Ақбастаулық азамат өзі оқыған мектепке құны 13 млн тұратын зат тарту етті

Ақбастаулық азамат өзі оқыған мектепке құны 13 млн тұратын зат тарту етті

Пандемияның лаң салған кезінде қашықтан оқуға қажетті құрал-жабдықтардан қиналған мектепке көмек қолын созып жүрген атымтай жомарт жандардың бар екені көңілге қуаныш сыйлауда. Осындай азаматтардың бірі – Бәйдібек ауданына қарасты Кеңес ауылынан шыққан кәсіпкер Мэлс Сейтмұратұлы өзі оқыған мектепке құны 13 миллион 400 мың теңге тұратын соңғы үлгідегі құрылғыны сыйға тартты. Ол сондай-ақ, осының алдында ауыл үшін 15 млн тұратын спорттық кешенде салып берген болатын.

COVID-19 пандемиясына қарсы күрес жүргізу мақсатында енгізілген карантинге байланысты елімізде мектептердегі оқу шектеліп, қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілгені баршамызға аян. Осындай қиын-қыстау кезінде барлығында дерлік компьютер құрылғылары болмағандықтан оқушыларды қашықтықтан оқытудың біраз қиындық туғызғаны жасырын емес. Дегенмен бұл жағдайда көптеген мектептептердің түлектері қарап қалмай, тығырықтан шығудың жолы ретінде, қаржылай немесе заттай демеушілік жасап жатқандары жетерлік. Солардың бірі, Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылындағы Ө.Жолдасбеков атындағы мектептің директоры Нұржан Ешмұратов пен ауыл жанашырлары ақылдаса келіп, қазіргідей карантин кезінде тығырықтан шығатын жол іздеп әрі жеткіншектердің болашағы мен жай-күйіне алаңдап, ауыл азаматтары арасынан шыққан кәсіпкер демеушілерді іздестіре бастайды. Ауылдағы 140 отбасының жағдайын айтқызбай түсінген осы ауылдың төл перзенті, жеке кәсіпкер Ешмұратов Мэлс Сейтмұратұлы өзі оқыған мектепке өз қаржысы есебінен жалпы сомасы 13 миллион 400 мың теңге тұратын соңғы үлгідегі құрылғыны сыйға тартты. 1-11 сынып бойынша барлық пән бағдарламасы енгізілген бұл заманауи құрылғы оқушыларға 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) білім алуға ықпал етеді. Және де 50 моноблок, 2 BilimBook интерактивті панель , 5 "Hp" принтер , 4 wi-fi роутер алып беріп демеушілік жасап отыр. Бұл техникалар мектептегі 4 бірдей кабинетке орнықтырылды. Айта кетейік, Ө.Жолдасбеков атындағы мектеп ғимараты 2017 жылы пайдалануға берілген. 150 орындық типтік үлгідегі ғимарат. Қазіргі таңда мұнда 1-11 сынып аралығындағы 188 оқушы білім алуда. Кәсіпкердің тартуына ризашылығын білдірген мамандар, мұндай құнды жабдықтардың республикадағы ешбір мектепке әлі орнатылмағанын айтады. Ия, адмгершілік пен отансүйгіштік қасиет ең алдымен өз ауылыңа көрсеткен жақсылығыңнан басталады. Мэлс Сейтмұратұлы тек мұнымен шектеліп қалмапты. Осыған дейін де ауылдағы екі көне мазаратты аяқ асты етпей, жан-жағын қоршап берген екен. Сонымен қоса, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына, олардың денсаулығы мен біліміне шынайы жанашырлық танытып құны 15 миллион тұратын спорт кешенін салып берді. Қазақ топырағы Мэлстей жанашыр жандардан кенде болмаған. Әрдайым өнерге, ғылымға, спортқа, әр түрлі салаға қамқорлық танытатын қалталы, атымтай жомарт азаматтарымыз баршылық. Сондықтан да ел олардың есімдерін мақтанышпен айтып жүреді. «Демеушілікті ел игілігі мен ұрпақ сабақтастығына жұмсауды перзенттік парызым,- деп санайтын азаматқа біз де кәсібіне береке тілеп, ұрпағымен бірге жасай берсін, демекпіз. Зейінді, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында аянып қалмаған атпал азаматымыздың әртүрлі салалар бойынша қолынан келгенше қайырымдылық жасап келе жатқан игі, сауап істерімен мақтана аламыз» деген ауыл тұрғындары, ауылдың батагөй қариялары мен абыз аналары алғыс-баталарын аямай жаудыруда.