Facebook-та жарияланған видеода босанған әйелдің анасы қызының жүктілігі асқынусыз өткенін айтады. Ол дәрігерлердің тексеруіне уақытында барып жүрген. ПТР тест те тапсырған.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алматы қаласының 19 жастағы тұрғыны перзентханаға 2020 жылдың 18 қарашасында түскенін хабарлады.«Түнгі сағат 1-де қызым бізге қоңырау шалып, баланың шетінеп кеткенін айтты. Оған баланы қолына ұстап, қоштасу үшін берген. Бізге нәрестенің денесін таңертең Қалқамандағы мәйітханадан алып кету керек деді. Ертеңіне біз мәйітханаға бардық. Бірақ ол жерден баланың денесін таппадық. Оны алып кеткен екен. Біз оның денесін кесуге келісім берген жоқпыз. Біз полиция шақырдық. Мұның бәрін анықтағымыз келеді. Бала ай-күніне жетіп туды», – дейді босанған әйелдің анасы.
Сәбидің өліміне қатысты Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы тергеуді бастады.«Ана мен балаға қажетті барлық медициналық көмек көрсетілді. Қарқынды терапия мен реанимация шараларына қарамастан, жаңа туған нәресте 19 қараша күні шетінеп кетті», – деді басқармадағылар.