Адам саудасы – құлдық пен қайыршылық
Адам саудасы – құлдық пен қайыршылық
326
оқылды

Қазақстан – құқықтық мемлекет болғандықтан, мұнда адам саудасы мен құлдыққа орын жоқ екені белгілі. Сонда да болса, елімізде жылына 200-ге жуық осындай қылмыс дерегі тіркеліп тұрады екен. Оның ішінде ха­лықаралық дәрежедегі траффик мәселесі де бар. Соңғы жылдары Қазақстан азаматтарын Түркияға, Оңтүстік Кореяға және Бахрейн Корольдігіне апарып сататын бірнеше канал жойылған.

Ең үлкен қауіп – трансұлттық траффик

Биыл қыркүйек айында қолға түскен Манама қаласына адам тасушы ұйымдасқан топ 9 адамнан құралыпты. Олар – 4 Бахрейн азаматы, 4 Қазақстан азаматы және 1 Үндістан азаматы. Олардың құр­бандықтарының арасында еліміздің ғана емес, ТМД елдерінің де азаматтары, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар да болған. 16-25 жас аралығындағы қыздарды алдап, «секс-құлдыққа» сату мақсатымен Бахрейн астана­сына жеткізіп отырған бұл топтың құрған торына көбіне оңтүстік өңірлердегі әлеу­меттік осал топқа жататын отба­сылардың қыздары түсіпті. Оларды жоғары жалақысы бар жұмыс бар деп алдап апарып, 5-15 мың доллар көлемінде бағаға сатқан. Ал Мана­мада қыздардың құжаттарын тартып алып, қамап ұстап, ұзақ уақыт жезөкшелікпен айналысуға мәж­бүрлеген. Тыңдамағандарын ұрып-соғып, 500 мың теңгеге дейін айып­пұл салып, соны өтеуге тиіссің деп, одан әрі пайдаланған. Басқа «жең­гетайларға» сатып жібереміз, бол­маса полицияға тапсырамыз деп те қорқытқан. Бахрейнде жезөкшелік үшін 5-15 жылға соттап, 250 мың $ айып­пұл салады екен. «Биылғы 10 айда елімізде адам саудасына қатысты 112 қылмыстық іс тіркелді. Соның ішінде құлдыққа салу мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру бойынша – 5 факт, адам саудасы туралы – 37, кәмелетке толмағандар саудасы жөнінде – 13, жезөкшелікке тарту бойынша – 10, кәмелетке толмағандарды жезөк­шелікке тарту бойынша – 5, жезөк­шелікпен және жеңге­тайлықпен айналысуға арнап притондар ұйым­дастыру және ұстау бойынша 42 дерек. Осы қылмыстар бойынша жыл басынан бері 31 адам сотталды. Олардың ішінде трансұлттық қыл­мыстық топтардың өкілдері де бар», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Думан Таев. Халықаралық көші-қон ұйы­мының (IOM) мәліметінше, Қазақ­станда адам саудасы 2012 жылдан бастап қатты белең ала бастаған. Былтыр жүргізілген зерттеулер қо­ры­тындысында «осалдық индексі» елімізде 43%-ды құраған. Бұл әрбір екінші қазақстандық осындай сауданың құрбаны болып кетуі мүмкін дегенді білдіреді. Мұның басты себебі – кедейшілік, көші-қон және көбірек табыс табуға ұмтылу екен. Яки, жерлестеріміздің жақсы жалақы беретін болса, көзді жұмып шетелге де кетіп қалуға дайын екені. Одан бөлек, халықаралық ұйым Қазақстанды көрші елдердің аза­маттары құлдыққа түсетін ел ретінде де атап отыр. Жылына 50-100 Өз­бекстан азаматы бізде құлдықта болатын көрінеді. Олар көп ретте аман-есен құтылғанына қуанып, құлдыққа түскенін еліне барған кезде ғана хабарлайды екен.

Баға жетпес бостандық

Елімізде көбіне «еңбек құлдығы» мен «секс құлдық» жиі кездеседі екен. Сондай-ақ соңғы уақыттары күн көре алмай отырған отбасы­лардың кәмелетке толмаған бала­ларын сату оқиғалары да тіркелген. Жас балаларды саудалау­шылар олар­ды қайыр сұрау бизнесіне салу үшін сатып алатын көрінеді. «Тергеу барысында белгілі бо­латындай, сексуалды құлдыққа салу мақсатымен адам сату бағасы елі­мізде 50 мың теңгеден басталып бірнеше мың долларға дейін баға­ланады. Жаңа туған нәрестелерді сататындар да бар. Олар шамамен 2 000-3 000 доллар. Тіпті, пәтерге, машинаға айырбастаған жағдайлар да болған», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға жедел уәкілі Шынар Көшербаева. Биыл тіркелген істің бірі – Нұр-Сұлтан қаласында шымкенттік 24 жастағы қызды «секс-құлдыққа» салған топтың әрекеті. 2016 жылы Алматы қаласында бірге үй жалдап тұруға келіскен екі қыздың таныс­тығы, бірінің «қожайын» жеңгетай, бірінің «күң» жезөкше болуымен аяқталған. Өзін «Айнұр» деп таныс­тыруын өтінген «секс құлдықтың» құрбаны қазір астанадағы оңалту орталығында тұрып жатыр. «Өзім Сарыағаш ауданының тумасымын. 2016 жылы анам қайтты. Әкеммен бұрын да арамыз араз еді. Тіпті, «сенің қызың болмаймын» деп жеке куәлікті де алмай қойғам. Содан соң ауылда қалғым келмей, жұмыс іздеп Алматыға кеттім. Сонда жүріп осы топқа тап болдым. Олар мені 4 жыл бойы жезөкшелік жолға салды. Ұрып-соғып, қорқытып ұстады. Пәтерден пәтерге тасыды. Тіпті, дүкенге де жібергенде аңдып отыратын. Астанаға ақпан айында келдік. Содан сол кәсіпті жал­ғастырдық. Мамыр айында кезекті рет қатты таяқ жегенімде, басым жарылды. Сол кезде қашып кетіп, полицияға хабарластым», – деді ол. «Айнұр» жезөкшелік жолда жүр­гендердің көпшілігі еріксіз жүр­гендер екенін айтады. Өзі секілді «барар жері, басар тауы» жоқтарды басы­натындар көп екен. Өткен 4 жылда бостандықтың не екенін де ұмытып қалыпты. Тұру мерзімі 6 ай болса да, қала беруге рұқсат беріп отырған оңалту орталығының бас­шылығына алғысы шексіз. Мейі­рім дейтін нәр­сеге үйрене алмай жүр­мін», – дейді ол. Бір өкініштісі, қатесін енді түсін­генде, таяуда әке­сінің қайтқаны ту­ралы да хабар алған.

Құлдық тәрбиенің нашарлығынан басталады

Елімізде адам саудасының құр­баны болған жандарға түрлі бағыт­тағы көмек көрсететін 22 үкі­меттік емес ұйым бар. Олар еліміздің әр өңірінде орналасқан. Солардың бірі – «Катализатор прогресса» жеке қорының Қостанай және Өскемен қалаларындағы дағдарыс орта­лықтары. Мемлекет тарапынан бекітілген әлеуметтік 7 көмек түрі аясында олар сотта өкіл болу, құ­жаттарын қалпына келтіру, тіпті шетелдік азаматтар болса, Отанына қайтаруға дейінгі жұмыстарды атқарады. 2017 жылдан бері олар осындай 30 шақты адамға көмек көрсеткен. Олардың Қостанайдағы орталығында 7 адам, Өскеменде 6 адам жартыжылдық оңалту про­цестерінен өтуде. «Құлдыққа түскен адамдардың басым көпшілігіне ортақ портрет – бала кездегі тәрбиесінің нашар болғаны. Не әкесіз, не шешесіз өс­кен, көп әлімжеттік көргендер құлдыққа түседі. Олар тумысынан көнбіс, ынжық боп келеді. Мектепте қатарларынан таяқ жесе де үндемей жүре беретін балалар болады ғой. Сондайлар өсе келе осындай жағ­дайға көп түсе ме деп ойлаймын. Құжаттарына немқұрайды қарайды. Жоғалтып алса, іздемейді. Соның кесірінен жұмысқа тұра алмай, табылған әр жұмысты бір істейді де, ақыр аяғында құлдыққа түседі. Қыз балалар туралы да осыны айтуға болады. Сондықтан да мұндағы проб­лемалардың түп-төркінін мектеп пен отбасынан іздеу керек деп санаймын», – дейді қордың басшысы Меруерт Өтегенова. Қостанайдағы дағдарыс орта­лығын паналаушылардың арасында 9 жыл құлдықта болғандар бар екен. Әуелден құжаты жоқ болған оны қожалық иелері, «сені ешкім ізде­мейді, өйткені іздейтін құжатың да жоқ, өлтіріп тастасақ та ешкім біл­мейді» деп қорқытқан. Осылайша, ол кезекті бір рейд кезінде табыл­ғанша бір табақ ас үшін мал бағып жүре берген. Өткен аптада өткен «СТОП-Траффик» шарасы кезінде полиция қызметкерлері орталыққа тағы бір 21 жастағы жігітті тауып әкелді. Оны да шалғайда жатқан шаруа қожалығында 2,5 жыл мәж­бүрлеп ұстап, мал бақтырған. Қоғамдық ұйым өкілдері адам саудасына тап болған немесе куә болған адамдарды «116 16» сенім телефонына хабарласуын сұрайды. 2010 жылы Халықаралық көші-қон ұйымы, Дағдарыс орталықтары одағы және Ішкі істер министрлігі бірігіп ашқан бұл жедел желіге жыл сайын 1 000-ға жуық қоңырау келіп түседі екен. Тіпті, шетелге жұмыс визасымен кетіп бара жатқандар да ақыл-кеңес сұрап хабарласатын көрінеді.

Нұрлан ҚОСАЙ