Елімізде белгілі шектеулер арқылы сауда орталықтары, мейрамхана мен көптеген мекеме жұмысын жалғастырып жатыр. Тіпті, қоғамдық көліктер де сапырылысып жүр. Бірақ мектептер жабық. Демек, білім саласы басыбайлы тұйыққа тірелді. Ал қашықтан оқытудың жайы белгілі, көпшілік білім сапасына разы емес. Сонымен, бір сауалға жауап іздесек, індет жағдайына қарамастан оқу ордаларын ашқанымыз жөн бе?
Мектептерді ашқан жөн бе?
Бұл мәселе талқыға түскелі көп болды. Ата-аналар петиция да толтырды, мұғалімдер қостағандай сыңай танытты. Соңы өзгеріссіз, мектептер әлі баяғы оқу үрдісіне көше алмай, қашықтан білім беріп жатыр. Жуырда екінші тоқсаннан бастап мектептерді ашып, дәстүрлі оқуға ауысудың мәселесі қаралған болатын. Бірақ жеме-жемге келгенде бұл да сөз күйінде қалды. Білім сапасын оңдырмаса да бейнеті көп саналған қашықтан оқыту жалғаса беретін болды. Осы тұста бір жайтты ескерсек, көп мектептің ашылмай жатқанына Білім және ғылым министрлігін кінәлап әлек. Дегенмен мына нәрсе анық – Білім министрлігі шарасыз. Барлығын елдің бас санитар дәрігері шешеді. Апта басында министрлік бұл сөзді ресми түрде қадап айтты. Ал адам өмірі мен қауіпсіздікті алға тартқан Денсаулық сақтау министрлігі бұған жол бермеуге тырысатындай кейіп танытып отыр. Енді мына қызықты қараңыз. Елімізде сауда орындары, мекемелер, базарлар жұмыс істеп тұр. Бірақ мектеп жабық. Ал дамыған Еуропа елдерінде осы сценарий керісінше өрбіп жатыр. Білім ордаларын қаңыратпаған өзге елдер оның орнына сауда орындары мен мекеме жұмысын шектеді. Республикалық QazBilim орталығының директоры Аятжан Ахметжан болса, Үкімет осы тұста Еуропа елдерінен үлгі алу керегін айтады. – Білім министрлігі шарасыз болып тұр. Бәрін шешетін бас санитар дәрігер. Болмаса осы мәселені айтып Білім министрлігінің өкілдерімен талай кеңестім. Олар құптап отыр, алайда сол шарасыз болып тұрғандарын айтады. Білім саласынан басқа жерде карантин деген түсінік қалған жоқ. Балалар мектепке бармайды, бірақ сыртқа шығып, аулада өзге балалармен ойнап жүр. Олардың ата-аналары жұмысқа қатынап жүр. Қайдағы қауіпсіздік?! Абзалы, балалар мектепке барып оқуы тиіс. Онсыз да білім сапасын төмендетіп алғанымыз жасырын емес, – дейді ол. 1 қыркүйек пен 20 қараша аралығында елімізде 1 251 мектеп оқушысынан коронавирус анықталған екен. Оның ішінде 256 оқушы кезекші сыныптарда оқыса, қалған 895 оқушы қашықтан білім алып жатқандар. Байқасақ, қашықтан оқып жатқан оқушылар індетті көп жұқтырған. Демек, мектептердің ашылуын қалаған көпшіліктің пікірі орынды айтылған. Ал бұған тәуелсіз дәрігерлер не айтады? – Тамыз айында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. 3,7 млн қазақстандық коронавируспен ауырған. Шамалауымызша, бұл сан – 4,5 млн. Яғни, қоғамдық иммунитет қалыптасты. Індет жұқтырғандар көбейгенімен, жаздағыдай қайғылы оқиға көп бола қоймайды деп болжаймын. Бұл мәселенің көтерілгені дұрыс, егер эпидемиялық ахуал өзгеріссіз тұрса, індет жағдайы қызыл деңгейге түсіп кетпесе, мектептерді ашу керек. Білім сапасы маңызды екеніне көзіміз анық жетті. Пандемиядан кейін не болады? Соны ойласақ дәстүрлі оқуды қайтарғанымыз жөн, – дейді медицина сарапшысы Қайырғали Көнеев.Өзге елдерде қалай?
Дүниежүзілік банктің дерегінше, пандемия басталған кезде 162 елдің мектептері толығымен жабылған екен. Дегенмен індетке қарамастан, білім беру мекемелері жұмысын тоқтатпаған елдер де жетерлік. Тізбектей жөнелсек, бас-аяғы 45 ел мектептерді жаппаған. Көбі Еуропа елдері. Бұл бір жағынан балалардың денсаулығын ойламау дерсіз, бірақ олар үшін пандемиядан кейінгі өмірдегі білім сапасы маңызды секілді. Мәселен, Бельгия, Швейцария, Германия, Франция, Жапония, Норвегия, Швеция сияқты елдерде мектептер дәстүрді бұзбай, 1 қыркүйектен бастап өз жұмыстарына кіріскен.