АУЕ: қылмысқа шақыратын ұран

АУЕ: қылмысқа шақыратын ұран

Кейінгі кезде ғаламторда «АУЕ» деп аталатын әртүрлі топ көбейіп кетті. Ірілі-ұсақ­ты қалалардың қал­тарыс көше­лерінен де ара-тұра сондай жазуларды көзіміз шалып жүр. Бір қарағанда, еш­кімге зия­ны жоқтай көрінетін үш әріп нендей мағына білдіреді? Жас­өспірімдерге түрме заңын дә­ріптеп, қылмыс әлемінің ере­жесін ежіктеп түсіндіретін сайт­­тар кімнің мүддесін көз­дейді? Ресейде экстремистік ұйым деп танылған қозғалысқа Қазақстан неге тыйым сал­майды?

АУЕ – қысқарған сөз. Мамандар оның мағынасын «Арестантский уклад един» («Түрме тәртібі ортақ») немесе «Арес­тантское уголовное единство («Түрме­лестердің қылмыстық бірлестігі») деп тарқатады. Қозғалыстың әуел бастағы мақ­саты – абақтыдағы ішкі ережелерге бағынып, ұрыс-керістерді пышақ қол­данбай, қан төкпей, бейбіт жолмен шешу еді. АУЕ идеологтары «сотталғандар – бір әлемнің адамы» деген қағиданы ұқтыруға талпынғанға ұқсайды. Алайда қазір АУЕ түрме қабырғасынан шығып, жастар ара­сында етек жайып барады. Әсіресе, көрші Ресейде өзінше бір субмәдениетке айналған. Бастапқы прин­циптері де біршама өзгеріске ұшыраған. Қозғалыстың ендігі мақсаты – түрме дегенді өңі түгіл түсінде көрмеген балаларға ұрылардың ұғымын (воровское понятие – ред.) сіңіру, зорлық-зомбылықты наси­хаттау, құқық қорғау органдарын жек­көрінішті қылу. Ресейдегі атышулы қылмыстарға, түзеу мекемелеріндегі көтерілістерге, түрмеден қашу оқиғаларына, жаппай тәртіп­сіздіктерге, желіде экстремистік мате­риалдар таратуға АУЕ-нің тікелей қатысы бар. Тіпті, бұл туралы мәлімет Путиннің де құлағына жеткен. Мәселен, биыл Ресейде 14 және 12 жас­тағы АУЕ мүшелері 8 жасар баланы аяусыз ұрып-соғып, артынша зорлап тастаған. Олардың пікірінше, жәбірленген бала ұрылардың ұғымына сәйкес түрме кодексін бұзған. Амал қанша, екі жасөспірімнің кішісі кәмелетке толмағандықтан, жазадан құтылып кетті. Былтыр Чита облысында АУЕ бандасы бүтін бір ауылға салық салып, жергілікті тұрғындардың төбесіне әңгіртаяқ ойнатқан. 2011 жылы Забайкальск аймағында 20 адамнан құралған қылмыстық топ жеке­меншік фирмаға шабуыл жасағанда АУЕ туралы алғашқы ақпараттар там-тұмдап жариялана бастады. Қарақ­шылардың барлығы дерлік толық отбасында өскен, бірақ АУЕ идеясымен уланған жастар екен. Көшедегі көлденең көк аттыларға себепсіз соқтығу, дүкен тонау, полиция қызметкерлерін сабау – АУЕ-нің үй­реншікті әдеті. 2018 жылы Свердлов облысында Дмит­рий Рудаков деген 20 жастағы мүгедек жігіт АУЕ мүшелерінің қолынан қаза тапқанда орыс қоғамы ерекше шулады. Алдын ала сөз байласқан 14-16 жастағы төрт бозбала Дмитрийден темекі сұрап, гаражға ертіп апарып, асқан қатыгездікпен тепкілеп өлтірген. Қысқасы, Ресейде соңғы үш жылда АУЕ идеологиясын ұстанатын 31 ұйымның жолы кесіліп, 470 адам жауапқа тартылған. Тамыз айында Ресейдің жоғарғы соты АУЕ-ні экстремистік ұйым деп таныды. Бұдан былай қозғалыс идеясын насихат­тағаны үшін 12 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру немесе 700 мың рубль айыппұл салу жазасы қарастырылған. Бы­лайша айтқанда, заң АУЕ мүшелерін фашистермен, радикал-исламистермен теңестіріп қойды. Интернеттегі цифрлар жаға ұстатады. Жалпы, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде АУЕ қозғалысын дәріптейтін мыңдаған топ құрылыпты. 4 231-і Ресейде анықталған, оған 9 млн 160 мың адам жазылған. Украинаға тиесілі 1 631 топты 13 млн қол­данушы оқиды екен. Әзербайжанда 40 топ, Арменияда 22 топ, Грузияда жеті топ, Беларусьте 515 топ, Молдовада 21 топ ашылыпты. Қазақстанда 539 топ, 142 мың қолданушы тіркелген. Ал Lenta.ru сайтының дерегіне сенсек, біздің елде АУЕ 60 мың азамат АУЕ идеясымен әуестенеді екен. Басылымның мұндай ақпаратты қайдан алғаны белгісіз, бірақ жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтыны бесенеден белгілі. Бір жақсысы, 2011-2017 жылдар аралығында Үкімет орындары арнайы заңсыз-ақ әлеуметтік желіде осы қозғалыстың бір­шама контентін бұғаттапты. Бірнешеуіне кіруге тырысып едік, «Қазақстан Рес­публикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінің тала­бына орай бұл материал ҚР аумағында бұғатталған» деген мәтінге тірелдік. Бұған да шүкір дестік. Рас, АУЕ деп ат қойып, айдар тақпаса да, ұрылардың ұғымы сонау Ресей империясында пайда болып, Кеңес Одағында жалғасып, өткен ғасырдың 90-жылдары бүкіл ТМД көлемінде өрттей өршігені мәлім. Осы бір өлермен құбылыс үлкеннен кішіге, ағадан ініге, сыныптан сыныпқа жұққан. Қазақстанда 1991-1995 жылдары түрлі дәрежедегі миллионға жуық қылмыс тіркелсе, басым көпшілігін көшеде «тәрбиеленген» жасөспірімдер жасапты. Әлі де өзгерген нәрсе шамалы. Статистика төмендегенімен, сана сол қалпында қалған сияқты. АУЕ заңын ту еткендер ұрылардың ұғымын өз тұрғыластарына күштеп таңады. Әлсіздерден ақша бопсалап, оны түрмедегі «общакқа» жібереміз дейді. Бағынбаған балаларды қорқытады, мазақтайды, орта­дан шеттетеді. Кім топтан бөлінгісі келеді дейсіз. Бірен-сараны болмаса, көбі «авто­ритетін» қызғыштай қорып, соның жо­лында бәрін істеуге дайын тұрады. Жасөс­пірімдер қылмысының бір себебі осында жатқаны анық. Құқық қорғау органдары үнсіз. Қа­зақстанда әлі күнге дейін АУЕ-нің қатысы бар дейтін бірде-бір қылмыс тіркелмепті. Бірақ Ақтөбе мен Өскемендегі өңірлік басылымдардың осы мәселені қозғап, дабыл қаққаны есімізде. Өз басымыз Алматы мен астананың қағаберістегі қуыс-қуыс­тарынан «АУЕ. Жизнь ворам» деген жазу­ларды талай көрдік. Осы мақаланы жазуға түрткі болған да сол.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ