретін маңызды трансформациялық шешім екенін атап өттіңіз. Біз бұл бастаманы одан ары дамытып жатырмыз. Қазіргі уақытта АХҚО қар­жы орталықтарының жаһандық индексінде 61-ші орында тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар тұңғыш президент Еуро­палық Комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Ма­нуэль Баррозумен кездесті.

Кездесу барысында Елбасы Жозе Мануэль Бар­розуға «Астана клубының» жұмысына қатыс­қа­ны үшін алғысын білдірді.

– Біздің достығымыз бұрыннан бері жалғасуда. Сіздің Еуропалық Комиссияға төрағалығыңыз ке­зінде біз кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойдық. Өзіңізге белгілі, мен Еуразиялық эко­номикалық одақтың құрметті төрағасымын. Енді біз­дің ұйымымыз бен Еуропалық Одақ арасындағы ын­тымақтастықты жолға қою маңызды, – деді Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті.

Өз кезегінде Жозе Маннуэль Баррозу Қазақ­стан­ның Еуропа елдерімен серіктестігін қол жет­­кізілген келісім аясында одан ары кеңейтудің маңыз­дылығын айтты.


Елбасы Ұлттық мүдделер орталығының пре­зиденті, The National Interest журналының бас­па­гері Дмитрий Саймспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты, сондай-ақ әлемнің жетекші державалары арасындағы диа­логты жолға қою жөніндегі шараларды тал­қылады.

Елбасы АҚШ-Ресей қатынастарының са­рап­­шысы ретінде Дмитрий Саймстың «Аста­на клубының» жұмысына қатысуының маңыз­ды­лы­ғын атап өтті.

Бұдан бөлек, Н.Назарбаев МАГАТЭ-нің бұрын­ғы Бас директоры, Нобель сыйлығының лау­реаты Мохаммед Эль-Барадеймен және Жаһан­дық қауіпсіздік институтының президенті Джо­натан Граноффпен кездесті

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «Ас­тана клубының» отырысына қатысқаны үшін Мо­хаммед Эль-Барадей мен Джонатан Граноффқа ал­ғыс білдірді.

– Мохаммед Эль-Барадей МАГАТЭ-ны ядро­лық қаруды таратпауға жауапты негізгі органға айналдырды. Біз Сізбен бірге Қазақстанда төмен байы­тылған уран банкін құруды бастадық. Бұл өте маңызды оқиға болды. Біздің елімізге аз байы­тылған уранның алғашқы партиясы келді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сондай-ақ Елбасы Жаһандық қауіпсіздік инс­титутының ядролық қаруды таратпаудағы маңыз­ды рөлін жоғары бағалады.

– Қазақстанның ядролық қарусыздану мәсе­ле­сіндегі рөлін жақсы білесіздер. Біз ядролық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бар­лық мәселеге белсенді қатысып жүрміз, – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде МАГАТЭ-нің бұрынғы Бас дирек­торы Қазақстан ядролық қарусыз әлем құру идея­сын қолдайтынын іс жүзінде дәлелдегенін айтты.

Ғаламдық қауіпсіздік институтының президен­ті Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаппай қы­рып-жою қаруын таратуға қарсы іс-қимылын жо­ғары бағалады.