Тегін емнің ақысын кім төлейді?
Тегін емнің ақысын кім төлейді?
112
оқылды

Болжам бойынша ме­дициналық сақтандыру қорына 1,5 трлн теңге тү­седі. Қаржының көп бөлігін жұмыс берушілер төлейді. Осыдан мәселе туындайды. Компаниялар қызметкер санын жасырып, қорға қаржы құюдан қаш­пай ма? Салдарынан жер-жердегі үлкенді-кішілі кәсіпорындар қолма-қол төлемге көшпей ме?

Қазір жұмыс берушілер жұмысшы жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлім­деуінше, медициналық сақтан­дыру қорына 200 млрд теңге жиналды. Келер жылдан бастап жарна 2 пайызға көтеріледі. Мұның бәрі 1 қаңтардан бас­тап тегін медициналық қыз­метті қаржыландыруға пайда­ланылады.

Бар міндетті техника атқа­ратын дәуірге әлі ерте. Сон­дықтан кез келген компания үшін адам басты капитал. Қыз­меткердің саулығы маңызды. Медициналық сақтандыру ком­пания экономикасына пай­далы. Өйткені кез келген ком­панияда тосын жайт орын алуы мүмкін. Мысалы, қызметкер ауыр сырқатқа шалдықты де­лік. Жұмыс орны нақты пара­метрлер бойынша көмек көр­сетеді. Бұл компанияға белгілі бір мөлшерде шығын. Әлеу­меттік медициналық сақ­тан­­­дыру жағдайында сыр­қат қыз­­меткерді емдеу, күту және оңалту бойынша шы­ғын­­­­ды медициналық сақ­тан­­­­дыру қоры төлейді. Сон­дай-ақ ком­панияның ішкі эко­но­микасына әсер ететін фак­торға көмектеседі. Мәсе­лен, сырқаттанып қал­ған қыз­меткер бірнеше күнге де­малыс алады. Бұған компа­ния емделуге ақша төлейді. Мәліметтерге сүйен­сек, жыл сайын 2,6 млн-нан ас­там қыз­меткер еңбек­ке жарам­сыздық парағын рәсім­дейді. Сонда жұмысшы орта есеп­­пен күн сайын 12,6 мың тең­­геге өнім шығарса, елдегі ком­­паниялардың жыл сайынғы шы­ғыны 370 млрд тең­гені құрайды. Меди­циналық сақтандыру жоғары­дағы шы­ғынды азайтуға үлес қосады.

 

Шетелде қалай?

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін Франция, Германия, Корея, Жапония сияқты бірқатар ел қолдайды. Экономиканың ілгерілеуіне, өнімнің өсуі мен кәсіпорын табысының артуына септігін тигізеді. Мұнда жұмыс беру­шілер қызметкердің меди­ци­налық сақтандыруын төлеуге міндетті. Мысалы, Оңтүстік Кореяда жұмыс беруші мен қызметкер сақтандыру ақысын тең бөліп (50/50) төлейді. Сәй­кесінше, сақтандыру меди­циналық шығынның 95 пайы­зын төлеп береді. Егер ем­делу ақысы тым жоғары болса, нау­­қас өз қалтасынан төлейді. Сон­дай-ақ Кореяда опе­ра­ция жасатуға көпшіліктен қар­­­жы жинауға болмайды. Ел­дегі емханалар сақтандыру жар­насын клиниканың дамуы мен жаңа аппараттар алуға жұм­сайды.

Бірақ кей елдерде жұ­мыс берушілер МӘМС-ті қол­дамайды. Өйткені олардың арнайы ем қабылдайтын кли­ни­калары бар. Емделу мен профилактикалық тексеруді өздері жүргізеді. Мысалы, Apple компания қызметкерлері мен олардың жақындарына арналған AC Wellness Network желісін құрды. Алғашқы орта­лық 2018 жылы Санта-Клара қаласында ашылды. Меди­циналық орталық компания штаб пәтерінің жанында орна­ласқан. Ол жерде ем-шара қа­былдаумен қатар салауатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Бұл өз кезегінде компанияға да, қызметкерге де пайдалы. Компания басшылығының айтуынша, жүйе денсаулық сақтауға кететін шығынды қысқартып, емделу сапасын жақ­­сартады. Сондай-ақ Amazon, JPMorgan Chase мен Berkshire Hathawау-дің ме­ди­циналық сақтандыру бағасына көңілі толмайды. Сондықтан қызметкерлер мен олардың отбасын емдейтін орталыққа жүгінеді. Компания Oasis Medical-мен келісімшартқа отырған. Сонымен бірге бел­­гілі концерннің PillPack пошта арқылы жеткізетін ап­те­­калар желісі бар. Amazon осы жылдың 24 қыркүйегінде Сиэтл штатында виртуалды медициналық көмек көрсете­тін клиника ашты. Үйде ем­деліп жатқан компания қызмет­керлері Amazon Care арқылы тексерістен өтеді. Жұмысшы пилотты бағдарлама арқылы тұрғылықты жеріне медицина қызметкерін шақырта алады.

 

Компанияларға әсері бар ма?

Білуімізше, Қазақстанда жеке компаниялардың арнайы орталықта емделетіні туралы дерек жоқ. 2020 жылдан бас­тап елімізде медициналық сақ­тандыру толық күшіне енеді. Бұл елдегі денсаулық сақтауды қадағалайды. Жұмыс беруші 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қызметкерлердің еңбекақы қорынан – 2%, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 4%, 2020 жылы 5% сақтандыру аударымдарын жүргізеді. Қайта үйлестіру со­малары корпоративтік табыс салығынан (КТС) шегеруге жатады. Бұл өз кезегінде ел­дегі компаниялардың жеке емделу орталығын ашуға әкелуі мүмкін. Жыл сайын мем­лекетке қыруар қаржы ау­дар­ғысы келмегендер Apple немесе Amazon сияқты кли­ника ашып, орталықтармен келісімшартқа отыра алады. Немесе жұмысшы санын қағаз жүзінде «қысқарту» басталады. Кей өңірлерде айлықты қолма-қол беру басталуы мүмкін. Меди­циналық сақтандыру қоры ком­панияларды, кәсіп­орын мен тағы басқаларына тексеріс жүргізе алар ма екен?

Ал АҚШ-тың әрбір аза­матында Affordable Care Act болуы шарт. Сізде карта жоқ болса, медициналық шығынды өз қалтаңыздан төлейсіз. Оған қоса, медициналық сақ­тандыруыңыз болмағандықтан арнайы заң бойынша айыппұл бар. Бірақ сақтандыру бар шы­ғынды көтермейді. Мы­салы, сақтандыруыңыз бол­маса жедел жәрдем қызметіне 5 мың доллар төлейсіз. Сақ­тандырумен қызмет ақысы 240 долларға түседі. Америкада белгілі бір концепция бойынша жұмыс беруші ме­ди­циналық сақтандыруға қар­­жы аударуға мүдделі емес. Сондықтан өзі­ңізге төлеуге тура келеді. Сақ­тан­дыруды қай тариф бойын­ша төлейтініңізді таңдай аласыз. Platinum пакеті 90% ме­ди­циналық шығынды төлеп береді. Соған қарай ай сайынғы салымы жоғары. Gold шығынның 80 пайызын, Silver – 70%, Bronze 60 пайызын тө­лейді. Айта ке­терлігі, Bronze АҚШ-тағы ең таны­­мал сақ­тандыру пакеті.

 

Жарнаны қайтаруға бола ма?

Егер жарна төлеуші жыл бойы емханаға жүгінбесе, сақ­тандыруға салған ақшасын қай­тарып ала ма? Бұл еліміздегі медициналық сақтандыруға қатысты жиі қойылатын сұ­рақ. Медициналық сақтан­дыру жалпыхалықтық ор­тақ қор болғандықтан, ақша қай­тарылмайды. Ал Германияда мұндай жүйе жоқ екен. Мы­салы, сақтандыруға ай сайын ақша төлеген азамат жыл бойы медициналық қызметке жү­гінбесе, жалпы соманың белгілі бөлігі қайтарылады. Сон­дай-ақ темекі шекпей, ай сайын жаттығу залына бар­ған­дарға сақтандырудан ақша беріледі. Бұл азаматтарды те­мекі шекпеуге, денсаулығын күтуге үйретеді. Бұл әдіс мем­лекетке үлкен көмек береді. Экономикасына да, экология­сына да әсер етеді.

Бізде әзірге мұндай жеңіл­дік жоқ. Алдымен меди­ци­налық сақтандыруды пай­да­лану, реттеу жүйесі бір арнаға түсуі тиіс. Халық жаппай ме­ди­циналық сақтандыруды пай­далана білуі керек. Жұмыс беру­шілер де жарна жайын анық­тап, қызметкердің ден­сау­лығына жауапты екенін біл­ген жөн. МӘМС жүйесін тапса, халық Кореядағыдай жеңіл­дікпен емделіп, АҚШ-тағыдай түрлі пакеттерге жүгінетін болады.


 Айзат АЙДАРҚЫЗЫ