Тұрғындарға жаңа баспана берілді

Тұрғындарға жаңа баспана берілді

Атырау облысындағы Қарабатан стансасының тұрғындары облыс орталығының «Жұлдыз» ықшамауданындағы үйлердің біріне көшірілді. Бұл туралы «Ақ Жайық» сайты  хабарлады.

Ақпарат көзінің мәліметіне қарағанда, Қарабатан стансасының 210 тұрғыны Атырау қаласындағы ықшамауданның біріне қоныс аударған. Оларға  екі бөлмелі 27 үй берілді. Ал қарабатандықтардың қалаға қоныс аударуына  стансадағы әлеуметтік және  экологиялық ахуал себеп болған. Газы, жолы мен жарығы жоқ станса тұрғындары біраз жылдан бері өздерін қалаға көшіруді сұрап жүрген еді. Ақыры Атырау қаласының әкімдігі оларды қалаға көшіру үшін кешенді шаралар қабылдады. Сөйтіп, «Болашақ»   зауытына жақын орналасқан аумақтың тұрғындары жаңа мекенге қоныстанған жайы бар.  Сонымен қатар  облыс орталығындағы  тозығы жеткен үйлер мен  жатақхана тұрғындарын да жаңа қонысқа  орналастыру ісі жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, қаладағы 5 үй мен 5 жатақхана  тұрғындары жаңа пәтерге көшті. Жыл соңына дейін Молдағалиев, 30, 33 және Төлебаев, 44 мекен-жайындағы жатақханалардың тұрғындарын жаңа пәтермен қамтамасыз ету мәселесі шешілмек.

Ж.ҒАЛЫМ