Атышулы іске нүкте қойылды
Атышулы іске нүкте қойылды
101
оқылды

Шымкентте бір мезгілде 38 адам сотталды, оның 26-сы – полицияның бұрынғы лауазымды тұлғалары. Олар­дың қарау ниетті істері, еліміздің үшінші мега­по­лисінде жа­саған былық­тары және құзырлы органдардың сегі­заяқ­тай тарамдалған осы қыл­мыстық топтың құпияларын ашуы тұтас фильм, тіпті телехикая түсіруге татиды.

Айыпталушылардың көп­ті­гі, қаптаған адвокаттар, 20 кү­зет қызметкері, шұбыра жет­кен ту­ған-туысқандары, отандық және шет­елдік жур­налистер сот залына сый­май­тын болғандықтан, сот про­цесі оты­рыстарын өткізу үшін жер­гілікті кө­ші-қон полициясының ғима­ра­тында арнайы зал жабдық­тауға ту­ра келіпті.  

Ақыры 38 адамның көп қылмыс жасағаны расталып, Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпты деп танылды.

Бұл ретте Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің мә­ліметінше, Оңтүстік Қазақстан об­лысы бойынша Ішкі істер де­пар­та­ментінің Әкімшілік полициясы бас­қармасының Тіркеу-емтихан бө­лімінің бұрынғы басшысы А.Жаппаровқа, Тіркеу-емтихан бө­лімінің (ТЕБ) екі аудандық және бір қалалық буындарының үш бас­шысына, оларға бағынышты мем­лекеттік автоинспекторларға, Іш­кі істер департаментінің кри­ми­налистеріне, сондай-ақ делдал бол­ған азаматтық тұлғаларға қатысты сот­қа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізілді.

Олар жасаған қылмыстарды тер­мелеудің өзі біраз уақыт алады, атап айтқанда, келесі айыптар та­­ғылған: пара алу; пара беру, со­ның ішінде жалпы сүйеушілік жә­не қорғаушылық көрсетуі үшін антикоррупциялық орган қыз­меткерлерін сатып алуға талаптану; қыл­мыстық жолмен табылған мү­лікті және ақшаны заңдастыру; қыз­мет бабын пайдаланып, шынайы құ­жатты жалғанымен ауыстыру; жал­ған құжаттарды қолдан жасау, өт­кізу және пайдалану; қылмыстық ұйым құру, басшылық ету және қатысу.

Бұдан өзге жүргізуші куәлікте­рін заңсыз үлестірудің 144 дере­гі әшкереленді. Сонымен қа­­тар Қазақстанға запас бөлшек­тер тү­рін­де әкеліп, қайта жинас­ты­рыл­ған автокөліктерді баж салығын тө­леусіз заңсыз тіркеуге қоюдың 353 фактісі анықталды. Бұдан мем­ле­кетке 2,7 миллиард теңге шығын келген.

38 күдіктіге, оның ішінде Ішкі іс­тер департаментінің бұрынғы 26 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс 1 538 томнан тұрды. Айыптау акті­сі­нің өзі қырық томға жуықтаған.

11 қарашада Шымкент қаласы­ның қылмыстық істер бойынша ма­мандандырылған ауданаралық со­ты үкімімен Артық Жаппаровтың өзі 11 жылға бас бостандығынан айы­рылды.

Ал Сайрам, Бәйдібек, Мақтаарал аудандары және Түркістан қаласы бойынша ТЕБ бұрынғы басшылары Н.Қуанышбеков, Н.Әбдіғалиев, С.Ағабеков және М.Төрегелдиевтің әрқайсысы 10 жылға сотталды.

ТЕБ бұрынғы мемлекеттік ав­­­тоинспекторлары және ІІД кри­ми­налистері, сондай-ақ олардың делдалдары болған қатардағы адам­дар әртүрлі мерзімдерге бас ер­кіндігінен айырылды, кейбірі бос­тандығын шектеумен құтылды.

Темір тордың ар жағына тоғы­тыл­ған, полицей погонына дақ тү­сір­ген лауазымды тұлғалардың бар­лығы мемлекеттік қызметке тұру құқығынан және арнайы атақ­тарынан айырылды.

Жалпы, қылмыстық топ мү­ше­лерінің біразы 2016 жылғы ші­лің­гір шілдеде елді елең еткізген ірі операция кезінде қолға түскен бо­латын. Қалғандары 2017 жылдың қарашасында құрықталды. Содан бері олар тұтқында отырды. Қыл­мыс­тық топ мүшелерінің ең кәрі­сі 50-ден асса, ал жасы 29-да бол­ған. Сот барысында олардың көбі өз­дерінде кәмелетке толмаған ба­ла­ларының және жоғарғы заңгерлік білімдерінің барлығын мәлімдеді. Бірқатары қолдарына кісен са­лын­ғанға дейін құқық қорғау қыз­мет­керлеріне берілетін жеңілдік аясын­да зейнеткерлікке шығып үлгеріпті.

 

Елдос СЕНБАЙ