Құлаққапты тағып, телефонды қалтаға салып алып, сүйікті тақырыбыңыздағы подкастарды тыңдаған бір ғанибет. Өйткені жүргізушінің тақырыпты ашуы, кейіпкердің барын салып айтқан әңгімесі ойға ой қосып, таным көкжиегін кеңейтеді. Әсіресе, сапарға шыққанда, түнде ұйқыға кетерде, ыдыс жуып тұрып не автобуста отырып уақытты бос өткізбей, пайдалы ақпаратқа қанығуға болады. Подкаст жазу, тыңдау мәдениеті елімізде енді-енді дамып келеді. Қазақстандық контенттің ішінде, қазақы сегментті бөлек алып қарастырғанды жөн көрдік. Қай жаққа бағыт алып барамыз?
Әлқисса, подкаст дегеніміз кәнігі радиобағдарламаға ұқсайды. Форматы да әртүрлі: кейде диалог, кейде монолог. Әркім көңілі қалағанын іздеп жүріп табады. Таппай жатса, сол тақырыпты өзі де ұштай алады. Себебі радио эфирінен айырмашылық сол – оған қымбат техниканың қажеті жоқ, жүргізушінің де дипломы бар-жоғы маңызды емес. Бұл жерде керегі бір-ақ нәрсе: талап, еңбек және терең ой. Осы үшеуінің басын біріктіріп, жобаны қолға ала берсе болады. Бұл терминнің түп тамыры батыстан. «Подкастинг» сөзін қолданысқа енгізген – британиялық журналист Бен Хаммерсли. Осыдан 16 жыл бұрын ол broadcasting (хабар тарату) және iPod сөздерін біріктіріп, жаңа технологиялық трендтің шымылдығын ашады. Содан бері әлемнің әр елінде подкастсүйер қауым жинала бастады. Медиформат ретінде бүгінгі таңда жарық жылдамдығымен дамып, дүниежүзінің жүздеген тілінде жарық көреді. Подкаст аудиториясына қатысты нақты статистика жоқ. Себебі әзірге бірыңғай өлшем бірлік ойлап табылмаған. Бірақ мамандардың түрлі зерттеулеріне зер салсақ, аудитория 1-2 млн шамасында деседі. Musicoomph болжамына сүйенсек, алдағы екі жылда подкасттардан түсетін табыс көлемі 1,6 млрд доллар болуы мүмкін екен. Шетелде подкаст арқылы пайда табуға болады. Бізде де табыс көзі қылып отырғандар бар. Дегенмен қанаты әлі қатайып үлгермеген десек жөн болар. Себебі көпшілігі мұны қаражат көзі ретінде емес, қосымша хобби көреді. Әрі монетизация үшін әбден қыр-сырын біліп, тыңдарман жүрегін жаулау шарт. Жалпы алғанда, подкаст арқылы пайда табу деген не? Мұның бізге белгілі екі жолы бар. Біріншісі, жарнамалық модель. Яғни, бірлесіп, арнайы шығарылым ұйымдастырып, демеушілер арқылы табыс табу жолы. Екіншісі – краудфандинг. Бұл дегеніміз – подкасты одан әрмен шығару үшін тыңдармандардан ақша жинау. Кейде қосымша сервис ұсынып та ақы сұрауы мүмкін. Айталық, цензурасыз нұсқасын тыңдату, алғашқы болып тыңдауға мүмкіндік беру, болмаса бағдарламада сөз арасында айтып өту және т.б.ПОДКАСТ ЖАСАУ БІЗГЕ ДЕ ЖЕТКЕН
Еліміздегі қазақша подкастерлердің бірі Айна Досқызы әзірге бұлай ақша табу жоспарда жоқ дейді. Оның авторлық жобасы Ozgeru kerek деп аталады. Подкаст жазуға белгілі бір себеп не оқиға түрткі болмаған. Бар болғаны, байқап көріп, тыңдарманға пайдалы контент ұсынуды көздеген. «Бірнеше жыл бұрын «Ажыраспа» деген жобаны қолға алдым. Ол жерде ажырасқан соң екінші рет отбасын құрған әйелдермен сұхбаттасқым келді. Біздің қоғамда әйелдер екінші рет тұрмыс құруға қорқақтайды. Себебі «ешкімге керек емеспін», «баламмен мені кім қабылдайды?» деп депрессияға түсіп кетеді. Осыны ескере отырып, үмітін үзбей, бақытты болуға лайық екенін сезінсін деп сұхбат ала бастадым. Бірақ оның монтаж сынды жұмыстары қиындап кеткен соң, подкаст жазуды қойып кеттім» деп алғашқы кездерді еске алады Айна. Бір рет талпынып көріп, аяқсыз қалғанымен, ойының бір бұрышында подкаст үнемі жүріпті. Сөйтіп, биыл жаңа қарқынмен қайта кіріседі. Қолға алмас бұрын арнайы курстан да өтіпті. Бірақ алдыңғы қатені қайталамас үшін, ойлана келе ол сұхбат емес, монолог форматында жүргізуге бел буады. Әрі сұхбаттың бір қиын тұсы ретінде Айна қарсы тараптың техникалық мүмкіндігін де атап өтіп отыр. Себебі микрофон нашар болса, дауыс сапасы дұрыс жазылмай, тыңдаушыға жақсы әсер қалдырмауы мүмкін. Жабдықтар демекші, подкастты қолға аларда айтарлықтай шығын кетпейді. Авторға арнайы радиостанция да, студия да қажет емес. Бастысы, дауыс тұнық шығатын микрофон болса болды. Дауысты жазып, монтаждап, онлайн-сервистерге жүктеп, тыңдарманға таратасыз. Тағы бір артықшылығы — кез келген уақытта тыңдауға болады. Жүктеп алып, офлайн тыңдауға да жол ашық.ТЫҢДАРМАНҒА АРНАЛҒАН СЕРВИС ТЕ КӨП
Ал подкаст жазушы емес, тыңдарман болсаңыз, бүгінде подкаст тыңдауға арналған жүздеген сервис бар. Тақырыптарға бөлінген жерден көңіліңіз қалағанын тыңдай бересіз. Тіпті, кейде сүйікті подкастерін тапқан соң, онымен кері байланысқа шығып, лебізін не сынын білдіретіндер де болады. Айна Досқызының айтуынша, тыңдарман тарапынан әлдебір талаптар көп айтылмайды. «Көбіне сөз қолданысына қатысты ескертпелер айтылып жатады. Подкастымды тыңдаушылардың ішінде орынсыз сынайтындар жоқ. Жалпы, жылы қабылдап жатыр», – дейді ол. Расында, подкаст авторының көтерген мәселесі, талдаған тақырыбы ұнаса, тыңдарман міндетті түрде оны бөліседі. Әрі отбасының бір мүшесіндей жақын тартып кетуі де ықтимал. Сөздің сиқыры деген осы болса керек.ОЛАР БҰЛ БАҒЫТТЫ ДАМЫТУҒА МҮДДЕЛІ
Бізде қазақстандық сегментте жеке де, топтық та подкасттар көп. Дегенмен соның ішінде қазақша контенттің үлесі азырақ. Тыңдарман саны аз болатынын, орысша жазса ауқымы кең болатынын білсе де Oy-Detox авторы Әйнел Әмірхан мақсатты түрде қазақша жүргізуді қолға алған. «Өзім 2016 жылдан бері ағылшын тіліндегі подкасттарды көп тыңдап келемін. Тілді меңгеріп, жетілдіру үшін бұл – таптырмас тәсіл. Ал авторлық жобамды 2019 жылы бастадым. Подкаст жазып бастау мүлдем қиын емес. Бастысы, телефон, айтар ой, шақыратын қонақ болса жетіп жатыр. Өзім осы салаға қызығатындықтан, аналитика жүргізіп жүремін. Байқағаным, былтыр қазақша подкаст саны онға жетер-жетпес болса, биыл 25-тен асты. 2020 подкасттардың нағыз бум жылы болды. Бұл дегеніміз, тыңдарман талабының жоғарылайтынын білдіреді. Орысша подкасттардың саны көп әрі еркіндік басым. Яғни, боқтық сөз, әзіл-қалжың, эмоция қосады. Біздің аудитория оны қабылдай алмауы мүмкін. Одан бөлек, орыс подкастерлер монетизацияға шығып кеткен», – дейді Әйнел. Қазақ подкастерлердің ішінде краундфандинг платформа, яки патреоны бар автордың бірі де, бірегейі — Әйнел. Айтуынша, шығармашылық жұмысы үшін ақы сұрау менталитетімізге жат: «Өзім де бұл қадамға әзер бардым. Ал орысша подкастерлер брендтермен жұмыс істейді, патреондары бар, подкастты қалай жүргізу керегін үйрететін тренингтер жүргізіп ақша табады. Бізде қазақша подкастерлер үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен подкасттар шығарып, тегін тренингтер өткізеді». Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар қазақша контентті қолдау мақсатында түрлі грант тағайындайды. Айталық, экология тақырыбында жүргізілген «Қарлығаш» жобасы сондай грант арқылы басталып, қазіргі күні тоқтап қалды. Ал жеке адамдар қолға алғандарын тізбелеп көрсек. Нұржан Еркінұлы жүргізетін Feya Perizat жобасының ұзақтығы — 1 сағат шамасында. Бірнеше қонақ белгілі бір тақырып аясында ой бөліседі. Подкастар YouTube-та жарияланады. Үш айдай бұрын басталған келесі бір қазақша жоба — Mihrab.kz. Алматыдағы «Орбита-3» мешітінің бас имамы Жанболат Сапашов жүргізеді. Ағылшын және араб тілін жетік білетін әрі АҚШ, Еуропа және Араб елдерінің діни контентін ұдайы бақылап, мониторинг жасап отыратын мамандарымыз шетелдік дін ғалымдарының осы подкаст жанрын насихатқа пайдалана бастағанын байқап, қазақша уағыздарды жеткізудің осы жолына тоқтаған. Одан бөлек, күн шуағымен жарыса оянып, күнін жаңа идеямен, қуанышпен бастағысы келетіндерге арналған «Тамаша жыл», ата-әжелердің көрген күнін, бастан өткерген оқиғаларын тізбектейтін «Әжемнің әңгімесі», Қазақстан жастарының рухани, интеллектуал дамуына үлес қосып, өмірдің құндылықтарын айқындауға көмектесетін Narikbi Live, спорт тақырыбындағы талқы жүргізетін Нұрсұлтан Құрманның подкастын және т.б. атап өтуге болады. Оқырмандардың кері байланысы мен көптеп бөлісіліп жатқанына қарасақ, қазақша подкасттардың саны артып, оның үстіне сапасы да жақсара түседі деуге болатын сыңайлы. Солай болсын!Жадыра АҚҚАЙЫР