Абай әлемі – телеарна төрінде
Абай әлемі – телеарна төрінде
133
оқылды

«Астана» арнасы осындай ұран­мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуді бірін­ші болып бастап кетті. Осы­лай­ша, арна ұжымы ұлы ақынның шығармаларын жас ұрпақ бойына сіңіруге, қадір-қасиетін түсіндіруге атсалыспақ. Себебі өзі өлсе де, ар­тында өлмейтұғын із қалдырған ақын шығармашылығы халық жүрегінен еш өшпек емес. Сондық­тан «Астана» арнасы ҰЛТТЫҚ ПАТРИОТИЗМ ИДЕЯСЫ аясында жаңа жобаларды қолға алады.

Телеарна 11 қарашадан бастап жаңа форматты іске қосты. Бүгіннен бастап арнаның стилистикасы өзгерді. Медиа нарықтағы трэндке сай арна логотипі мейлінше қарапайым әрі тартымды үлгіге ауыстырылды. Жаңа маусымда арнадағы әр бағдарламаның роликтері хакім Абай­дың шығармашылығымен ұштасып, көрер­мен назарына ұсынылады. Мәсе­лен, «ASTANA TIMES» атауымен жаңа фор­матта жаңалық тарататын ақпарат қызметінің жұмысы ұлы ақынның «Сегіз аяқ» өлеңімен астарлас. Қоғамда болып жатқан әр оқиғаны біздің арна тілшілері дерек пен дәйекке сүйеніп жеткізеді. Енді қазақ және орыс тіліндегі жаңалықтар шы­ғарылымы шырайын түрлендіріп, бір уақытта шығады. «Астана» арнасы ха­лық­тық арна ретінде ұстанымдарын өзгертеді. Тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында, тікелей эфирде тұр­ғын­дарды толғандырып жүрген сұрақ­тардың жауабын іздейміз. Кез келген уақытта мәселеңізді айтып, редакцияға хабарласуға мүмкіндік бар. Біздің тіл­ші­лер түйіткілдің түйінін тарқату үшін ше­неу­ніктерге тікелей телефон шалады. Бұдан бөлек, «мобильді репортер» ай­дары ашылады. Қандай да бір оқиға­ның куәгері болсаңыз, таспаны «АСТАНА» арнасының WhatsApp немесе әлеуметтік же­лідегі парақшасына жолдасаңыз бо­ла­ды. Сондай-ақ жаңа маусымда «САЯСИ РИНГ» ток-шоуының алаңы жа­ңарып, келіссөздердің көкжиегі ке­ңе­йе­ді. Сарап­шы­лар қоғамда қызу тал­қыға түскен сая­си, әлеуметтік, экономикалық тақы­рып­­тарды таразылайды. «АСТАНА АП­ТА­СЫ» әр сенбі, жексенбінің кешінде ап­таның айшықты оқиғаларын сара­лай­ды. Сын мен шын – «Астана» арнасында. Бұ­дан бөлек, көңілді бағдарламалардың көкжиегі кеңейеді. Әйгілі әзілкеш Тұр­сын­бек Қабатов «ҚЫЗЫҚ БОЛҒАН» шо­уына өнер адамдарын шақырып, әзіл­дің әлеміне саяхат жасайды. Телеарна алдағы уақытта әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созбақ. Осы мақсатта 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, қайы­рым­­­ды­лық концерті өтеді. Шарадан түс­кен қаржы мұқтаж жандардың қаже­ті­не жұмсалады. «Жыл таңдауы – 2019» ұлт­тық телевизия­лық музыкалық жүл­десін енді «Астана» арнасы көрсетеді. Еліміздің жарқын жұл­дыз­дарын бір сахнада тоғыстыратын ша­ра «Алматы Арена» спорт кешенінде 1 жел­тоқсан күні өтеді. Сонымен қатар кө­­рерменнің сұрауы бойынша отандық те­лехи­каялардың жаңа желісін ұсына отырып, талабы биік, талғамы зор көрер­мен назарына аты әлемге мәшһүр WARNER BROS.PICTURES киноком­па­ния­сы мен кеңес киносының алтын қорына ен­ген кино­туындылар, түріктің үздік үш­тігіне енген телесериалдар ұсынылады.