«Соңғы муза»: кино туралы Соңғы сөз емес
«Соңғы муза»: кино туралы Соңғы сөз емес
262
оқылды
«Соңғы муза»  «Abai tv» эфиріне  шыққанына да көп болған жоқ. Неге «Соңғы муза?» Аты да, заты да қызық бағдарлама бізді өзіне әуелі осылай еліткені анық. «Соңғы муза» қазақтілді көрерменге арнап, әлемдік авторлық кинотуындыларды талдап келеді.  Мұндай бағдарлама қазақ телевизиясында алғаш рет ұсынылып отыр. Хабар жас кинематографтарға авторлық кино жанрын кәсіби тұрғыдан талқыға салатын, сол арқылы отандық кино проблемаларын көтеретін қазақтілді телеалаң ұсынуды көздеген екен. Осы мақсатта бағдарламаға атақты мэтрлар ғана емес, кино академиясының жоғары курс студенттері, жас режиссерлар мен ынталы көрермен шақырылып келеді. «Авторлық фильмдерді сатып алу коммерциялық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, кинопрокатқа шықпайды, алайда, бұл туындылар әлемдік кинофестивальдерде нағыз өнер жауһары ретінде мойындалған. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін олардың көбі қазақтілді көрерменге ұсынылған жоқ. Сол себепті «Соңғы муза» хабарын «Қазақстан» телерадиокорпорациясы тарапынан жүзеге асырылып отырған үлкен эксперимент әрі ағартушылық биік мақсатты көздейтін жоба деп есептеуге болады», – дейді бағдарлама жүргізушісі Д.Әбдік. 16 қазаннан бастап көрерменге жол тартқан бағдарлама бірнеше авторлық кинотуындыларды талдап үлгерді. «Соңғы муза» дегеніміз – кино. Яғни, өнер, кино өнері жайында» дейді хабардың жүргізушісі Дархан Әбдік.  Ең алғаш Чарли Чаплиннен басталды. Әлем жауһарына айналған озық фильмдер қатарында Чаплиннің де көркем туындылары бар. Соның бірі – «Үлкен қала оттары». Америка кино сыншылары «Әлемнің үздік туындысы» санаған өнер жауһарын қазақтілді киногер қауым да үздік деп бағалайтыны анық. Бұл бағдарламаның ерекшелігі неде? Чаплинді білмейтін көрермен кемде-кем. Оның кинотуындылары әлемге кең таралған. Осы тұрғыдан келгенде, бағдарламаның қызығы бола ма деген ой туындайтыны анық. Рас, Чаплин туындыларын түсіруде көрермен білмейтін де беймағлұм тұстары өте көп. Мәселен, «Үлкен қала оттары» – ұзақ уақыт, яғни 3 жыл бойы түсірілген екен. Сатыбалды Нарымбетовтің сөзімен айтқанда, «кейіпкерін суға да, отқа да салады». Күлкілі комедия жанрында түсірілген фильм дерсің. Бірақ бір ауыр мұң бар. Әртүрлі ситуацияға негіздеп түсіретін Чаплин «Үлкен қала оттарында» мүлдем жаңа бағытты ұстанғандай. Чаплин киноларының өміршеңдігі де осында. Ол сол заманның бейнесін көрсетті. Бірақ біз сол көріністерден тым алшақтап кеттік пе? Адам жанын ұғу, байлық пен кедейліктің алшақтығы,  әлеуметтік қайшылықтар – тым алысқа ұзап кетпеген секілді. Сол көріністерді Чаплин түсіріп кетті. Біз әлі күнге сол фильмдерге қызыға қараймыз. Бұл Чаплин киносында ғана «Соңғы муза» талдаған бірқатар авторлық фильмдерден де байқауға болады. Иран мәдениеті қандай болды? Кеше қандай еді, бүгін қалай? Осы сауалдардың түйінін «Үнсіздікте» тарқатылғандай. Режиссер Махмальбаф – Иран кинематографиясының жаңа толқыны».  Әлемнің түрлі кинофестивальдерінде үздік атанып жүрген режиссер өкінішке қарай өз еліне жете алмайды. Қазір ол Лондонда тұрады. Махмальбафтың трагедиясы – осында. Өте күрделі тұлға. Оның тағдыры талай-талай бағдарламаларға жүк болары анық. Иран киноиндустриясы туралы әңгіме бір ғана хабармен шектелген жоқ. Сарапшылар «Шиенің дәмін» де талдап, талқылап, кем-кетігін түгелдеп, авторлық фильмнің жетістігін де айтып берді. «Шиенің дәмі», «Бәрімізді жел ұшырады» фильмдері – Иран режиссері Аббас Киаростамидің үздік туындылары. Ол – магикалық лиризмді сіңіре білген, философиялық ой-толғамын жеткізе алған шебер режиссер. «Соңғы музаның» артықшылығы неде? Онда біз, яғни көрермен біле бермейтін тың деректер табуға болады. Фильмнің бүге-шүгесіне дейін талдап, құпиясымен бөліседі. Режиссер шеберлігін ортаға салады. Кем-кетігін айтады. Әрине, авторлық фильмнің бір құдіреті – онда қарапайым көрермен байқай бермейтін құбылыстар бар. Ол – шынайы, өмірден алынған нақты бір деректерге сүйене отырып, суреттелетін туынды. Оның бояуы қалың болмауы мүмкін. Бастысы, бұл фильмдердің барлығы дерлік әлемдік кинофестивальдерде шынайы бағасын алып жүрген шығармалар. «Abai tv» арнасы жалпы 130-дан астам шетелдік фильмді қазақ тіліне аударып ұсынбақ. Оның ішінде «Оскар» иегері «Король сөзі», «Құлдықтағы 12 жыл», «Аспан балалары», «Үздік әйел рөлі» аталымы үшін «Алтын глобус» жүлдесін алған «Жан айнасы» фильмдері, Ч.Чаплиннің «Үлкен қала оттары», «Жаңа дәуір», ирандық режиссер А.Киаростамидің «Шиенің дәмі», «Бәрімізді жел ұшырады», «Өмір-өзен», америкалық режиссер М.Флэнаганның «Әуен құдіреті», америкалық кинематографист Д.Леонеттидың авторлық туындылары бар. Сондай-ақ бағдарлама көрерменге картина желісінен тыс қалатын оператор жұмысының ерекшеліктерінде айтып отырады. «Соңғы музаның» бұл соңғы хабарлары емес. Әлі де көрерменіне ұсынатын тың туындылары бар. Сондықтан, көрейік! Баға берейік! Бағамдайық!