Ақша сақтайтын банк бар, басқа ше? Банкте тек ақша сақтауға болады деп кім айтты? Informburo ұсынған дерек бойынша, елімізде 8 криобанк банк жұмыс істейді. Онда аналық және аталық тұқым жасушасын сақтауға болады. Ер мен әйел өзінің жасушасын сақтауға немесе донорлық қызметті пайдалана алады. Мысалы, Репродуктивті медицина институты орталыққа келген ерлі-зайыптыны да, донорды да толық тексеруден өткізетінін атап өтті. Тексеру құны – репродуктологтың алғашқы қабылдауына 13 мың теңге төлейсіз. Кейінгі қабылдауға жеңілдік бар. Жалпы, бұл орталықта жасушаларды қатыру мен сақтау бағасын білгіңіз келетін болар. Орталықтың координаторы Бақтияр Аюповтың айтуынша, аналық және аталық жасушаны қатыру, ай сайынғы күтімі 3000 теңге тұрады. Ал сақтауға келсек, 1 жасушадан 4 жасушаға дейін сақтау 63 мың теңге, одан да көп жасуша сақтағыңыз келсе 103 мың теңге төлейсіз. Бұл не әурешілік, қандай пайдасы бар десеңіз, гинеколог-репродуктолог Әсел Мұхаметқазықызының айтқанына назар аударыңыз.
«Егер қыз-келіншектер тұрмыс құрмаған болса немесе бала сүю мерзімін кейінге шегеруді қаласа, орталықта аналық жасушасын қатырып қоюына болады. Біз барлық сараптаманы жасап, егер келушінің денсаулығы жақсы болса, аналық пісіп жетілген фолекулаларын алып, қатырамыз. Жасушаны алмас бұрын келісімшартқа қол қойып, тиісті төлем жасайды. Кейін мұны өз қалауынша қолдана алады. Бірақ мерзім бар. Әйелдер қатырылған аналық жасушаны репродуктивті жасқа, яғни 49 жасқа дейін пайдалана алады. Орталықта тек ерлі-зайыптылардың биоматериалы сақталмайды. Криобанкте донорлық аналық жасушалар мен аталық ұрықтар бар», – дейді дәрігер Әсел Мұхаметқазықызы.Қазақтар донордың руын сұрайды
Шымкенттегі репродуктивті медицина орталығы қызметкерінің айтуынша, биоматериалы жарамаған ерлі-зайыптылар донор көмегіне жүгінеді. Донор болуға бәрінің мүмкіндігі бар дегенімізбен, бірнеше шарт орындалуы тиіс. Мәселен, 18-34 жас аралығындағы, бойындағы генотиптік, фенотиптік өзгергіштігі қалыпты қыз-келіншектер донор бола алады. Әйел адам донор боламын десе, кемінде бір дені сау баласы болуы керек. Сондай-ақ, созылмалы ауруы жоқ, еш жерде есепте тұрмағаны жөн. Ерлердің жасына келсек, 18-35 жас аралығындағы дені сау ешқандай фенотиптік, генотиптік аурулары жоқ адамдардың донор болуға мүмкіндігі бар. Әрине, ер мен әйелдің биоматериалына бірнеше сараптама жүргізіледі. Егер донорлыққа жарамды болса, арнайы каталогқа кіреді. Осы тұста гинекологқа донорлар каталогы жайында сұрақ қойдық. Өйткені бұл каталогтың кәдігулі каталогтан қандай айырмашылығы барын білгіміз келді. «Донорлар каталогында олардың туған жылы жазылып, кескін-келбеті суреттеледі. Бала кезіндегі фотосы болса, каталогқа қосып қоямыз. Себебі ерлі-зайыптыларға болашақта баласының түрі кімге ұқсайтыны қызық. Ал қазақтар түрден бұрын, донордың руына көңіл бөледі. Мұндай сұрақ туындамас үшін, міндетті түрде донордың руын көрсетеміз. Қан тобын, қандай қызығушылығы бар, немен айналысатынын қосамыз. Деректер орталықта сақталады. Келушілер донорлық бағдарламаға жүгінетін болса, каталог бойынша донор таңдай алады», – дейді гинеколог-репродуктолог Әсел Мұхаметқазықызы. Бұдан кейін келушілер арасында қандай рудың танымал екенін, донорлардың дені қай өңірден екенін сұрадық. Бірақ сұрағымыз жауапсыз қалды. Орталық қызметкері себебін донор туралы мәліметті құпия ұстайтынымен түсіндірді. Алайда ерлі-зайыптылардың көпшілігі рулас донор таңдайтынын жасырмады. Бұдан кейін донорға орталық тарапынан төленетін ақыға тоқталдық. Деректерге көз жүгіртсек, елімізде қаржыға байланысты донор болатындар көп екен.Ерлерге 1 аптада бір рет донор болуға рұқсат. Орталық қызметкері әйелдерге 2-3 ай демалып, ағзасын қалпына келтіргеннен кейін донор болуға кеңес берді. Өйткені әйелдің аналық жасушасын фолекула толық пісіп-жетілгенде алады. Процесс пункция арқылы жүріп, донорға наркоз берілетіндіктен, донорға ақы көбірек төленеді. Шамамен, 200-300 мың теңге аралығында.
Репродуктивті медицина институты қызметкері Бақтияр Аюповтың айтуынша, донор болған ерлерге 50 мың теңге төленеді. Олар көлемі 1 миллилитрға шамалас шәует тапсырады. Ерлерге 1 аптада бір рет донор болуға рұқсат. Орталық қызметкері әйелдерге 2-3 ай демалып, ағзасын қалпына келтіргеннен кейін донор болуға кеңес берді. Өйткені әйелдің аналық жасушасын фолекула толық пісіп-жетілгенде алады. Процесс пункция арқылы жүріп, донорға наркоз берілетіндіктен, донорға ақы көбірек төленеді. Шамамен, 200-300 мың теңге аралығында. Бірақ мамандар әйелдің ағзасына күш түсіп, түрлі асқыну белгілері байқалуы мүмкін екенін ескертеді.Шетелдіктер отандық бағдарламаны іздеп келеді
Жоғарыда шетелдіктердің донорлық бағдарлама бойынша елімізге келетінін айттық. Гинеколог-репродуктолог Әсел Мухаметқазықызынан мұның себебін сұрағанымызда, елде медициналық шектеулер жоғымен түсіндірді. Мысалы, Италия, Оңтүстік Корея, Германия мен Өзбекстанда аналық жасуша доноры болуға рұқсат бермейді. «Әлемдегі репродуктивті медицинаны алып қарасақ, Қазақстанда медицина заңнамасы бойынша көп нәрсеге рұқсат берілген. Донорлық бағдарламаға, суррогат ана болуға рұқсат бар. Шетелден ерлі-зайыптылар келіп, эко-бағдарлама жасатады. Каталог қарап, түр-түсіне қарай донор таңдайды»,– дейді Шымкенттегі орталық дәрігері. Мамандардың сөзіне қарап, шетелде орта жастан асқан қыз-келіншектердің, қыздар қауымының қауіпті отаға кірер алдында аналық жасушасын қатыруға беретінін білдік. Өйткені бұл болашақта ана атануына кепіл болады екен. Мәселен, химиялық терапия қабылдар алдында әйелдер биоматериалын сақтауға тырысады. Себебі терапиядан кейін ағзасында өзгеріс болатынын сезіп, аналық жасушаны ертеңінің кепілі ретінде қабылдайды. Ал елімізде мұндай қызмет түріне кәрі қыздар жиі жүгінгенімен, әйелдер қауымы «жоламауға» тырысады. «Аналық жасушасын қатырып қойып, кейін пайдаланатын қыз-келіншектер көп емес. Біразы мұны біздің менталитетке сай емес деп ойлайды. Қоғам әлі үйренісе алмай жатыр. Айта кетерлігі, бұдан ұялатын, қорқатын ешнәрсе жоқ. Меніңше, бұл – ең дұрыс шешім. Еліміздегі әйелдердің денінде «тұрмыс құрып қана балалы боламын» деген түсінік бар. Олар эко мен жанұяны жоспарлайтын орталықтың көмегіне жүгіне бермейді. Уақыт өтіп, тығырыққа тірелген кезде ғана аталған орталықты іздейді», – дейді Әсел Мұхаметқазықызы.Диагностика дамып жатыр
Репродуктивті орталыққа бала сүюге қабілеті жоқ ерлі-зайыптылардың келетінін білеміз. Гинекологтың айтуынша, қазір бедеуліктің себептері көп екен. Алайда орталықтар бедеуліктің негізгі 3 себебін қарастырады. Біріншіден, жатыр түтікшесі өткізгіштігінің төмендеуі немесе түтікше мүлдем болмағанда жүктілік болмайды. Екіншіден, бұған әйелдер арасындағы эндокриндік фактор себеп. Үшіншісі – еркектердің бедеулік факторы. Яғни, ұрық көрсеткішінің төмендігі. Ал мұны ұрық талдамасы жүргізу арқылы анықтауға болады. Талдама жайына келгенде, гинекологиялық аурулардың жасарып бара жатқаны жайында дерек еске түсті. Осы турасындағы Әсел Мұхаметқазықызының жауабы бізді таңдандырды. Ол «гинекологиялық аурулар жасарып жатқан жоқ, диагностика дамып жатыр», – деді. Қазір кез келген талдамаға дамыған аппаратпен зерттеу жүргізетінін алға тартты. Оның айтуынша, жаңа ғылыми ашылулардың да гинекология саласына тигізер пайдасы орасан зор. Айта кетерлігі, біз суреттеген Шымкенттегі репродуктивті медицина институты биыл наурыз айында ашылған. Орталықтың алғашқы «сәбиі» бір айдан соң дүниеге келмек. Институт қызметкерлері жұмысты бастағанына біраз уақыт болмаса да, келушілердің көп екеніне қуанышты.