23 жастағы жігіт отқа оранып, қаза болды
23 жастағы жігіт отқа оранып, қаза болды
97
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер түсініксіз жағдайда күйік алған 23 жастағы жігіттің өліміне қатысты тергеуді бастады.

Polisia.kz-тің мәлімдеуінше, оқиға 19 қараша күні СҚО-дағы Бескөл ауылында болған. Петропавлдың 23 жастағы тұрғыны төрт досымен жеке тұрғын үйлердің бірінде сауық құрған.

Жолдастарының айтуынша, сол күні таңертең ол от жағатын үйге темекі шегуге кіріп кеткен. Біраз уақыттан кейін жігіт ол жақтан отқа оранған күйі атып шыққан. Достары оған көмектесіп, оның үстіндегі жалынды өшіріп, бірден жедел жәрдем қызметін шақырған. Ал от жағатын үйден ішінде еріткіш заты бар жанып жатқан канистр бар болып шыққан.

Зардап шеккен жігіт аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Ол сол күні кешке жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бабы бойынша енгізілді. «Сот-медициналық және өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Істің мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - дейді Қызылжар аудандық полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.