«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен шаһардағы инфрақұрылым мәселесі бойынша онлайн жиын өтті.
Естеріңізде болса, осыған дейін «Астана TV» телеарнасында Шымкент қаласы Абай ауданы Ізгілік көшесінің тұрғындары көше бойында суару жүйесінің жоқтығына байланысты ағынды судың үнемі жиналып жатқанын айтып, мәселе көтерген. Осы орайда, Г.Ташқараев бұл жағдайды өз назарына алып, «Nur Otan» партиясы Абай аудандық филиалында өткен партиялық бақылау комиссиясының отырысында шешу жолдарын қарастырған болатын. Атап айтқанда, үміткер Ізгілік көшесінің бойында ирригациялық жүйені құру қаланың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының 2021 жылға жоспарға қосылсын, сондай-ақ Абай ауданының әкімдігіне 2020 жылдың 1 желтоқсанына дейін ағынды судың жиналуы мәселесін шешу үшін уақытша арықтар орнатуды ұсынған. Берілген тапсырманы орындау қалалық партиялық бақылау комиссиясының бақылауына өтіп, бүгінде жалғасын тауып келеді. ZOOM платформасы арқылы өткен жиында да Ізгілік көшесінің мәселесі назардан тыс қалмады. Басқосуға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Боранбай Нығметұлы, Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Женсері Суетов қатысты. Жиында Бахадыр Мадәліұлы Азат шағынауданындағы көшеге тас төсеу жұмыстары кешеуілдеп жатқанын және жұмыс сапасына көңілі толмайтынын айтты. Ал Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Женсері Бөкенбайұлы «Шымкент қаласы Абай ауданы Ізгілік көшесінің тұрғындары «жаңбыр жауса көшеміз су астында қалады. Көлікпен не жаяу өту мүмкін емес. Өйткені суды қашыратын арық-атыз салынбаған» деп шағымданады. Әкімдікке қанша айтса да мәселе оң шешімін таппай отыр екен. «Сіздер мәселеден хабардарсыздар ма? Қашан шешуді жоспарлап отырсыздар» деп сауал жолдады. Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Боранбай Нығметұлы ондағы мәселе көршілердің өзара келісе алмауы салдарынан туындағанын айтады. Себебі көшеге келетін жауын суын ағызар арық салу үшін жол маңындағы учаске иелері қарсылық танытқан. Мәселені түбегейлі шешу үшін келер жылы қазынадан қаржы қарау қажеттігін айтады мамандар. Бұдан бөлек, Қаратау ауданының тұрғыны Әлия Сәбитова Азат шағынауданындағы Ақдала көшесіне аяқжол салу мәселесін көтерді. Себебі көше бойында жауынды күндері жаяу жүру мүмкін болмай қалады екен. Боранбай Нығметұлы өз кезегінде мәселеден бейхабар еке-нін айтып, алдағы уақытта Ақдала көшесіне арнайы баратынын жеткізді.Әбілмансұр ЖАСАН