Үміткерлер пікірталасы
Үміткерлер пікірталасы
134
оқылды

Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасын ұсынған болатын. Аталған жаң­ғыру бағдарламасында партия Төрағасы партия жанына белсенді азаматтарды топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру қажеттігін тапсырды.

Бүгінде осы мақсатты жүзеге асыру бойынша Қызылорда об­лысында Nur Otan партиясының Сырдария аудандық филиалының кадрлық резервіне іріктеу жұ­мыстары қолға алынып жатыр. Аудан бойынша кадрлық резервке 20 жастан асқан 47 үміткер тір­келді. Тіркеу жұмыстары ережеге сәйкес 28 қазан мен 4 қараша ара­лығында жүргізілді. Сондай-ақ аталған ережеде 5-15 қараша аралығында үміткерлердің өз бағдарламаларын насихаттауы көзделген.

Пікірталас (дебат) – үміт­керлер үшін өз бағдарламасының негізгі ережелерін таныстыруға жасалып отырған үлкен мүм­кін­дік. Осыған орай Nur Otan пар­тия­сы Сырдария аудандық фи­лиа­лының кадрлық резервіне үміт­кер­лер арасында пікірталас өтті. Тереңөзек кентінің мәдениет үйінде ұйымдастырылған ашық пікір алаңында 6 үміткер бағдар­ламаларын жан-жақты таныс­тырды.


Пікірталас сайысы негізгі 3 ке­­зеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміт­керлердің әрқайсысына 5 ми­нут­тан уақыт берілді. Олар осы аралықта өздерін таныстырып, партиялық резерв құрамына ен­уінің негізгі мақсаты және бағ­дарламасының негізгі бағыттарын баяндады. Екінші кезеңде ұйым­дастыру комитеті бекіткен «Аумақтың өзекті мәселелері және оны шешу жолдары» та­қырыбында ойларын ортаға салды. Пікірсайыстың соңғы кезеңінде үміткерлер сұрақ-жауап бойынша сынға түсті.

Жалпы, партияның кадрлық резервіне үміткерлер арасындағы пікірталас кезеңі аудан бойынша 11-12 қараша аралығында алты жерде ұйымдастырылады.