Қордайдағы қақтығысқа қатысты сот үкімі шықты
Қордайдағы қақтығысқа қатысты сот үкімі шықты

19 қарашада Жамбыл облысы Қордайдағы тәртіпсіздіктерге байланысты сотта жеті адамға қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіппен қаралды, - деп хабарлады Қазақстан Әскери сотының баспасөз қызметі.

Алғашқыда олардың үшеуі аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін 5, 7 және 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Тағы төртеуі жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны және қатысқаны үшін 3-4 жылға сотталған болатын. Tengrinews.kz-тің жазуынша, олардан 24,7 және төрт миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын, сондай-ақ моральдық зиян ретінде миллион теңге өндірілді.

«Апелляцияда төрт сотталған адамның жазасын жеңілдету туралы жәбірленушілердің пікірі, мемлекеттік айыптаушы мен қорғаушының ұстанымы, істі жеңілдете алатын жағдайлар жиынтығы, жаппай тәртіпсіздіктер барысында әрбір сотталған адамның жеке іс-әрекеті назарға алынды.  Сондықтан сот алқасының қаулысымен жеті сотталушының төртеуінің жазасы бас бостандығынан айырудан, бас бостандығын шектеу түріндегісіне өзгерді. Басқа үш адамға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды, өйткені олар жәбірленушіге 24 миллион мөлшерінде материалдық шығын өтемеді, олардың екеуі қылмысты қайталап жасаған», – деп хабарлады Қазақстан Әскери сотының баспасөз қызметі өкілі.

Қақтығыс қатысушыларына қатысты алғашқы сот қыркүйектің соңында өткен болатын. Содан кейін шығарылған сот үкіміне сәйкес, ер адамдар үш жылдан сегіз жылға дейін абақтыға жабуға үкім шыққан еді. Бірақ олар үкіммен келіспеді.

Айта кетейік, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған еді. Алдын ала мәлімет бойынша төбелеске 300-ге жуық адам қатысқан.