Хакімді әлем таниды
Хакімді  әлем таниды
171
оқылды

Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жыл­дық мерей­тойына орай, 2020 жылдың 5 шілдесінде 50-ден астам елде халықаралық «Абай домбырасы-party» мәдени шарасы өтеді.

Ақордада Мемлекеттік хат­шы Қырымбек Көшербаев­тың төрағалығымен Абайдың 175 жылдық мерейтойын өт­кізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өткен бо­ла­тын. Сол жиында 2020 жылдың 8 қаңтарында елордадағы Qazaqstan орталық концерт залында хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойының бас­талуына арналған салтанатты шара өтетіні белгілі болған еді. Осы шарадан кейін Абай тойы кең ау­қымда әр жерде жал­ғасады.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін атап өту бастамасын кө­терген болатын. Осыған орай, 2020 жылдың 5 шіл­де­сінде 50-ден астам елде ха­лықаралық «Абай домбырасы-party» мәдени шарасы өтеді» деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қыз­­меті. Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ мем­ле­­кеттік академиялық опе­ра және балет театры мен «Астана Опера» театры А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсымен шетелге гастрольдерге шығады. Ал Наурыз мейрамында шетелде білім алып жатқан жастар ел­шіліктерде «Ұлы Абай – ха­лық жүрегінде» атты Абай шы­ғармашылығы негізінде диктант жазып, #МенАбай­дыоқимын халықаралық челленджіне қатысады. Абай Құнанбайұлының шы­ғар­малары әлемнің 30 тіліне ау­дарылады. Бұдан бөлек, Ресей Федерациясында қол­даныс аясы кең 10 тілге Абай­дың «Қа­ра сөздері» мен өлең­дері атақты жазушылар мен ау­­­дар­­­машылардың қатысуы­мен аударылып, Ресей баспа­ларында басып шығару жос­­парланған. Елшіліктер М.Әуезовтің «Абай жолы» ро­манын араб, түрік, грек, армян, моңғол, вьетнам тілдеріне ау­даруға атсалысуға дайын еке­нін айтқан. Кембридж универ­ситеті баспасында Британ кеңе­­­сімен бірлесіп, Абайдың өлең­­­дері мен қара сөздері кіре­тін жи­­нақты ағылшын және қа­­зақ тіл­дерінде басып шығару жоспарға алынған. Бұдан бө­лек, еліміздің Сыртқы істер ми­­­нистр­лігі Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасымен және Ұлттық аударма бюросымен бірлесіп, шет тілдерде жарық көрген Абай шығармаларының тұсаукесерін Германия, Бельгия, Люксембург, Қы­тай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін халық­аралық кітап көр­мелерінде өт­кізбек.

Бірқатар шет мемлекеттерде пошта маркасы шығарылып, Абай орталықтары мен ескерт­кіш ашылады.


Әділ БЕК