Мегақұрлық жаңа мүмкіндіктерін ұсынады
Мегақұрлық жаңа мүмкіндіктерін ұсынады

Қазақстан жаһандық бітімгершілік миссиясын жалғастыруда. Бұл жолы Корей тү­бегіндегі жағдайды түбегейлі реттеу үшін кезінде Елбасының бастамасымен құрылған Азия­дағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) алаңы ұсы­нылды. Бұл бастаманы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Astana Club-тың бесінші отырысында жария етті.

«Астана клубының» басқосуы дүйсенбі кү­ні басталды. Елбасы оның екінші күнінде өт­кен басты шарасы – пленарлық отырысына қа­тыс­ты.

Н.Назарбаевтың айтуынша, Еуразиялық ме­гақұрлықтың барған сайын өркен жайып келе жатқан ішкі көлік байланысы адамзатқа бірлесе да­му үшін тарихта бұрын-соңды болмаған мүм­кіндіктер ұсынып отыр. Өкінішке қарай, кей­бір державалар керісінше, елдер арасына сы­на қағуға құмбыл. Осы орайда, Елбасы қа­лып­тасқан қауіп-қатерлерден арылу және «Үл­кен Еуразиядағы» ынтымақтастықтың жаңа перс­пективаларын ашу үшін ашық және адал диа­логке шақырды.

Н.Назарбаев төрткүл дүниенің әр атыра­бын­да қақтығыстар мен геосаяси текетірестердің кең ауқымда өршуі үрдісінің белең алғанына на­зар аударта келе, Еуразиядағы геосаяси ахуалға те­ріс әсер ететін негізгі тәуекелдер мен сын-те­геуріндерге қатысты төл көзқарасын білдірді.

– Бізді әлемдік экономиканың жағдайы алаң­датады. Ол дағдарыс төніп келе жатқанын бар­ған сайын айқынырақ паш етуде. Дүние­жү­зінде сауда қарама-қайшылықтарының ушығуы мен геосаяси тұрақсыздық ауанында жаһан­дық институттар көңіл көншітпейтін бол­жамдар жасауда. Жаһандық өсудің баяулауы ха­лықаралық саудаға теріс ықпал етуде. Осы фак­тордың барлығы әлемдегі тұрақтылықты бұзады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы алпауыт державалар ара­сындағы санкциялық және сауда соғыс­тары­на алаңдаушылық білдірді.

– Жетекші державалар арасындағы тайталас ав­то­матты түрде Еуразияның өне бойындағы көп­теген шиеленіс ошақтарына көшірілуде. Бұл Сирия мен Украинадағы онсыз да күрделі дағ­дарысты бейбіт жолмен шешу процесін одан ары қиындата түсуде. Ал Брексит кейінгі кездегі антиинтеграциялық басты оқиғаға айналды, – деді Тұңғыш Президент.

Сондай-ақ Елбасы бүкіл Еуразия кеңіс­тігін­дегі бақылаусыз кеткен милитаризация про­цесіне және әлемдегі көшбасшы мемлекеттер қақ­тығысының технология саласына ауысуына бай­ланысты туындаған жаңа қауіптерге тоқ­талды.

– АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің артуы жаһандық технологиялық тізбектердің бұзылуына соқтырып, әлемдік жоғары тех­но­логиялар нарығын тұрақсыздандыруда. Жа­санды интеллектінің дамуы да өрістеуде, ол үлкен мүмкіндіктерімен қатар, орасан зор қауіп әкелуде, – деді Н.Назарбаев.

Бұған қоса, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Таяу Шығыстағы ахуалға ерекше мән-маңыз бере кетті.

Елбасы Еуразиядағы қауіпсіздік жүйесін қай­та жандандыру және оны жаңа сапалы көзқараста түзу үшін Үлкен Еуразияда жаңа «ойын ережелерін» анықтауға бағытталған бір­қатар практикалық шаралар ұсынды. Мә­селен, Н.Назарбаевтың байламынша, кон­тинент көлемінде құрылған халықаралық ұйым­дар – ЕҚЫҰ мен АӨСШК-ті біріктіру бар­лық елдерге әлдеқайда көбірек тиімділік әкелуі ықтимал.

– Жалпықұрлықтық қауіпсіздік архитек­тура­сын қалыптастырудың негізгі тәсілдерін сыни тұрғыдан қайта қарау қажет. Келесі 2020 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясының қабылданғанына 10 жыл толады. Онда Еу­роатлантика және Еуразия қауіпсіздігінің бір­тұтас қауымдастығын құрудың маңыздылығы көрсетілді. Бұл мәселелерді Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының әлеуеттерін бірік­тіру арқылы тиімді шешуге болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан бөлек, Тұңғыш Президент «Жаһан­дық көшбасшылардың ядролық қарусыз әлем үшін альянсын» құру туралы бастама көтерді. Альянс ядролық қарусыздану мен оны таратпау идеяларын ілгерілететін беделді жаһандық тұғырнамаға айналуы тиіс.


– Біз ядролық қарусыздану туралы қол­да­ныстағы келісімдердің эрозиясын тоқ­тату қажетін әлденеше рет айттық. Келер жы­лы Ядролық қаруды таратпау шартына ар­нал­ған шолу конференциясы өтеді, соның қар­саңында осы құжаттың негізгі ережелерін әм­бебаптандыру жайында қайтадан ойлана бастағанымыз абзал. Шарттан шығатындар үшін халықаралық жауапкершілік шараларын қатайту, оларды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің деңгейінде тиісті қарарлармен бекіту керек деп санаймын, – деді Елбасы.

Сонымен бірге Н.Назарбаев ядролық державаларды Солтүстік Кореяға қауіпсіз-діктің пәрменді кепілдіктерін ұсынуға үндеді.

– Менің ойымша, мәселенің жалғыз ше­шімі – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің барлық мү­шелері тарапынан Солтүстік Кореяға қауіп­сіздіктің пәрменді кепілдіктерін әзірлеп, ұсынуы болмақ. Бұл КХДР-ды өзінің ядролық бағдарламасын тоқтату бойынша тиісті келісімдерді тезірек бекітуге итермелер еді. Сондай-ақ Корей түбегіндегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған Пхеньян мен Сеул арасындағы сенім шаралары каталогын жасау қажет, – деп осы барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау үшін АӨСШК алаңын қолдануды ұсынды.

Тұңғыш Президент Ресей мен Украина ара­сындағы түйткілдердің түйінін тарқату, сондай-ақ Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақ­ты­ғысты бейбіт жолмен реттеу мақсатында Владимир Путин мен Владимир Зеленский жеке кездесіп, келіссөз жүргізуі үшін бейтарап алаң ретінде Қа­зақстанды ұсынды.

– Ресей мен Украина президенттері өзге ел­­дерді араға салмай, ортаға қоспай, жеке әрі бетпе-бет жүздесуі керек деп санаймын. Тек осылай өзара келісімге келуге болады. Се­бебі бұл – екі мемлекет арасында шешілетін мә­селе. Барлық мемлекеттің жұмылуы жөнсіз, олар бұл іске басқа ниетпен қыстырылуы мүм­кін, – деген Нұрсұлтан Назарбаев «бет­пе-бет» форматында кездесуге Владимир Зе­ленскийдің келісімін алғанын және бұл жайын­да В.Путинге хабарлағанын мәлімдеді.

– Еуразияның болашағы – біртұтас қауым­дас­тықтың құрылуында, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Ал оның тірегі – континенттің негізгі интеграциялық бірлестіктері ара­сын­дағы жүйелі экономикалық диалог болуы керек. Еуразиялық экономикалық одақ, Еу­ропалық Одақ, ШЫҰ, Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің қауымдастығы және «Бел­деу және жол» бастамасы арасындағы праг­ма­ти­калық ынтымақтастық Үлкен Еура­зия­ның құрылуына қуатты серпін береді. Бұл ғалам­шарымыздағы ең үлкен құрлықтың бү­кіл сая­си кеңістігін тұрақтандырады. Мен осы уа­қытқа дейін Еуропалық Одақ пен Еура­зия­л­ық Одақ арасында толыққанды диалогтің ор­на­тылмауын ақылға қонымсыз санаймын, – деді ол.

Осы мақсатта Елбасы «әкімшілік тетікті» іске қосуға дайын. Жоғарғы Еуразиялық эко­номикалық кеңесінің құрметті Төрағасы ре­тіндегі құзырын пайдаланып, ЕО–ЕАЭО ара­сын­дағы серіктестіктің диалогтік механиз­мін енгізу үдерісіне жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін мәлімдеді.

– Қазіргі жағдайда континентіміздегі барлық ел­дер тар регионализм мен одақтық ой­лау шеңберімен шектеліп қалмауы тиіс. Керісінше, бәріміз «еуразиялық ка­те­го­риялармен» кең ау­қымда ойлауымыз қа­жет. Сонда ғана біз еура­зиялық «супер­кон­тиненттің» зор әлеуетін іске асыра аламыз. Бү­гінде дәл біздің клуб «Үл­кен Еуразия» деп аталатын жаңа геосаяси құры­лымның идеологиялық платформасы ре­тін­де әрекет етіп жатқаны қуантады, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев өза­­ра тиім­діліктің бүгінгі деңгейі барлық қиын­­дық­тарды еңсеруге мүмкіндік беріп, Еура­зия­ның гүлденіп, өркендеуіне сенім білдірді.