Елордадғы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы өңірлік іс-шараларының жеңімпаздарын марапаттады.
Форумға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі М.Әзілханов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Т.Қалиев, ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚХА Журналистер клубының төрағасы М.Бекбаева, ҚХА мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын салтанатты түрде қорытындылау шарасында Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев: «Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан бастап еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асырылып келе жатқан «Мың бала» жобасы – түрлі этникалық топтар арасындағы мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларына мемлекеттік тілді меңгеруге жағдай жасап, қазақ тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын танытуды көздейді» деп атап өтті.Жалпы айтар болсақ, 2015 пен 2019 жылдар аралығында «Мың бала» жобасы аясында 73 160 іс-шара ұйымдастырылды. Оларға 1 492 516 адам қатысып, қазақ тілін 286 215 бала үйреніп шықты.Биылғы жылы аталған жоба 73 472 баланың мемлекеттік тілді меңгеруіне ықпал етті. Жобаны алғаш қолға алған 2015 жылы мемлекеттік тілді 44 497 бала меңгерсе, қазірге таңда (2019 жылы – 73 мың 472) бұл көрсеткіш 1,5 есеге көбейген.