ҚПЛ: «Қайраттың» «ертеңі» бітпес...
ҚПЛ: «Қайраттың» «ертеңі» бітпес...
165
оқылды

Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті мау­сы­мы аяқталды. Жанкүйер біткеннің делебесін қоз­дырған, 9 ай бойы ала доппен әуреге түскен 12 команда «ел чем­пио­ны» деген абыройлы атаққа таласты.

Алтынға негізінен «Астана» мен «Қайраттың» таласарына ешкім де күмән келтірген жоқ. Олар­ға «Тобыл», «Ордабасы», «Ер­тіс» сияқты клубтар қарсылық көрсетуі мүмкін деген жорамал жасалған. Болжам бұрыс болған жоқ. Бәрі де бәз-баяғыдай. Еш­қан­дай аутсайдер киіп-жарып сен­­сация жасай алмады. Клубтар­дың әлі күнге облыс қазынасына қарап ауыз ашып отырғаны, ор­таң­­қол легионерлердің құ­жы­на­ған арадай қаптап кеткені Қазақ­стан футболының адымын ашты­рар емес. Жә, бұл басқа тақырып­тың жүгі. Әзірге кім оза шапты, кім қалыс қалды, соған мән бере­лік.

«Астана» маусым аяқталуға бір тур қалғанда чемпиондықты рәсім­деп тастады. Олардың сырт алаң­да «Тобылды» жеңуі, «Қай­рат­тың» павлодарлық «Ертістен» ойсырай ұтылуы (5:0) елордалық клубты қатарынан 6 дүркін чем­пион қылды. «Астана» осы мау­сымда 69 ұпай жиып, 67 гол со­ғып, ең нәтижелі ұжым екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алма­ты­лық клуб 68 ұпаймен тағы да күмісті қанағат тұтты. Ал қола медаль 65 ұпай жинаған «Орда­ба­сы­ға» бұйырды. Ал биылғы ел кубо­гын қызылордалық «Қайсар» жеңіп алған. Жалпы, кубоктық ойындарға әлеуетті клубтар сон­ша­лықты маңыз бере қойған жоқ. Стойчо Младеновтың ко­ман­дасы мұндай «бейқам­дық­ты» тиімді пайдаланып кетті. Осылайша, келесі жылы еурокубоктық додаға қатысатын командалар да анық­тал­ды: «Астана» 2020/21 жылғы маусымның Чемпиондар лигасын іріктеу кезеңінен бастаса, Еуропа лигасында «Қайрат», «Ордабасы», «Қайсар» бақ сынайды.

Ал ең соңғы орынға жайғасқан «Ақтөбе» мен «Атырау» премьер-ли­гамен қош айтысты. Олар алда­ғы маусымды бірінші лигада өткі­зеді. Олардың орнын «Кас­пий» мен «Қызыл-Жар СК» клуб­та­ры баспақ. Сондай-ақ «Тараз» клубы ҚПЛ-дағы орнын сақтап қалу үшін оралдық «Ақжайықпен» ойнайды. Алғашқы матч 15 қара­шада Оралда, қарымта кез­десу 18 қараша күні Таразда өтеді деп жоспарланған.

 

* * *

Осы маусымның ең үздік бомбардирі атағы «Астана» жартылай қорғаушысы Марин Томасов пен – «Қайрат» шабуыл­шысы Адеринсола Эсеолаға бұйырды. Екеуі де 19 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген. Сондай-ақ Марин пас беру көрсеткіші бойынша шашасына шаң жұқ­тыр­маған: ол биыл 13 рет ас­сис­тенттік жасапты. Жанкүйерлер Томасовқа бекерге «Голпасов» деп айдар тақпаса керек. Бұл ретте футболшының Хорватия құрама­сына шақырылу мүмкіндігі жо­ғары. Ойыншының өзі «Астана» жаңа келісімшарт ұсынса қол қоюға қарсы емеспін» депті. Де­мек, еуропалық клубтар тарапы­нан үлкен сұранысқа қарамастан Томасов келесі маусымда да елор­да­лық клуб намысын қорғауы мү­м­­кін. Бұл ретте Қазақстан кә­­­­сіп­­қой футбол лигасының «Ал­тын бутсыны» екі футболшыға бе­­­руіне тура келмек. Одан кейінгі орын­­ды мына ойыншылар бөліс­кен:

 

•Эппел («Қайрат»), Айымбе­тов («Ақтөбе») – 16 гол

• Жоао Пауло («Ордабасы») – 14

• Барсегян («Қайсар») – 11

• Нұрғалиев («Тобыл») – 10

• Мбомбо («Қайсар») – 9

 

Ассистенттер:

 

• Томасов («Астана») – 13

•Тағыберген («Қайсар»), Какимов («Ақтөбе») – 10

• Исламхан («Қайрат»), Зенев («Шахтер») – 8

• Нұрғалиев («Тобыл»), Врже­щиньский («Қайрат»), Меха­нович («Ордабасы») – 7

• Квеквескири («Тобыл»), Жоао Пауло («Ордабасы»), Пе­шич («Шахтер»), Зорич, Стоя­но­вич (екеуі де – «Оқжетпес»), Дарабаев («Ертіс», «Жетісу»), Шом­ко («Астана»), Суботич («Тараз»), Манзорро («Ертіс») – 6

• Молдақараев («Оқжетпес»), Қуантаев, Степанюк (екеуі де – «Жетісу»), Ротариу («Астана»), Жаңғылышбай («Ордабасы») – 5

• Алмейда, Бобко (екеуі де – «Ок­жетпес»), Миканович, Аста­нов (екеуі де – «Қайрат»), Кук­лис («Жетісу»), Муртазаев («Астана»), Щет­кин («Ордаба­сы»), Нұрғалиев («Шахтер»), Барсегян («Қайсар») – 4

 

* * *

Шыны керек, биыл көпшілік «Қайратты» чемпион болады деп күтті. Клуб академиясы өрісінің кеңеюі, жеке шеберлігі жоғары футболшылардың қатарға қосы­луы, «Лейпциг» академиясы­ның тәлімін көрген жас бапкер Алек­сей Шпилевскийдің команда тізгі­нін қолға алуы – жаңа өзге­рістің бастауы сияқты көрінген. Клуб алдына – Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу, ел чемпио­на­тын жеңу мақсаты қойылған. Алайда мұның бірде-бірі орын­дал­ған жоқ. Чемпионат деп жү­ріп, ел кубогының бәсіне де мән бере қоймады. Ақырында клуб ешқандай титулсыз маусымды аяқтап отыр. Чемпионат бастала сала бірнеше ойын қатарынан жеңілген клубтың чемпиондыққа таласуы қиын еді. Маусым со­ңына қарай маңызды матчтарда жанкүйерлерін жерге қаратты. Бас бапкер келесі маусымда се­нім­ді ақтаймыз депті. Соңғы тур­да «Атырауды» 2:1 есебімен жеңіп, батыс клубын бірінші лигаға шы­ғарып салған соң, Шпи­левс­кий журналистер сауа­лына жауап берген.

– Биыл жігіттер жақсы ойна­ды. Көптеген қазақстандық жас футболшыларға мүмкіндік бердік. Көбінің Қазақстан ұлттық құра­ма­сына ілінгеніне қуаныштымын. Еуропалық клубқа кеткен Ян Вороговский үшін де қуанамын. Не нәрсеге көңілім толмайтынын өз ішімізде қалдырғым келеді. Ана­лиз жасап, маусымаралық үзі­ліс кезінде тыңғылықты да­йын­­­даламыз. Келесі маусымды жақсы өткереміз деп сенемін. Әрине, команданы күшейту керек. Біздің ыңғайымызға сай келетін ойыншыларды іздейміз. Олар қазақстандық ойыншыларға қарағанда әлдеқайда күшті болуы тиіс. Сонда ғана бәсекелестік ор­найды, – дейді бас бапкер.

Ал «Астананың» қарқыны баяғы­дай емес екені бәрімізге белгілі. Біраз жылдан бері еуро­ку­боктарда ел намысын абырой­мен қорғап келе жатқан клубтың шаруасы биыл шатқаяқтап қал­ғандай. Қатарына кіл мықты ойын­шыларды жинауы, көпжыл­дық тәжірибесі – чемпиондықты жеңіп алуға біршама көмектесті. Маусымға қатысты «Астана» бас бапкері Роман Григорчук те «Ер­тіс­тен» 0:2 есебімен жеңілген­нен кейін пікір білдірген.

– Бұл маусымда жігіттер 40-тан астам матч өткізді. Сондықтан олар үшін оңай емес. Дегенмен әрбір матч – практика. Кімнің әлеуеті жоғары, соларға мүмкіндік береміз. «Ертіс» – өте жақсы ко­ман­да. «Қайратқа» бес, бізге екі гол соқты. Бұл – олардың еңбегі. Өз алаңымызда жанкүйерлер қолдап тұрған кезде жеңілу өте ауыр, әрине. Алда оларға тек жеңіс сыйлау үшін ойнаймыз, – дейді украин маманы.

Клубтың Еуропа лигасы топ­тық кезеңіндегі ойындарына жанкүйерлер көңілі толмай жүр. Жарайды, жеңбей-ақ қойсын, бірақ бойларынан ұмтылыс бай­қал­майтыны, тым құрыса есеп айырмасын қысқартуға деген қауқарының жоқтығы көңілді түсіреді. Біраз күн бұрын өз ала­ңы­мызда АЗ-ға қарсы өткізген матчта 0:5 есебімен жеңілді. Екі ойынның қорытындысы бойын­ша нидерландылық команда «Астанаға» 11 гол соғыпты. Әри­не, бұл қай тұрғыдан да ақтап алуға келмейтін көрсеткіш. Қазір L то­бында АЗ 8 ұпаймен көш бас­таса, екінші орында «Манчес­тер Юнайтед» 7 ұпаймен келе жатыр. Үшінші орындағы «Партизан­ның» 4 ұпайы бар. Ал әзірге біздің қор­жынымыз бос. Соңғы жеңіліс­тен кейін «Астана» плей-оффқа шығу мүмкіндігінен біржола айы­рыл­ды. Клуб ендігі екі ойынында жан­күйерлерді жұбатарлық қай­рат қылуы тиіс.

Айтпақшы, жаңа маусымда «Астананы» болгар маманы Стой­чо Младенов жаттықтыруы мүм­кін екен. Мұндай ақпаратты бол­­­га­рия­лық БАҚ таратқан. «Қай­сар» бапкері Сауд Арабиясы мен Ресейден келіп түскен қо­лай­лы ұсыныстардан бас тартқан. Қазақстан кубогының фина­лы­нан кейін «Қайсарды» арнайы келіп құттықтаған Қырымбек Көшербаев қазіргі облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың көзін­ше Младеновтың келесі маусым­да да «Қайсар» тізгінін ұстай бе­ре­тінін айтқан еді. Егер Гри­гор­чук отстав­каға кеткен жағ­дай­да көп ұзамай, қаң­тар айында Младенов елор­даға қоныс ауда­руы бек мүмкін.