Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның бюро отырысында жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттар назарына ветеринария, мақта саласын дамытуға қатысты мәселелер бірінші оқылымда ұсынылады. Сонымен бірге «Астық туралы» заңға толықтырулар енгізілмек. Алдағы жалпы отырыста палата бірқатар ратификациялық құжаттарды қарайды. Атап айтқанда, Азия Даму банкімен Қарыз туралы келісімді және Азия Инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен Қарыз туралы келісімді (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді шаралар мен шығыстарды қолдау бағдарламасы), «1999 жылғы 8 қазандағы Еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібі туралы келісімге байланысты заң жобалары бар. Ал Үкімет туралы Конституциялық заң жобасы мен Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыруға қатысты заң жобалары екінші оқылымда қаралмақ. Сондай-ақ палата Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, жылжымайтын мүлікке құқықтарды және заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, экономикалық өсуді қалпына келтіру, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелеріне қатысты заң жобаларын екінші оқылымда қарамақ. Сондай-ақ алдағы жалпы отырыстың күн тәртібіне баланың құқығын қорғау бойынша заң жобасымен жұмысты жалғастыру, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексті (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерге қатысты мәселелер енгізілген. Тағы бір мәселе өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы қорытынды әзірлеу жөнінде болмақ.