Қазақстандық танымал актриса Аружан Жазылбекова Лос-Анджелесте өткен Golden Screen Awards кинофестивалінде марапатқа ие болды. Ол «Композитор» фильміндегі рөлі үшін «Үздік әйел рөлі» аталымында жүлдегер атанды.
Golden Screen Awards кинофестивалі 2016 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шара China Film Coproduction Production корпорациясы, Hollywood Reporter және Америка кино қауымдастығының қолдауымен өткізілді.
Кинофестивальдің басты мақсаты – Қытай және шетел киностудиялары бірлесе түсірген туындыларға қолдау білдіріп, үздіктерді марапаттау.
Актриса қуанышты жаңалығымен әлеуметтік желіде бөлісіп, құттықтау білдіргендерге алғысын айтты.
«Golden Screen Awards for Best leading actress! So happy and grateful! Ұйықтай да, тамақ іше алмай да отырмын. Мен бақыттымын және ризамын. «Қазақфильмге» және түсірілім тобымызға рақмет! Серіктестерім Дильназ Нұрсейітке, Берік Айтжановқа, Алтынай Нөгербекке және Ху Джунға рақмет» делінген жазбада.
Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, Shinework Pictures және China film coproduction corporation компаниялары түсірген болатын. Қазақстан прокатына биыл маусым айында шықты. Фильм режиссері – Сәбит Құрманбеков пен Шерзат Якуб. Кинотуынды АҚШ-та өткен фестивальде 4 аталым бойынша: «Үздік ко-өнімдегі фильм», «Үздік әйел адам рөлі» (актриса Аружан Жазылбекова), «Үздік ер адам рөлі» (актер Ху Чжунь) және «Үздік музыка» үздік деп танылды.
Өнерге өлшеусіз үлес қосқан Қытайдың танымал композиторы Си Синхайдың өмірі мен өнер жолы суреттелетін фильмде оның КСРО-да болған жылдары және қазақтың талантты композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығы арқылы екі ел арасындағы достық сипатталады. Аружан Жазылбекова аталған фильмде Б.Байқадамовтың қарындасы Данашты сомдаған.
Маржан ЕРТІС