79 миллиард игерілмеді. Неге?

Меморгандардың созылмалы дерттей сипат алған бюджеттік қаржыны «қорыт­пауы» жазылмайтын кесел көрінеді. Одан арылту үшін Қаржы министрлігі түрлі тәсілді қолданды. Нәтиже шамалы. Деректерді Үкімет отырысында Бірінші вице-премьер – Қаржы министрі Әлихан Смайылов қынжыла жеткізді.

Оның айтуынша, биылғы 10 айда республикалық бюд­жеттен 9 триллион 565 млрд тең­ге жұмсалған. Алайда 79 мил­­лиард теңге игерілмей қал­­ды. Рас, оның 11 млрд тең­­­­гесі үнемделген қаржы екен. Тиісін­ше, 68 миллиарды – игерілмеген қара­жат.

Бас қаржыгер миллиард­тарды өзге бағдарламалар ау­зынан жырып алып, ен­ді қажетке жаратпай отыр­ған ми­нистрліктер мен әкімдіктердің атын атап, түсін түстеп шықты.

– Ең көп игермеу келесі­лердің еншісінде: Экология, ге­о­логия және табиғи ре­сурс­­­­тар министрлігі – 10,1 млрд теңге. Білім және ғы­лым ми­нистрлігі – 9,3 млрд тең­ге. Индустрия және инно­ва­циялық даму министрлігі – 7,8 млрд теңге. Мәдениет және спорт министрлігі – 6,1 млрд теңге. Цифрлық да­му, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі – 5,1 млрд теңге, – деді ол.

Ә.Смайылов игерілмеу­дің негізгі себептері ретінде мем­лекеттік мекемелердің қайта ұйымдастырылуын, орын­дал­ған жұмыстар ак­тілерінің уақытылы ұсы­нылмауын, шарт­тар мен қо­сымша келі­сімдер жасасу рәсімдерінің созбалаңға салынуын атады.

Министрлерден әкімдер де қалысар емес. Жыл басынан бері жергілікті бюджеттің шы­ғыстары 4 трлн 705 млрд тең­гені құрады. Жергілікті билік 75 млрд теңгені игермей тастапты. Биыл өңірлерге 1 трлн 256 млрд теңге сома­сында ел қазынасынан және Ұлт­тық қордан нысаналы транс­ферттер аударылды. Алайда әкімдіктер қаражаттың тек 97,3%-ын немесе 1 трлн 222 млрд теңгесін жұмсады. Бұдан да 34 млрд теңге иге­рілмеген. Бірақ оның 7 млрд теңгесі – бюджет қара­жа­тын үнемдеу. Сонда нақты игерілмегені – 27 млрд теңге.

– Ең көп игерілмеу ке­лесі өңірлерде кездеседі: Нұр-Сұлтан қаласы – 6,1 млрд теңге, Алматы қаласы – 4,9 млрд теңге, Түркістан облысында – 3,4 млрд теңге, Батыс Қазақстан облысында – 2,9 млрд теңге. Өкінішке қарай, биыл бюджеттің үш рет нақтылануы да, екі рет тү­зетілуі де көмектеспеді. Со­ған қарамастан, орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті жерлерде 10 айдың қорытындысы бойынша қо­мақты сомаға бюджет қара­жатының игерілмеуі орын алып отыр. Сол себепті өз қызметтерінде жіберген кем­шіліктерінің нәтижесінде бюджет қаражатының осын­дай игерілмеуіне себеп бол­ғаны үшін жоғарыда атал­ған орталық және жергі­лікті мемлекеттік органдар­дың тиісті бюджеттік бағдар­ла­малар жетекшілерін жа­за­ға тартуды сұраймын! – деді Үкімет басшысына қайы­рыл­ған бас қаржыгер Ә.Смайылов.

Премьер бұл ұсынысты қолдады.

Үкімет басшысының Бірінші орынбасары қаржы игермеген министрліктер мен әкімдіктерге айыппұл салынатынын қатаң ескертті.

– Осы жерде орталық және жергілікті органдардың назарын мынаған аударғым келеді. Жақында ғана Пар­ламент бюджеттік заңнамаға тиісті түзетулерді қабылдады. Құжат бюджеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау және тиім­сіз пайдалану үшін жауап­кершілікті күшейтті. Осы бұзу­шылықтарға енді әкімшілік жауапкершілік көзделген. Әкім­шілік жазаға тек бюд­жеттік бағдарламалардың же­текшілері ғана емес, ор­та­лық және жергілікті мемор­гандардың бірінші бас­шы­лары да тартылады, – деді Әлихан Смайылов.

Осылайша, «тиімсіз» бас­шыларға жағымсыз сый бар: айыппұл салу 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.

Елдос СЕНБАЙ 

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.