Екі сымға байланған Елорда
Екі сымға байланған Елорда

Елорданың коммуналдық сала қызмет­керлері мен энер­ге­тиктері екі күн бойы әбі­герге түсті.

Қарашаның 9-ы күні жауып бас­­таған қар кешке дейін қаланы ақ ма­мыққа орап тастады, ар­тынша ақтүтек бо­ран соқты. Бұл Арқа үшін қалыпты жағ­дай, алай­да сол түні қала­дағы бірнеше тұр­ғын үй кешені жарықсыз қал­ды. Төтен­ше жағ­дайдың жексенбіге сәйкескені абы­рой болды,  өйтпегенде қаланың тең жар­тысы «жансызданып», ел жүрегі – астана ин­сульт алғандай күйге түсер еді. 

Себебі жарықсыз қалған ғимараттар қатарында Ақордадан бастап Парламент Сенаты, Мәжіліс, Министрліктер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы сот, «Уют», «Краун Плаза», «Тұмар» (2 үй), «Арт Хаус», «Вива плаза», «Алатау», «Сулы-жасыл желек жолы» тұрғын үй кешендері мен «Бәйтерек» монументі, «Зүбәржат орамы» бизнес орталығы, «Керуен» сауда және ойын-сауық орталығы, Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат ғимараттары бар. Жарықтың сөнуіне 9 қараша­дан 10 қарашаға қараған түнгі сағат 02.04-те елордадағы «Лево­береж­ная» 110/10 кВ шағын стан­сасының 10 кВ кабель каналында шыққан өрт себеп болған. Электр стансасындағы апат орнына қала басшысы Алтай Көлгінов барды. Ол Facebook парақшасында «Левобережная» подстансасының кабель желілерін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын, көшпелі дизель-генераторлар іске қосылғанын, сондай-ақ тұр­ғын үйлер мен нысандардың бөлігі өрт сөндірушілердің қауіп­сіздігі үшін электр желісінен ажыратылғанын жазды. Ал кеше таңертең елорда әкімдігінің бас­пасөз қызметі бірқатар әкімші­лік ғимараттар мен тұрғын үй кешен­деріне электр жарығы беріле бастағанын хабарлады. Алайда   жарықпен қамтылды деген «Сулы-жасыл желек жолы» тұр­ғын үй кешенінде орналасқан әкі­м­шілік ғимараттарға жарық түс­тен кейін ғана берілгенін айтуы­мыз керек.

 

Мәселеге Мемлекет басшысы араласты

Елорданың жарықсыз қалуы Мемлекет басшысын бейжай қал­дырмаса керек, Қасым-Жомарт Тоқаев астананың басым бөлігін жарықсыз қалдырған апат­ты жағдайға байланысты Үкі­метке арнайы комиссия құру­ды тапсырды.

«Комиссияға Вице-премьер Роман Скляр төрағалық етеді. Комиссия мұқият зерттеу жүргі­зіп, кінәлілерді анықтап, қажет болған жағдайда істі құқық қорғау органдарына өткізеді. Президент Үкімет пен Нұр-Сұл­тан қаласы­ның әкімдігінен алда­ғы уақытта мұндай жағдай­ларға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдауды талап етті», – деп жазды Прези­дент­тің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.

Үкімет басшысының орынба­сары Роман Скляр елордада электр энергиясының ажыратылу се­беп­терін анықтау жөніндегі комис­сияның алғашқы отыры­сын өткізді. Ал Ішкі істер ми­нистрлігінің Тергеу департа­менті­нің бастығы Санжар Әділов апат­ты жағдайға байланысты қыл­мыстық іс қозғалғанын хабар­лады.

«Апат жағдайы бойынша Нұр-Сұлтан қаласының полиция де­пар­­таменті Қылмыстық кодек­с­тің 292-бабы бойынша (өрт қауіп­сіздігін бұзу) сотқа дейінгі тер­геу амалдарын бастады. Сотқа де­йінгі тергеу амалдарын жедел тер­геу тобы қолға алды. Іс Ішкі іс­тер министрінің бақылауында», – деді ол БАҚ өкілдеріне берген жауабында.

Ал кеше кешке қарай қала әкімдігі апатты жағдайдың мән-жайын түсіндіру үшін БАҚ өкіл­дерін жинап, арнайы топтың екі күн жұмыс істеп, аварияның сал­дарын толық жойғанын, әкім­шілік ғимараттар мен көпқабатты тұр­ғын үйлердің барлығына электр қуаты берілгенін мәлім­деді.

 

«Арт-хаустағы» хаос

Астана әкімдігі жедел әрекет еттік десе де, қала тұрғындары жарық­тың қосылуын бір жарым тәу­лікке жуық күтуге мәжбүр бол­ды. Есілдің сол жағалауына газ тартылмаған. Барлық тұрғын ас-суын электр пеште пісіреді. Ал кейбір тұрғын үй кешендерінің электр жарығы сөнсе, жылуы мен суы да қоса сөнеді. Екі сымға бай­лан­ған елорданың тұрғындары үшін жарықсыз қалу ауасыз қалу­мен тең.

Астанадағы «Арт-хаус» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Айнұр Кос­кина да жарық сөнсе, жылу­сыз, сусыз қалатын үйде тұрады.

«Біз жарықсыз қалғанымызға емес, жылусыз қалатынымыз үшін алаңдадық. Өйткені дәл сол күні күн райы бірден суып кетті, әуел­гіде үй менеджеріне хабар­лас­тық, себебі бірер күн бұрын да жарық сөнген болатын. Алайда басқарушы компания бұл біздің үйге ғана қатысты мәселе емес,    қалалық мәселе екенін айтқан соң, 109-ға хабарластық, бірақ бұл қызмет түні бойы өшірулі тұр­ды. Тек таңға жуық қана жылумен, жарықпен, сондай-ақ лифтімен қамту үшін дизельді генераторды іске қосты. Бірақ дизельді гене­ра­тор тұтас тұрғын үй кешенін жарықпен қамтуға қауқарсыз болып шықты. Сондықтан оған лифтіні ғана қосып қойды. Сөй­тіп, тағы да сусыз, жылусыз, жа­рықсыз қалдық.   Біз тоқса­нын­шы жылдардағы тоқырауды көрген ұрпақпыз, мұндай жағдайға үй­рен­генбіз. Жас буын үшін бұл   апока­липсиспен бірдей болды. Жарықты әне береді, міне береді дегенімен, беріле қоймады. Амал жоқ, туыстарымызға барып та­мақ­тандық. Ең қиыны   бағдар­шам­дар жұмыс істемей қалғанда болды. Жол қозғалысын реттеп жатқан полицей көрмедік. Есе­сіне, олар реттеушінің жоқты­ғы­нан болған жол-көлік оқиға­лары жақта жүрді. Одан да жол қозға­лы­сын реттесе болар еді деп ойлай­мын. Қалай десек те, қыс басталмай жатып, елорданың инфра­құрылымы сыр берді. Жаңа әкім бұл мәселеге дайын болмай шықты», – дейді ол.

Оның пікірінше, егер бұл оқиға Есілдің оң жағалауында болса, электр желілері ескі деп түсі­нер едік, ал сол жағалаудағы желілер жаңа емес пе?

«Жаңа инфрақұрылымға қыз­мет көрсете алмағанымыз қалай? Көршіміздің баласы жасқа тол­мағ­ан. Баласына қайнаған суға қосып беретін ботқасын бере алмай, «Мегаға» баруына тура келді. Сол жақта кешке дейін жа­рықтың қосылғанын күтіп жүрді. Мен үшін қорқыныштысы – қарапайым бір кабельдің жануы қаншама әкімшілік ғима­рат­тарды жарықсыз қалдыр­ды. Ал дизельді генераторлар мәселені шеше алмады», – дейді қала тұрғыны.

 

Апатқа кім кінәлі?

Айнұр Коскина сияқты тұр­ғын­дарды жарық қосылғанға дейін іске қосылған дизельді ге­не­раторға жұмсалған жанар май­дың шығынын кім төлейтіні алаң­­датып отыр. Астана әкімді­гінде өткен брифингте бұл шы­ғынды тұрғындардан өндіруге ешкім­нің құқы жоғы айтылды. Яғни, дизель шығынын тұрғын­дарға электр энергиясын жеткізу­ші компания көтереді. Себебі оның міндеті – тұрғындарды үз­діксіз жарықпен қамтамасыз ету. Мұндай жағдайда кінәлі тарап­ты іздейтін әдет бар. Ал дәл осы оқиғада кінәліні анықтау қиынға соғатын сияқты. Себебі Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энер­ге­ти­калық кешені және комму­нал­дық шаруашылық басқармасы басшысы Ернат Бәзіл бұл оқиғада әкімдік кінәлі емес, біз де зардап шегушілерміз деп отыр.

«Біз де әкімдік пен мем­ле­кеттік коммуналдық кәсіпо­рын үшін айыпты тараптан шығы­ны­мызды өндіріп алғымыз келеді. Біз де халықпен бірге зардап шек­тік. Біздің ақша төлеп тарт­тыр­ған электр желілеріміз жанып кетті, халыққа жарық жеткізіп отырған мүлкімізге зиян келді. Сондықтан біз өз шығынымызды есептеп жатырмыз, дизель генераторының оты­нын да санаймыз. Кінәлі та­рап анықталғанда келген шы­ғын көлемін ұсынып, орнын толтыру­ды талап етеміз», – дейді ол.

Оның айтуынша, тәулікке жуық уақыт жарықсыз қалған сауда орындары да шығындарын есептеп, сотқа жүгіне алады.  

Брифингте «Левобережная» 110/10 кВ шағын стансасының кабельдерінің жану себебі туралы ештеңе айтылмады. Белгілісі, Сығанақ пен Ақмешіт көшеле­рі­нің қиылысындағы жерасты электр желісіндегі кабельдің 60 метрі жанған. «Өрттің себебін комиссия анықтасын, ал кабельді кім көрінген ашып көре алмайды да, өрт қоя алмайды да» дейді әкімдік өкілдері.

БАҚ өкілдерінің сұрағына берілген жауаптан түйгеніміз: өртен­ген кабельді орнатуға тап­сырыс берген «Астана ЛРТ» ком­паниясы, ал орындаушы бас мердігер   «Құлагер» ЖШС екен. Кабель 2017 жылы салынған.

Есте болса, былтыр қазан айын­да Есілдің сол жағалауы жа­рық­сыз қалған еді. Ол кезде құ­рылыс жұмыстары кезінде «Шұ­бар ұяшығы 405» шағын станса­сы­ның кабелі қиылып ке­тіп, Шұбар шағынауданы, Сарай­шық пен Қонаев көшелері, «Нұр­сая», «Арайлым», «Лазурный квартал», «Жаңа әлем», «Версаль» тұрғын үйлерінің халқы жарықсыз қал­ған-ды. Сол кезде апатқа кінә­лі тарап, яғни құрылыс ком­паниясы жауапқа тартылады де­ген бола­тын. Алайда одан кейін компа­ния­ның жауапқа тартылға­ны туралы ешбір дерек айтыл­мады, біз де таба алмадық. Кешегі апат­қа кінәліні де былтыр­ғыдай елеу­сіз ұмыт қалдырмаса болға­ны...


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ