Облыс әкімі Еңбек ардагеріне құрмет көрсетті
Облыс әкімі Еңбек ардагеріне құрмет көрсетті
5,129
оқылды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Еңбек ардагері, «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатовты 80 жасқа толу мерей­тойымен құттықтады. Аймақ басшысы мерейтой иесінің ғи­братты ғұ­мыры өзгелерге үлгі, жастарға өнеге екенін айтып, ұзақ ғұмыр, шығармашылығына зор табыс тіледі.

– Аймағымыздың қоғамдық-саяси өміріне белсенді ара­ласып жүрген құрметті азамат­тарымыздың бірісіз. Түрлі ба­сылым беттерінде адами қа­сиет­терді ұлықтайтын, ұрпақ тәр­биесіне байланысты эссе, оч­ерк мақалалар, «Мәуелі мезгіл» ғұмыр­баяндық және ата-бабалар ұста­нымдары жайлы «Болмыс» атты кітап жазып, құнды мұра қал­дырдыңыз. Сіздің еңбек жолыңыз өскелең ұрпаққа өнеге болары анық. Бүгінгі мерейтойыңыз құтты болсын! – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова. Бұдан соң аймақ басшысы Еңбек ардагері Сәпен Аңсатовқа Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстап, иығына шапан жапты. Кездесуде облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен облыстық мәслихаттың депутаты Шәкизада Әбдікәрімов мерейтой иесінің өмір жолынан естеліктер айтып, елге сіңірген еңбегінің орасан екенін жеткізді. Өз кезегінде Сәпен Аңсатов құрмет көрсетіп, еңбегін елеген аймақ басшысына алғысын жеткізді. Сәпен Аңса­тов 1940 жылы 21 қарашада Қы­зыл­орда облысы, Қармақшы ау­даны, Жосалы кентінде дүниеге кел­ген. 1975 жылы Қызылорда қа­ласындағы «Комсомол» совхоз тех­никумын техник-механик ма­мандығы бойынша, 1984 жылы Жамбыл су шаруашылығы құ­рылысы институтын инженер-ме­ханик мамандығы бойынша сырт­тай оқып бітірген. 1958-1976 жылдары Жосалы механикалық зауытында токарь, слесарь, мастер, механикалық цех бастығы, комсомол, кәсіподақ ұйымдарының жетекшісі. 1977-2000 жылдары Қызылорда ағаш өңдеу, силикат қабырғалық ма­те­риалдар зауыттарында, мұ­най базасында директор, «Қызыл­орда мұнай өнімдері» АҚ вице-президенті, «Сырдария мұ­най өнімдері» АҚ президенті қызмет­терін атқарған. 2000 жылдан бастап зейнетте.

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы